Бас жаңалықтар
Қазақ балалар әдебиеті тағы бір кітаппен толықты
PHOTO
25 Ақпан 2021, 17:11 529

Қазақ балалар әдебиеті тағы бір кітаппен толықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада балалар әдебиеті жылы аясында әлемге танымал швед жазушысы Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» кітабының тұсаукесері өтті.

Аталған салтанатты шараға Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Матс Фойер мырза мен ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан қатысты.


«Ұзыншұлық Пиппи» автордың қазақ тіліне аударылған алғашқы кітабы. Жазушы ЮНЕСКО ұйымының мәліметі бойынша әлемнің ең көп аударылатын жиырма авторының үздіктер қатарына тұр. 

Астрид Линдгреннің туындылары әлемнің барлық балаларының балалық шағының айырылмас бір бөлігіне айналды. Бұған автордың «Бала мен Карлсон» кітабы желісінде түсірілген совет мультфильмінің көрермендері куә. Бізде балалар әдебиеті жоқ деп айтпауымыз керек.  Бізде мұндай әдебиеттер бар. Көрмей және көрсете алмай жүрген өзіміз. Тіпті «Балапан» арнасын кеш аштық. Осылай кітап оқымайтын бір ұрпақ тәрбиеледік. Біз жазармыз, баспа шығарар, бірақ оны балаға қалай жеткізетінімізді білмесек, бәрі бекер. Бұл - біз ұлт болып ойланатын мәселе. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын, балаларға арналған шетел жазушыларының таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алып жатқанымыз жақсы бастама ,- деді балалар жазушысы Баянғали Әлімжанов.

Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» кітабының аудармашысы - Мира Сембайқызы. Ол шығарманы аударуға шамамен үш ай уақыт кеткенін айтты. 

Аударып болғаннан кейін де редакциядан өткізіп, қайта-қайта оқып тексердік. Балалар оқығанда түсініксіз ұғымдар, қиын сөйлемдер кездесіп қалмасын деп сөйлемдерді барынша жеңіл тілмен беруге күш салдым. Көпбалалалы ана болғандықтан өзім де балаларыма арналған қазақша кітаптар іздеп жүремін. Әйгілі швед жазушысы Астрид Линдгреннің «Пиппи Ұзыншұлық» шығармасын аудару мен үшін үлкен тәжірибе, қызықты жұмыс болды, – деп атап өтті аудармашы. 

Мира Сембайқызы қазақ тіліндегі балалар шығармасы тағы бір кітаппен толығатынына және оған өзі себепкер болғаны үлкен жетістік екенін атап өтті. 


2021 жыл Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланғандықтан «Фолиант» баспасы қазіргі ұрпақтың псхологиясына тән, тәлім-тәрбиелік маңызы бар сапалы туындыларды басып шығаруды, әлемдік әдебиетте орны бар келелі шығармаларды аударуды қолға алды. Бұл оқырмандардың қазақ тіліне қызығушылығын арттырады деген сенімде. 

2005 жылы ЮНЕСКО әлемде ең көп аударылатын кітаптар тізімін жариялады. Тізімге сәйкес, «Ұзыншұлық Пиппи» 5-орында. Сондай-ақ «Ұзыншұлық Пиппи» еңбегі 100-ге жуық тілге аударылып, кітап желісі бойынша бірнеше фильм мен сериалдар түсірілген. 

Еске сала кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады.

Ботакөз Жақиянова


Фото: автордан
Загрузка...