Израильдік ғалым: Анамды қазақтар аман алып қалған

29 Ақпан 2020, 12:10
5491
Бөлісу:
Израильдік ғалым: Анамды қазақтар аман алып қалған
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Йорам Харпаз – Израильдегі Бейт Берл колледжінің аға оқытушысы. Педагогика ғылымдарының докторы – өзін қазақ халқына қарыздар санайды. Себебі Қазақстанға жер аударылған анасын жергілікті халық аман алып қалған. Елімізге іс-сапармен келген Йорам Харпаз өз әулетінің жан түршігерлік тарихымен BAQ.KZ тілшісімен бөліскен еді.

Қазақстанға қош келдіңіз! Елімізге жолыңыз жиі түсе ме?

- Жиі келудің орайы туа бермейді. Дегенмен, бірнеше мәрте іс-сапарда болдым. Өйткені мені Қазақстанмен көп дүние байланыстырады. Анама мейірбан қазақ халқы кездеспесе, мен де осы дүниеге келер ме едім, келмес пе едім? 1939 жылдың қыркүйегінде фашистік Германия Польшаға басып кіргенін тарихтан бәріміз білеміз. Сол күннен нағашы атамның отбасы үшін нағыз қиын-қыстау кезең туады. Варшавада тұратын еврейлердің барлығы жан-жаққа қашуға мәжбүр болған. Анамның айтуынша, нағашы атам, әжем, анам және оның ағасы мен сіңлісі бассауға іздеп, Ресейге бет алады. Ойламаған жерден атам немістердің қолына түсіп қалады. Содан кейін отбасы оны көре алмайды. Кейін анықталғанындай, атам концлагерге қамалып, сол жерде фашистер қолынан ажал құшқан.

- Қалған отбасы мүшелерінің тағдыры не болды?

- Әжем 3 баласын алып, қашады. Сол кезде жаяу, ат, пойыз – біз сөзбен айтқанда жолда қандай көлік кездессе соған мініп, ақыры Ресейге жетеді. Оларды ГУЛАГ-қа жібереді. Әжем орман шаруашылығында ағаш кесуші болып жұмыс істейді. Осылайша тоз-тозы шығып, өлместің ғана күнін кешіп жүрген отбасы тағы да қара жамылады. Аштық пен ауыр жұмыс, қақаған аязға шыдай алмаған нағашым кәмелетік жасқа толмай дүние салады. Анам сол жылы қардың қалың жауғандығы сонша, қабір қазуға мүмкіндік болмағанын жылап отырып еске алып айтқаны бар. Ағасының денесі көмілмей 3 ай қар астында жатқан. Анасы үшін бұл не деген азап десеңізші? Көктем келіп, қар ерігенде ғана марқұмның мүрдесі жер қойнауына тапсырылған екен.

079A0948.JPG

- Анаңыздың Қазақстанға қалай келгені жайында айта отырсаңыз?

- ГУЛАГ-та жүрген әжем екі қызымен Қазақстанға жер аударылады. Қай өңір екенін өзі де нақты айта алмады. Біраз уақыт өткеннен кейін анасы, сіңлісі үшеуі Алматыға көшеді. Соғыс жылдары ауруханалардың біріне медбике қызметіне қабылданады. Осылайша уақыт өтіп жатады. Бірде анасы енді бой жетіп келе жатқан қыздарына қатты сырқаттанып жүргенін жеткізеді. Күндердің күнінде нағашы әжем үйден шығып кетіп, қайта оралмайды. Сол кезде анам 12 жаста болса керек. Сіңлісін көшедегі асханалардың біріне тастап кетіп, өзі шарқ ұрып, ауруханалар мен мәйітханалардан анасын іздейді. Табады. Мәйітханадан. Жасөспірім көп мүрденің арасынан шешесін таниды. Мәйітхана қызметкерлері қолына ұстатқан анасының өлімі туралы анықтаманы алып кете барады. Әбден қалжыраған бала далада жылап отырып қыстың суығына қарамастан ұйықтап қалады. Түнде жүк тиелген көлікпен жанынан өтіп бара жатқан қазақ солдаттары оны көріп, өлім аузынан аман алып қалады. Қазақ жауынгерлері анамды жылытып, сіңлісін табуға көмектеседі. Таң атысымен екеуін де балалар үйіне тапсырады. Апалы-сіңлілі қыздар үш рет жетім балалар үйінен ауыстырылады. Анам сол қиын қыстау кезеңде қанша қазақ кездестірсе, барлығынан тек жақсылық көргенін айтатын.

- Анаңыз бен нағашы әпкеңіз Қазақстанда неше жыл тұрған?

- Бес жылдан астам уақыт болу керек. Олар Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, туған-туыстарын табу мақсатында Польшаға қайта оралады. Өкінішке қарай, елге оралғанда ешкімді таппайды. Себебі олардың барлығы фашистердің қолынан қаза тапқан. Соғыс жылдарынан кейін Израиль жан-жақтағы еврейлерді Отанына жинайды. Сондай шақыртумен анам мен әпкем Израильге барады. Жауапты мекемелер оларды оңалту мақсатында екеуін екі жаққа жібереді. Қыздар ауылшаруашылығы қоғамдастықтарында еңбек етеді. Ондағы жағдай бәрі үшін тең еді. Барлығының әлеуметтік жағдайлары да бірдей. Күндердің күнінде анам әкемді кездестіреді. Марқұм әкем 5 ағайынды болыпты. Соғыс жылдарында бауырларының арасынан өзі ғана тірі қалған. Анам екеуі көңіл жарастырып, қосылады. Дүниеге үш ұл әкеліп, тәрбиелеген. Отбасымызда үш ғылым докторы бар. Бірі – философия, екіншісі – психология, және мен педагогика саласының ғалымымын.

079A8017.JPG

- Нағашы апаңыздың тағдырына да тоқталып кетсеңіз. Анаңыз екеуі екі жаққа кеткенде байланыс үзіліп қалған жоқ па?

- Нағашы әпкем ұзақ жасады. Тұрмысқа шығып, Нью-Йоркке көшіп кеткен. 85 жасқа келді. Анам екеуі аталарымыздың жасамаған жасын көрді. Шешем менің қолымда болды. 90-ға қараған шағында дүние салды. Өзімді бақытты адам санаймын. Қызым бар. Әйелім психолог. Осы күнге жеткеніме шүкіршілік етемін. Қазақ халқына алғысым шексіз. Анам да үнемі Қазақстанда тұрғанда, балалар үйінде тәрбиеленгенде "еврей" деп басынушылық, кемсіту сынды дүниелер мүлде болмағанын айтып, ризашылығын білдіріп отыратын. Себебі қазақтар өзгелерді дініне, діліне, ұлтына бөлмейді, құшағын жайып, бауырына басады. Қазақ халқын ерекшелейтін де осы қасиеттер.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы