Қайтарымсыз гранттар – мұқтаж азаматтарға кәсіп бастаудың ең тиімді құралы – маман

19 Сәуір 2021, 09:29
1641
Бөлісу:
Қайтарымсыз гранттар – мұқтаж азаматтарға кәсіп бастаудың ең тиімді құралы – маман

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының аясында өткен жылы 77 424 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.

Жамбыл облысындағы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсел Шаймерденованың айтуына қарағанда, жоғарыдағы тұрғындардың 57 381-і «Еңбек» бағдарламасымен, 20 043-і Жұмыспен қамтудың жол картасымен жұмысқа алыныпты.

Әу баста Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша бөлінген 64,2 млрд теңгеге өңірде 809 жобаны жүзеге асырып, 19 615 жұмыс орнын ашуды көздегенбіз. Мұның ішінде Жұмыспен қамту орталықтарының араласуымен 9 850 жұмыс орны ашылу керек-ті. Жыл соңындағы есепке сәйкес, 808 жобаны жүзеге асырдық. Ал жұмыспен қамтылған азаматтар саны 20 мыңнан асып кетті. 10 056 адам Жұмыспен қамту орталықтарымен еңбекке тартылды, - деген жауапты маман жұмыстар аяқталған соң жобаларда 1 119 тұрақты жұмыс орнын қалдыру жоспарланғанымен, жыл қорытындысында 430 азаматтың тұрақты жұмыста қалғанын да жасырмады. 
Қалған жұмыс орындары биыл құрылатын көрінеді.

Оның сөзіне қарағанда, «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 57 381 адам тартылып, 42 093-і жұмысқа орналасыпты. Оның 24 152-сі – тұрақты негізде. Ал бұл жалпы жұмысқа орналасқандардың 57,4%-ын құрайды.

Бағдарламаның бірінші бағытымен кәсіптік даярлауға 770 жұмыссыз азаматты, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына 1 627 адамды жолдадық. Оқуларын аяқтағандар толықтай дерлік еңбекпен қамтылды, қайтарымсыз грант алғандары да бар. Ал екінші бағыты аясында барлығы 1340 адам 5,4 млрд теңгенің шағын несиесін еншіледі. Биыл Жамбыл облысында 602 азаматқа 2,9 млрд теңге шамасында шағын несие беруді көздеп отырмыз. Қазіргі кезде орталық атқарушы мекемелердің жауапты қызметкерлерімен несиенің шарттарына қол қойылып жатыр. Бұл орайда қайтарымсыз гранттар мұқтаж азаматтарға кәсіп бастаудың ең тиімді құралы екенін айта кеткен жөн, - деді Әсел Уәлиқызы.

Басқарма басшысының орынбасары айтып өткендей, былтыр аталған құжат негізінде аймақта бас-аяғы 7 783 тұрғын 4,3 млрд теңге шамасында гранттарға ие болған. Олардың 48,2%-ы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылар болса, 24%-ы жастар екен.

Жауапты маман «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 1 587 адам тартылғанын мәлімдеді. Олардың 1 483-і немесе 93,4%-ы тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Сондай-ақ жастар практикасына жамбылдық 2 572 түлек жіберіліп, 2 182-і немесе 84,8%-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ақылы қоғамдық жұмысқа 13 782 азамат жолданған.

Биыл 21 900 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Мұның 15 300-і-тұрақты негізде болады, қалған 6 600-і уақытша. Былтырғы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады, - деген Шаймерденова өткен жылы алғаш рет Президент тапсырмасымен 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары енгізілгенін еске салды. 

Бұл жеңілдік Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша жасалған. Оның мақсаты -  балалар ағзасын анемия, рахит және басқа да жалпы аурулардың алдын алу үшін дәрумендер мен қажетті заттармен толтыру.

Әсіресе, пандемиялық төтенше жағдай кезінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтарды үлестіру өзінің тиімділігін көрсетті. Айталық, былтыр 13 543 бала осындай көмекпен қамтылып, оларға 744,7 млн теңгенің көлемінде қаржы төленді. Осы орайда айта кетерлігі, біздің еліміздегі кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну форматындағы негіздер халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Мәселен, соңғы онжылдықта дамыған елдерде, нақтылай атасақ, АҚШ, Германия, Канада, Австралия мемлекеттерінде аз қамтылған азаматтар мен отбасылар үшін осы жиынтықтар маңызды азық-түлік көзіне айналған, - деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.

Әсел Уәлиқызының айтуынша, биыл кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 24 586 бала қамтылмақ. Бұған жалпы 1 874,1 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Жамбыл облысы бойынша 1 наурызға 1 жастан 6 жасқа дейінгі 11 463 баланың тізімі нақтыланыпты. Қазіргі таңда қаңтар-ақпан айларының топтамаларын жеткізу жұмыстары басталған. Ендігі Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов және Сарысу аудандарына жеткізіліп те қойған.

Қалған Жуалы, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласына да жеткізілу үстінде. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бойынша 2021 жылдан бастап берілетін жиынтықтар әлеуметтік қызмет порталы арқылы жүргізіліп отыр. Бұл үшін ең алдымен Электрондық цифрлық қолтаңба болуы қажет. Бүгінде өңірдегі АӘК алатын 8 021 отбасының барлығы дерлік ЭЦҚ-алып қойған, - деп нақтылады жауапты маман.

Әсел Шаймерденова әлеуметтік қызметтер порталы әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бөлігі екенін де ескертті. Қызмет алатын тұрығндар бұл ғаламтор порталын өз беттерінше пайдалана алады. Порталды енгізу көрсетілетін қызметтердің сапасын жоғарылатуға, оларды алу уақыттары мен атаулылығын қысқартуға, әлеуметтік көмек алушыларға арналған топтаманы нақты қажеттілікті анықтауға мүмкіндік береді екен. Бұл адал бәсекелестікті арттырады және әлеуетті жеткізушілердің қызметтерді жүзеге асыруға қатысуының ашықтығын қамтамасыз етеді.


Өзгелердің жаңалығы