Карантин. Қарағанды облысында шектеу шаралары күшейтіледі

4 Шілде 2020, 15:19
1423
Бөлісу:
Карантин. Қарағанды облысында шектеу шаралары күшейтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында 5 шілдеде сағат 00.00-ден бастап екі аптаға карантин шаралары күшейтіледі: сұлулық салондарының, шаштараздардың, сауда үйлері мен орталықтардың, оларда орналасқан дәріханалар мен азық-түлік супермаркеттерінен басқаларына жұмыс істеуге тыйым салынады.

Сондай-ақ, санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейте отырып, Қарағанды - Теміртау, Қарағанды - Абай, Қарағанды - Шахтинск, Қарағанды-Саран, Жезқазған-Сәтбаев қатынастарын қоспағанда, қалааралық облысішілік жолаушылар тасымалы тоқтатылады. Қазақстан өңірлері арасында авиа және теміржол қатынасы жұмыс істейді.

Қоғамдық қалалық көлік бұрынғысынша сағат 06.00 - ден 21.00-ге дейін жүреді. Жолаушылар үшін қауіпсіздік шаралары: маскаларды міндетті түрде алып жүру, антисептиктерді пайдалану талап етіледі.

Жеке көліктің барлық түрлеріне 23.00-ден 05.00-ге дейін жүріп-тұруға тыйым салынады.

Саяжай тұрғындарына қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, бау-бақша учаскелеріне шығуға рұқсат берілді.

Азық-түлік супермаркеттері мен дәріханалардан басқа сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жұмысына тыйым салынды.

Сондай-ақ жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс істемейді. Ауданы 500 м2-ден астам өнеркәсіптік тауарлар дүкендері 5 шілдеден бастап тауарларын жеткізу арқылы ғана жұмыс істейді.

Балаларды сауықтыру лагерьлерінің, мектепке дейінгі мекемелердің, балалардың түзету кабинеттерінің, білім беру орталықтарының, балаларды дамыту орталықтарының, үйірмелердің, балалар мен ересектерге арналған курстардың қызметіне тыйым салынады.

Екі аптаға СПА-орталықтар, жаттығу залдары, фитнес және спорттық-сауықтыру орталықтары, қоғамдық моншалар, сауналар, сұлулық салондары, шаштараздар, косметологиялық орталықтар мен салондар, маникюр және педикюр қызметтерін көрсететін нысандар жабылады. Бассейндер, аквапарктар қызметіне бұрынғысынша тыйым салынған. Қалалық және қоғамдық жағажайлар жұмыс істемейді.

Барлық ойын-сауық мекемелері (караоке, бильярд, боулинг-орталықтар, компьютерлік клубтар және басқалар) жұмыс істемейді.

Діни объектілердің (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және басқалар) жұмысы тоқтатылады.

Барлық бұқаралық іс-шараларды, соның ішінде отбасылық, үйде еске алу іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.

Өзгелердің жаңалығы