Қайыршылықпен айналысқан 62 шетелдік жауапкершілікке тартылды

21 Маусым 2021, 11:24
2101
Бөлісу:
Қайыршылықпен айналысқан 62 шетелдік жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораз дәстүрлі брифинг барысында айтты.

7-16 маусым аралығында ІІМ өткізетін «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы аяқталды. Пандемияға байланысты мыңдаған шетелдіктер Қазақстан аумағында қалып елден шыға алмаған еді. ІІМ Көші-қон қызметі бұл адамдарға құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетті. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 5 мыңнан астам мигрантқа, төлқұжаттарының мерзімі өткен 956 шетелдікке елден шығуға көмектесті, - деді ол. 

Нұрділда Ораз айтқандай, көші-қон заңнамасын қасақана бұзатын адамдарды анықтау мақсатында полиция қызметкерлері шетел азаматтары топтасып тұратын жерлерге тексеру жүргізді.

Шетел азаматтарының жалдамалы еңбегін заңсыз пайдаланатындардың тұрғын үй секторына, құрылыс нысандарына, базарларға, ұйымдар мен заңды тұлғалардың мекен-жайына рейдтер ұйымдастырылып, автокөліктер тексерілді. Операция жүргізу кезеңінде көші-қон заңнамасын бұзған 13,5 мың факті анықталды, - деді ІІМ өкілі. 

Нұрділда Ораз деректер бойынша қандай бұзушылықтар тіркелгенін айтты.

Олар:

- шетелдіктердің елде болу мерзімін бұзушылығына қатысты 10 мың факті;
- елімізде заңсыз еңбек етіп жүрген шетелдіктер бойынша шамамен 3 316 факті тіркелді;
- шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 702 жұмыс берушіге әкімшілік жаза тағайындалды;
- ІІО-ға келген шетелдіктердің келгені туралы ішкі істер органдарына уақытылы хабарламаған 5 мыңнан астам (5233) жеке және заңды тұлғаларға шара қолданылды;
- қайыршылықпен айналысқан 62 шетелдік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, Шымкент қаласында екі заңды тұлғаның аумағында рұқсат құжаттарынсыз еңбек етіп жүрген 34 шетелдік анықталды. Семей қаласындағы көп қабатты тұрғын үйдің құрылыс нысанынан қажетті құжаттарсыз жұмыс істеп жүрген 16 шетелдік белгілі болды. Көші-қон қызметі көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы