Бас жаңалықтар
Қарағандылықтар вакцина салдыруда белсенділік танытуда
PHOTO
13 Сәуiр 2021, 15:11 369

Қарағандылықтар вакцина салдыруда белсенділік танытуда

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда вакцинациялау пунктерінде екпе салдыруға келгендердің қарасы қалың. Халық ерікті түрде екпе салуға ниетті. Бүгінгі күні аймақ тұрғындарының жиырма мыңы вакцина алып үлгерген. Сәуір айының соңына дейін 217 мың адамға вакцина салу көзделуде.

Қарағанды тұрғындары вакцина салдырудың маңыздылығын түсінеді. Қаланың екпе салу орындарына вакцина алуға келгендермен тілдескен едік.

Нина Николаевна 73 жаста. Екпе алу денінің саулығы үшін керек екендігін жақсы түсінеді. Вакцина салдыруға күйеуі екеуі бірге келген.


Вакцина салдыру, не салдырмау жайлы сұрақ та туындамады. Халықты жаппай егу басталғанын естіген бетте бірден емханаға келіп, екпе салдыруға жазылдым. Бүгін сағат 12.00-де келу керектігін айтты. Алдымен сауалнама толтырдым. Сауалнамада қазіргі кездегі денсаулық жағдайы, созылмалы аурулардың бар жоқтығы, соңғы уақыттары вирус жұқтырғандармен байланысқа түскен-түспегендігіміз жайлы және басқа да сұрақтарға жауап беру қажет болды. Одан кейін медбикелер қан қысымын өлшеді. Екпе алу кабинетінен кейін арнайы бақылау аймағында 30 минут дәрігердің бақылауында боламын,- дейді Нина Николаевна.

Қарағанды қалалық №3 емхананың ғимаратында ашылған вакцинациялау орталығы бір мезетте 8 кабинетте екпе салады. Емхана басшылығының айтуынша жалпыхалықтық вакцинациялау сәуір айында басталған. Қазір мұнда күніне 300-ден астам тұрғынға вакцина салынады.


Екпе салатын кабинеттер мен бақылау аймағына бейнекамера қойылған. Вакцинациялау барысын үнемі компьютерден қадағалап отырамын. Ерікті түрде екпе салдырғысы келетін тұрғындарды сәуір айының алғашқы күндерінен қабылдай бастадық. Оған дейін медицина қызметкерлері мен педагогтарға екпе салдық. Кеше 12 сәуірде 308 адам екпе алды,- дейді емхананың директоры Сания Боранқұлова.

Екпе салдыруға келгендердің бірі - 26 жастағы Әйгерім Жексенбіқызы. Вакцина қазіргі пандемия жағдайынан шығудың бірден-бір жолы екендігін айтады.

Екпе салдыруға 12 сәуірде «Дамумед» қосымшасы арқылы өтініш тастадым. Өтінішім бірден қабылданып, бүгін емхана келу керектігі жайлы телефоныма хабарлама келді. Екпеден кейінгі жағдайым қалыпты, әзірге ешқандай жанама әсері болған жоқ. Үш аптадан кейін «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін аламын,- дейді қала тұрғыны Ә. Жексенбі.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда Қарағанды облысының 20 656 тұрғыны «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентімен және 8 175 адам екінші компонентімен егілген.

Бізге 9 сәуірде 23 740 вакцина жеткізілді. Қазіргі уақытта жалпыхалықтық вакцинациялауды қарқынды жүргізіп жатырмыз. Екпені ерікті түрде салдырғысы келетін азаматтардың барлығына екпе салынатын болады. Тұрғындар «Дамумед» бағдарламасы, egov арқылы, сондай-ақ емханаға келу арқылы екпе алуға жазыла алады,- дейді басқарма басшысы Гамал Тоқсанбаев.

Оның айтуынша, бүгін-ертең аймаққа вакцинаның 56 мың дозасы, ал айдың аяғына дейін 87 мың дозасы жеткізіледі деп күтілуде. Сәуір айының соңына дейін 217 мың адамға вакцина салынады деп жоспарлануда.

Коронавирустық инфекцияны жеңуде вакцина алудың маңыздылығы жоғары. Яғни вирусқа қарсы вакцина алған адамның ағзасы вируспен кездескенде аурудың дамуына және асқынуына, вирустың әрі қарай таралуына жол бермейді. Сондықтан да вакцина алу бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы екендігін айтқым келеді,- дейді басқарма басшысы.

 



Фото: автордан
Загрузка...