Қарағандыда КВИ-ге қарсы 1 млрд теңге көлемінде дәрілік препарат бар – басқарма басшысы

13 Сәуір 2021, 16:25
1633
Бөлісу:
Қарағандыда КВИ-ге қарсы 1 млрд теңге көлемінде дәрілік препарат бар – басқарма басшысы

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда коронавирус инфекциясымен күресуге қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті, материалдық-техникалық база жабдықталған. Бүгінгі таңда облыстың ауруханаларында 1 млрд теңге көлемінде дәрілер бар. Сондай-ақ госпитальдарда 4 мыңнан астам жатын орын ұйымдастырылған.

Бұл жайында Қарағанды облыстық денсаулық басқармасының басшысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласы коронавирус инфекциясының болуы мүмкін екінші немесе үшінші толқынына дайын. Егер коронавирус инфекциясының бірінші толқыны кезінде кейбір дәрілік препарат жеткіліксіз болса, қазіргі уақытта дәрілердің барлық түрі бар. Олардың ішінде қанды сұйылтатын, бактерияға, вирусқа қарсы, құрамында гормоны бар дәрілер жеткілікті. Ал енді сомасына келетін болсақ. Қазіргі уақытта 1 млрд теңгеден астам көлемінде препараттар бар. Біздің ойымызша, бұл дәрілер егер вирус таралуы жоғары деңгейде болып, сырқаттар саны көп болса, 3 айға, ал қалыпты жағдайда 6 айға жетеді, - дейді басқарма басшысы Гамал Тоқсамбаев.

Оның айтуынша, аймақтағы госпитальдардағы орын саны да жеткілікті. Материалдық-техникалық база жабдықталған.

Облыс бойынша госпитальдарда 4 234 орын болса, оның 1 654-і тек Қарағанды қаласында. Қазіргі уақытта жатын орындардың 26,1%-ы бос емес. Аймақтағы эпиджағдайдың өршуіне дейін госпиталдардың толығуы бар болғаны 7-9 пайыздан аспайтын. Өкінішке қарай, сырқаттанудың өршуі салдарынан цифрлар күн сайын өсіп келеді. Дегенменде госпитальдарда орын жеткіліксіздігі жоқ екендігін айтқым келеді. Күндіз-түні бақылауды қажет ететін азаматтардың барлығына медициналық көмек көрсетіледі. Біз өткен жылы жаз айларында орын алған олқылықтарды болдырмаймыз. Яғни болу мүмкін ушығу жағдайына толықтай дайынбыз, - дейді Гамал Тоқсамбаев.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысында 363 жасанды ауа беру аппараты бар. Оның 252-сі өткен жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен сатып алынған. Диагностикалауға арналған 40 заманауи цифрлық рентген аппараты, 26 компьютерлік томограф бар.

Өзгелердің жаңалығы