Ішкі істер министрлігі 10 592 адамды жұмыстан қысқартты

7 Қараша 2019, 11:24
3890
Бөлісу:
Ішкі істер министрлігі 10 592 адамды жұмыстан қысқартты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бақытжан Сағынтаев премьер-министр болып тұрған кезде ҚР Ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы бекітілген болатын. Соған сәйкес жұмыстар басталып та кетті. 

Жол картасы 54 іс-шараны қарастыратын 9 негізгі бағыттан тұрады. Бірінші кезекте  ұйымдастыру-штаттық құрылымына оңтайландыру жүргізілген. 
Ішкі істер мен оған қарасты ведомствалардың функцияларына талдау жүргізілді. Соған сәйкес, артық деп танылған 106 басқарушылық бөлімдер қысқартылып, 1483 басшылық лауазым жойылды және ІІМ қызметкерлерінің 11%-ы қысқарды. Бұл 10592 адамды құрайды, - дейді ІІМ таратқан ақпаратта. 
Министрлік соның арқасында бюджеттен 16 млрд теңге үнемдедік деп отыр. 

Қазақстанда полицейдің халық санына шаққандағы үлесі өте көп деген сын жиі айтылады. Жол картасына сәйкес, 100 мың тұрғыны бар елді-мекенге шаққанда полиция қызметкерлерінің саны 471-ден 393-ке дейін азайтқан. Еуропада да жағдай осыған ұқсас екен. Мысалы, Бельгияда – 412, Чехияда – 383, Франция – 340 полицейден келеді. 

Жол-патрульдік полициясының саптық бөліністері патрульдік полиция болып қайта құрылды.  Бүгінгі таңда қатардағы сержант дәрежесі кезең-кезеңімен офицерлікке өтіп жатыр. Биылдың өзіңде 1 916 сержанттың шені офицерге өсті. (Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары ПД). Енді 2 445 сержант қалып отыр. 

Жол картасының екінші бағыты – қызметкерлерге еңбекақы төлеу және әлеуметтік қорғау жүйесін жақсартуды көздейді. Полицей санын қысқартудан үнемделген және бюджеттен қосымша бөлінген қаражат 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қызметкерлердің жалақысының өсуіне бағытталып жатыр.

– патрульдік полиция – 65%;
– жедел-тергеу бөлімшелеріндегілер – 55%;
– учаскелік полиция қызметкерлері (ИДН) және оқытушылар – 25%;
– полиция және қылмыстық-атқару қызметі саласындағы басқа қызметкерлерінің жалақысы  20% артты.

Одан бөлек, тұрғын үйді жалдағаны (жалдағаны) үшін өтемақы алатын қызметкерлердің тізімі кеңейтілді. Жедел-тергеу бөлімшелерімен қатар бұл құқыққа учаскелік полиция қызметкерлеріне, ювеналды инспекторлары және патрульдік полиция қызметкерлері де ие.

Біз өз қатарымызда 10% қысқарту жүргіздік. Бірінші кезекте ІІМ орталық аппаратын 15%-ға, басқару аппаратын аудандық буынға дейін төмендеттік. 10% қысқарту есебінен патрульдік полицияның жалақысын 65%-ға көтереміз. Көшедегі адамдармен қарым-қатынас жасауға бірінші болып шығатын патрульдік полиция қызметкерлеріне ең төмен жалақы төленеді. Мәртебені көтеру үшін, сыбайлас жемқорлықты төмендету үшін және күрделі еңбек жағдайлары үшін жалақыны көтереміз, - деген болатын ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев жаз айында "Нұр Отан" партиясының қоғамдық қабылдауында.

Ішкі істер министрі 120 мыңнан аса табыс табатын қазіргі тергеушілер мен жедел уәкілдердің жалақылары 1 шілдеден бастап 170 мыңға жуық болатынын да айтып еді. 

Үшінші бағыты – кадрларды іріктеу және даярлау. Ведомстволық білім беруді жаңғырту. Бұл бағытта да істелініп жатқан жұмыстар баршылық. 

Құқық қорғау саласын, соның ішінде ішкі істер органдарын реформалау – атқарылатын маңызды жұмыстардың бірі. Себебі, реформада айқын айтылғандай, кадрларды іріктеу, даярлау және ілгерілету жүйесі қайта қарастырылды. Ведомстволық білім беру ісі айтарлықтай өзгерді. Мамандарды даярлау үшін сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи полиция академиялары қажет. Осы мақсатты іске асыру үшін ішкі істер министрлігіне тиесілі 12 оқу орнының үздік бесеуі ғана қалдырылып отыр. Оларға мейлінше білікті оқытушылар іріктеліп алынып, жоғары жалақы төленетін болады.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Теміртау, Қостанай, Семей және Ақтау қалаларының жоғары оқу орындары жабылды. Бұл қатарда қылмыстық атқару жүйесі комитетінің сержанттарын дайындайтын Павлодардағы оқу орны да бар.

Өзгелердің жаңалығы