Бас жаңалықтар
Қазақ ғалымы вирусқа қарсы дәрілік қоспа жасап шығарды
EX PHOTO
06 Сәуiр 2021, 14:01 1652

Қазақ ғалымы вирусқа қарсы дәрілік қоспа жасап шығарды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматылық ғалымдар вирустық инфекцияның таралуына қарсы тұратын табиғи өнімдердің қоспасын жасап шығарды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Дәрілік өсімдіктер орталығының директоры Жанар Жеңіс бастаған бір топ ғалымның бұл өнімі вирус тарап жатқан қазіргі кезде өте пайдалы болып отыр.

Жанар Жеңістің айтуынша, бұл қоспа адам иммунитетін көтеру арқылы коронавируспен ауырған науқастың жағдайын жақсартады. Өйткені оның құрамында түрлі емдік шөптер мен дәрумендер бар. Яғни емделушілерге қысқа жолды қамтамасыз ететін жеуге жарамды дәрілік өсімдіктерден жасалынған қауіпсіз өнім.

Оның құрамында жалбыз, қызылмия өсімдіктері, қалампыр және түймедақ шөптері мен пайдалы өсімдіктер бар. Қазақ халқында дәрілік өсімдікпен емдеу бұрыннан бар. Кезінде оба сияқты ауру түрі тарағанда осындай емдік өсімдіктермен емдеген. Бұл қоспа диабет, қан қысымы, бронхосы ауыратындарға жақсы көмектеседі. Сондай-ақ коронавируспен ауырған кезде адамның қаны қоюланады, бұл сол қанды сұйылтады, - дейді ол.

Ғалым вирустық инфекциялар мен басқа да аурулардың таралуын азайту мен жоюға арналған бұл дәріні жасауды 2020 жылдың шілде айынан бастап қолға алғанын айтады.

Былтыр жазда дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшы болып, халық қиналған тұста маған бір клиника хабарласып, «халық қырылып жатыр, сіз осы емдік шөптермен жұмыс істейсіз, бізге дәрі дайындап берсеңіз» деп ұсыныс жасаған соң қолға алдым. Негізінен екі түрлі дәрі әзірледім, біріншісі жеуге болатын жеміс шөптерінен жасалды. Ол вирусқа, тұмауға қарсы пайдаланылады. Кейін жөтелге, демікпеге қарсы тапсырыс болды, содан шөптік дәріні жасадық. Басында шәрбат түрінде жасағанбыз. Қазір шөптерді ұнтақ қоспа түрінде жасап шықтық. Оны адамдар суға араластырып іше береді, - дейді жоба жетекшісі.

Сонымен қатар ол бұл дәріні коронавируспен ауырғандар да, ауырмағандар да іше алатынын айтады. Өйткені ол адам иммунитетін көтеріп, әлсіреген ағзаға күш береді екен.

Оны бұрын коронавируспен ауырмағандар да іше алады, яғни сырқаттың алдын алады. Ол адамның иммунитетін көтереді, түрлі вирустық сырқатқа қарсы тұруға жағдай жасайды. Сондай-ақ коронавируспен ауырып, әбден әлсіреп қалған адамдарға күш береді. Өйткені науқастар кейде ауыр антибиотик қабылдайды, ол бүйрек, бауырға әсер етеді. Міне, бұл қоспа дәріден зақымданған ағзаны қалыпқа келтіреді, яғни адамға күш-қуат береді де ол дәрілердің сіңуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ тамақ жыбырлап, қақырық түспей жатқан кезде қабылдаса жақсы көмектеседі. Бронхит, демікпесі бар адамдарға да жақсы көмектесіп жатыр, - дейді ғалым.



Ғалымдар тәжірибе барысында қоспаны демікпесі бар 30 шақты адамға ішкізіп көріпті. Дәрі барлығына жақсы әсер еткен.

