Бас жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізді
26 Ақпан 2021, 19:53 224

Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана» халықаралық қаржы орталығының ғимаратында Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің төртінші отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ашық талқылау форматында өткен жиын барысында премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Шетелдік инвесторлар кеңесін жаңғырту жұмыстарының қорытындылары мен инвестиция тарту жөніндегі жүйелі шаралар туралы баяндады. 

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр шетел инвесторлары үшін мұнай-газ саласының бәсекеге қабілеттілігі мен инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жүйелі шаралар жайында баяндама жасады. Қазақстан Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти экономикалық өсім моделі және макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталған реформалар туралы ой-пікірін ортаға салды.

 Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов өз баяндамасында BigData жүйесін қолдана отырып, ұлттық статистиканы қалыптастыру үдерісінің реинжиниринг тұжырымдамасымен таныстырды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов кәсіпкерлік субъектілерді қолдау жөніндегі жедел шаралардың жаңа топтамасының әзірленуі жайында мәлімет берді. 

Сонымен қатар онлайн байланысқа шыққан Джордж Вашингтон университетінің профессоры, «Growth Dialogue» компаниясының басқарушы директоры Дэнни Лейпцигер, Жаһандық даму орталығының президенті Масуд Ахмед, «MIT Sloan» менеджмент мектебінің профессоры Атанасиос Орфанидис Қазақстанның экономикалық дамуына қатысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. 

Жиынға қатысушылардың баяндамасын тыңдаған Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі мәселелерге және реформалар стратегиясын одан әрі дамытудың перспективаларына  егжей-тегжейлі тоқталды. 

Жиын барысында жасалған әрбір баяндама бойынша қызу пікірталас болды. Отырыс қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы ұсынылған бастамаларды қолдап, оларды жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.


Фото: дереккөз
Загрузка...