Қарағанды облысында 140 елді мекеннің инфрақұрылымы жөнделді

26 Қазан 2020, 20:20
1550
Бөлісу:
Қарағанды облысында 140 елді мекеннің инфрақұрылымы жөнделді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қарағанды облысының аппараттық кеңесінде «Жұмыспен қамтудың Жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша жобаларды іске асырудың аралық қорытындылары шығарылды. Бұл туралы облыс басшысы хабарлады.

Жалпы алғанда, бағдарлама облыстың құрылыс саласына айтарлықтай серпін берді. Тіпті, жаз мезгілінде құрылысшылар мен құрылыс материалдарының тапшылығы мәселесі туындады. Бағдарлама аясында іске асырылған 625 жоба 140 елді мекеннің инфрақұрылымын жөндеп, құрылыс жүргізу кезеңінде 14,5 мыңға жуық қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. 31 жаңа нысанның құрылысы жүргізіліп, мектептер, балабақшалар, дене шынықтыру - сауықтыру кешендері, жылумен және сумен жабдықтау желілері және т.б нысандар салынып, олардың бір бөлігі іске қосылды. Қалған нысандардың құрылысы жұмыс кестесіне сәйкес аяқталады. Мысалы, Жезқазғанда ЖҚЖК бойынша модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынса, Осакаровкада бірқатар көшелер жөнделді, ал Егіндібұлақта мектеп пен мәдениет үйін және т.б. нысандарды жөндеу жұмыстары аяқталып келеді - деді Жеңіс Қасымбек өз жазбасында.

Сондай-ақ бағдарлама бойынша әлеуметтік сала мен ТКШ, көлік инфрақұрылымының 460 нысаны жөнделді. 

Осы арқылы көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген ауыл мектептері мен мәдениет үйлері ретке келтірілді. Сондай-ақ, саябақтар мен скверлерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру және көгалдандыру, балалар мен спорт алаңдарын салу бойынша 135 жоба іске асырылды. Барлық әкімдер мен басқармаларға биылғы жылдың жобаларын сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырдым.  ЖҚЖК бағдарламасын келесі жылы жалғастыру туралы шешім қабылданды. Бұл үшін қарашаға дейін жобаларды іріктеп, содан кейін оларды облыстық комиссияда бекіту қажет. 2021 жылға арналған бағдарламаның ерекшелігі тұрақты жұмыс орындарын құратын жобаларға барынша қолдау көрсетіледі. Бұдан басқа, келесі жылы ЖҚЖК-ның 50% - ы шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіруге бағытталады - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы