Бас жаңалықтар
Карантин: қазақтың қаршадай қызы АҚШ-тан Ақжарға ақша аударған
07 Тамыз 2020, 00:15 22360

Карантин: қазақтың қаршадай қызы АҚШ-тан Ақжарға ақша аударған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қоғам белсендісі Ермек Құрманғалитегі Facebook парақшасына АҚШ-тағы қазақ қызының туған жеріне дәрі-дәрмек пен қажетті аппараттар үшін ақша аударғанын жазды.

"Ермек аға, АҚШ-тан хабарласып тұр едім, Ақжарда да ауру тарады деп естідім. Ауруханада көп адамдар емделіп жатыр, дәрі-дәрмек пен "оттегі концентрациясы" аппараттары жетіспей жатыр. Сатып алуға ақша жинап жатырмыз деп жазыпсыз. Соған өз үлесімді қосайын деп едім, хабарласып, есепшотыңызды жіберіңізші, қазағым үшін алаңдап кеттім" деп жазыпты шалғайдағы қандасымыз.

Бұл – мұхиттың арғы жағында жүрсе де жүрегі алақандай ауылы үшін алаңдай соғып тұрған Толғанай Сейқазина есімді ақжарлық қарындасымыз екен. Толғанайдың АҚШ та жүргеніне 10 жылдан астам уақыт болыпты. Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы Қыдырбек Билиялов атындағы гимназияның түлегі бүгінде Нью-Йорк қаласында "IT" маманы ретінде жұмыс істеп, сол жерде қосымша білім алып жүр екен, - дейді Ермек Құрманғалитегі.

Сондай-ақ, АҚШ-тағы ақжарлық қыз: "Бұл індеттен экономикасы мен медицинасы ең дамыған деген АҚШ-тың өзінде адамдар жаппай ауырып, көп адам көз жұмды. Ол кезде Қазақстан тыныш болатын. Енді міне, бұл індет менің ауылыма да жетті, адамдар жаппай ауырып жатыр дегенді естігенде қатты шошыдым. Өйткені, біздің халық өте бейғам ғой. Той-томалаққа көп барады, бір-бірінің үйіне жиі қыдырады", - деп кейістік танытқан.

Айтуынша, АҚШ-та адамдар қауіпті бірден түсініп, барлығы да маска тағып, қорғаныш құралдарын қолданып, карантин режимін өте қатаң сақтаған. Ешкім бір-бірінің үйіне рұқсатыз кірмейтін көрінеді. Соның арқасында олардың короновирустың таралуын жылдам тоқтатқаны да мәлім.

Қазір АҚШ-та бұл жаман вируспен ауырғандардың саны азайғанын жеткізген Толғанай Сейқазина, ол жақта Қазақстаннан білім алуға, жұмыс істеуге барған жастардың өте көп екенін де алға тартып отыр.

Аға, аз да болса көптей көріңіздерші! Ауылдағы ағайынның ем-домына бір пайдасы тиер. Барлығына сәлем айтыңыз, Ақжарымды қатты сағындым, - деген ол, Ермек Құрманғалитегінің жеке есепшотына 112 мың теңге қаржы аударып жіберіпті.

Осылайша, жазба авторы алыста жүрсе де ауылдастарының жағдайын ойлаған қаршадай қызға барлық тарбағатайлықтардың атынан алғыс білдірді.


Фото: дереккөз
Загрузка...