"Кәсіпкер Ана" жобасының қатысушылары бизнестерін жүзеге асыруда

6 Тамыз 2020, 19:36
1161
Бөлісу:
"Кәсіпкер Ана" жобасының қатысушылары бизнестерін жүзеге асыруда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Өткен жылы Нұр-Сұлтанда іске қосылған "Кәсіпкер Ана" жобасына қазірдің өзінде жеті жүзге жуық өтініш келіп түскен. Жоба міндеті көп балалы әйелдерге, жалғызбасты аналарға, аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға өз ісін бастауға көмектесу. Бүгінгі таңда жобада онлайн режимде оқуға 1200-ден астам өтінім келіп түсті. 

Алғашқы іріктеудің нәтижесінде 500-ге жуық әйел барлық талаптарға сәйкес келеді, ал қазір 200-ге жуық адам біліктіліктерін арттыруда. 

Инстаграм арқылы жоба туралы білген соң жаңа білім, машықтар мен дағдыларды игеруге шешім қабылдадым. Мен SMM маманы мамандығын таңдағаныма өкінбеймін. Бұл сұранысқа ие мамандық. Аудиторияны сауатты тартуды, қысқа, нақты және қызықты жазуды үйрендім. Үйден шықпай-ақ, жұмыс істеп, ақша табатыныма, балаларымды асырай алатыныма сенімім нығайды. Мен сияқты аналарға көмегі үшін "Кәсіпкер ана" жобасына алғыс білдіремін, - дейді жоба қатысушысы Жазира Орынбаева. 

Жоба туралы әлеуметтік желіден білген Меруерт Ағзамқызы да өз тәжірибесімен бөлісті. 

Жобада бізге парақшаны жүргізуді, дұрыс сатуды және басқа да тәсілдерді үйретті. "Кәсіпкер ана" жобасы маған тек копирайтинг бойынша тренингтермен ғана емес, басқалай да көп көмектесті. Жобаға бір орында тұрып қалмай, өз-өзін дамытуға тырысатын мен сияқты аналар келді. Мұнда туысқандар сияқты араласып, әлі де достық қарым-қатынасымызды үзген жоқпыз. Егер мүгедектігі бар балаңыз болса, ол үшін оңалтудың қандай да бір қорлары бар. Бірақ аналар үшін мұндай қолдау, оңалту жоқ. Сондықтан бұл жоба бізге психологиялық тұрғыдан көмектеседі. Бұл мүмкіндікті барынша пайдалануымыз керек. Мемлекет мұндай жобаларды қолдайды, өз кезегінде бұл жобалар бізді қолдайды, - деді М. Ағзамқызы. 

Еске салайық, оқыту 11 негізгі бағытта өтеді. Карантин кезінде "Кәсіпкер Ана" жобасы онлайн режимге көшті. Мұнда болашақ IT және SMM мамандары, аспазшылар, графикалық дизайнерлер, массажшылар, кондитер аспаздар, психологтар және басқалар оқытылуда. Жобаға көп балалы, жалғызбасты, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар қатыса алады.

Өзгелердің жаңалығы