Бас жаңалықтар
«Қазақ радиосының» 100 жылдығына орай концерт өтті
27 Қаңтар 2021, 23:47 188

«Қазақ радиосының» 100 жылдығына орай концерт өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Қазақ радиосының» 100 жылдық мерейтойына орай мерекелік концерт арнады. «Qazaqstan» ОКЗ камералық залында өткен концерт екі үлкен ұйымның ынтымақтастық қарым-қатынасын нығайта түсті.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, «Қазақконцерт» пен «Қазақ радиосы» ұйымдарын көптеген мәдени-танымдық жобалар байланыстырады. 

Сондай-ақ ғасыр құрдасы атанған радионың алтын қорында Қазақконцертте еңбек еткен өнер саңлақтарының туындылары сақталған. Биыл «Қазақконцерт» ұйымы да өзінің 60 жылдығын атап өтетінін ескерсек, бұл қос мерейтойға арналған концерт ұлт руханиятын арттыра түскені анық. 

Мерекелік іс-шара барысында құттықтау сөзін «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы жеткізді.

Ақпараттық, тарихи-танымдық, мəдени-ағартушылық бағыттағы өзекті туындылар тоғысқан осындай іргелі ұйыммен Қазақконцерттің ынтымақтастық орнатуы бізді ерекше қуантады. Қазақ музыка өнерінің қарашаңырағы атанған Қазақконцерттің тарихы «Қазақ радиосымен» тығыз байланысты. Қазақконцертте еңбек еткен өнер саңлақтарының туындылары Қазақ радиосының толқынында естілген сайын біздің де тарихымыз жаңғыра, жаңара түседі. Ғасыр құрдасы атанған «Қазақ радиосы» өркендей берсін. Шығармашылықтарыңыз табысқа, еңбектеріңіз үлкен жетістіктерге ұлассын! Халық руханиятын дамытатын Қазақконцерт пен Қазақ радиосының бірлескен жобалары көп болсын! - деді Жеңіс Сейдуллаұлы.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, концерт барысында барлық санитарлық талаптар сақталды. Мерекелік концертте «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, Ерболат Шалдыбеков, Клара Төленбаева, Айгүл Елшібаева, Құрмаш Маханов, Гүлнәр Көшенова сынды әртістер өнер көрсетті. Концерт бағдарламасына белгілі халық туындылары мен заманауи шығармалар енген. «Қазақ радиосының» ұжымы да өздерінің алғыстарын жеткізіп, екі ұйым арасындағы серіктестік одан әрі күшейе түсетініне сенім білдірді.


Фото: inform.kz
Загрузка...