Мәселен, менің әкем жаздай ауырды және бұрыннан бронхасы ауырады. Сол кісіге беріп едім, «30 жылғы қақырығымды шығарды ғой» деді. Бұл дәріні ауру деңгейіне қарай қолданады. Мысалы, жастар 3 күн пайдаланса, жазылып кетуі мүмкін. Кейбірі бір рет ішкен соң жөтелі басыла қалады. Ал созылмалы ауруы бар адамдар он күн бойы ішеді. Бұл көбінде адамның иммунитетіне байланысты. Кейбір адам дұрыс тамақтанбайды дегендей. Жақында коронавируспен ауырып, аруханадан шыққан адам арнайы сұратты. Әлсіреп тұрмын деген соң беріп едім, кейін жақсарғанын айтты. Содан кейін қатерлі ісікпен ауырып, химия терапия қабылдаған бір адам сұрап ішті. Ол да дәрінің тиімділігін айтты. «Осы дәріні ішсем, тамаққа тәбетім ашылып, күш-қуатым артады» дейді. Ал дәріні ішпей қалсам, тамақ іше алмай қалам деп отыр. Бұл жерде қоспа адамның иммунитетін көтеріп тұрғанын байқауға болады, - дейді Жеңіс.

Сонымен қатар ол қоспаны жасау бойынша шетелде вакцина шығарып жатқан ғалымдармен бірдей балл алғандарын айтты. Бұл өте үлкен жетістік екен.

Бұл жобаны ары қарай Америка ғалымдарымен бірге жетілдіріп, зерттейміз. Қазір біз бұны биологиялық қоспа ретінде жасап жатырмыз, келешекте дәрі етіп жасаймыз. Жобада тоғыз адам жұмыс істейміз. Оның ішінде бір маман америкалық және сонда оқып жатқан тағы бір өзіміздің маман бар, қалғандарының бәрі отандық ғалымдар. Дәріні жасау тізбегін өзім дайындап шықтым, - дейді ол.



Қазір вирусқа қарсы қоспаны өндіру үшін ҚазҰУ-де шағын зауыт салынғалы жатыр екен. Оның орны белгіленген, тек өндіріс құралдарын күтіп отыр.

Басында бұл сироп сияқты сұйықтық болып шықты, енді оны түйіршек Инсти шай сияқты етіп шығарғалы отырмыз. Өйткені сұйықтықты тоңазытқышта екі ай ғана сақтай аласыз. Ал түйіршікті бір жылға дейін сақтауға болады. Сондықтан осы түріне көп ден қойып жатырмыз. Өндіріс құрылғыларына тапсырыс беріп қойдық. Орны дайын, тек сол өндіріс жабдығын күтіп отырмыз, - дейді ол.



Әлемде шөптен осыған ұқсас дәрілер көптеп жасалады екен, алайда бұл қоспаның тиімділігі жоғары көрінеді. Оның құрамындағы шөптің бәрі Қазақстанда өседі екен. Дәрілік шөптер Шымкенттен, Шығыс Қазақстаннан және басқа да өлкеден жинап алынған. Жанар Жеңіс көп жыл Қытайда, Жапонияда тұрып, жұмыс істеген. Жиырма жылдан бері шөптің құрамын зерттеумен айналысқандықтан, бұл өнімнің пайдасы зор деп отыр.



Ғалым сөз арасында шетелде коронавирусқа қарсы дәрілер жасалып жатқанын айтты. Алайда олар жақын күндері қолдануға енгізілмейтін көрінеді.

Қазір әлемде синтетикалық дәрілер жасалып жатыр. Оны зерттеу үшін ұзақ уақыт керек. Бірінші және екінші клиникалық зерттеуден өтеді. Оның барлығына уақыт керек. Бір дәрі жасау үшін 13 жылдай кетеді. Ал мына коронавирусқа қарсы дәріні жылдамдатқан күннің өзінде 2-3 жыл уақыт керек. Дәріні шығару кезінде алдымен тышқанға, кейін адамға клиникалық тәжірибеден өткізеді, - дейді ғалым.


Фото: дереккөз
Загрузка...