Бас жаңалықтар
Қазақфильм «Адемоканы оқыту» фильмінің түсірілімін аяқтады
03 Желтоқсан 2020, 14:29 149

Қазақфильм «Адемоканы оқыту» фильмінің түсірілімін аяқтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кинорежиссер Әділхан Ержанов өзінің «Адемоканы оқыту» атты кезекті 12-ші толықметражды көркем фильмінің түсірілімін аяқтады. 

Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Ш.Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ және Short Brothers компаниясының қатысуымен түсірілді.

Фильмнің түсірілімдері осы жылдың жаз айларында Алматы қаласында өтті. Кинотуынды Қазақстанда заңсыз жүрген Адемока есімді мигрант қыздың оқиғасын баяндайды. Қайыр сұрап, күн көріп жүрген талантты да дарынды бойжеткеннің бар арманы – білім алу. Алайда оның өзге мемлекетте заңсыз жүргені және азаматтығының жоқтығы айтарлықтай кедергі болады. Күтпеген жерден оған өмірден түңілген, маскүнем Ахав есімді философия пәнінің мұғалімі қол ұшын созады.

Бұл фильм достық, өзара қолдау және адамгершілік туралы.Сондай-ақ әр адамның білім алуға құқылы екенін баяндайтын туынды. Бүкіл адамзат білім алуға ұмтылады, өйткені білім – болашақтың кепілі, - деді режиссер Әділхан Ержанов.
Фильмде басты рөлді жас актриса Адема Ержанова сомдады. Ахавтың рөлін Әділхан Ержановтың басқа да фильмдерінде түскен Данияр Алшинов («Қап-қара адам», «Атбайдың шайқасы», «Ұлболсын», «Онбағандар») ойнады. Сондай-ақ, фильмге Болат Қалымбетов, Әсел Сәдуақасова және Санжар Мәди қатысқан.

Бұл фильм 2021 жылы отандық прокатқа шығады деп жоспарланып отыр.



 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...