Қазақстан экономикасы: Төрт айдағы жетістік

15 Мамыр 2021, 15:25
4752
Бөлісу:
Қазақстан экономикасы: Төрт айдағы жетістік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемияға қарамастан ел экономикасында өсу көрсеткіші байқалады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері экономиканың қалпына келу серпіні барлық салаларда байқалады.

Саладағы серпін

Премьер-министр Асқар Мамин соңғы Үкімет отырысында төрт айдағы көрсеткіш бойынша Қазақстан экономикасы өсу жолына түскендігін атап өтті. Сонымен қатар ынталдандыру мен оңалту шаралары оң нәтиже көрсетіп экономиканың, оның ішінде, қызметтер мен тауарлар өндірісінде өсудің оң қарқыны қамтамасыз етілді.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің мәліметінше, қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны өткен жылғы наурыздан бері алғаш рет 0,7%-ды құрап, оң аймаққа шықты. Қазақстан экономикасы өсудің қалпына келу серпініне өтуде. Ал ұлттық өндірістің өсу қарқыны плюс 0,7 пайызды құрады. Министрдің айтуынша, жалпы ішкі өнімнің өсуіне шикізаттық емес сектор ең үлкен үлес қосты.

Экономиканың қалпына келу серпіні өндірістің барлық салаларында байқалды. Биылғы жылғы төрт айдың нәтижесі бойынша өңдеу өнеркәсібінде өсу 7,7 пайызды құрады. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең жоғары өсу қарқыны, -деп атап өтті Ұлттық экономика министрі.

Министрліктің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, өсу көрсеткіші машина жасауда 20,6%, оның ішінде автомобиль жасауда 25,4%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 49,7%, электр құралдарының өндірісінде 10,2%, компьютерлер, электронды және оптикалық құралдар өндірісінде 52,3% денгейінде.

Сондай-ақ өңдеу секторында химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде киім өндірісі, түсті және қара металлургия, тамақ өнімдері, фармацевтика және мұнай өңдеу сияқты салалар жоғары серпін көрсетті.

Құрылыс секторында құрылыс материалдарының өндірісін 26,5%, құрылысты 12,5% және тұрғын үйді пайдалануға беруді 13,3% пайыз немесе 3,5 млн шаршы метрді қоса алғанда, өсудің жоғары қарқыны қамтамасыз етілді. Ал ауыл шаруашылығында өсу қарқыны 3% құрады.

Саланың тартымдылығы өсуінің арқасында, негізгі капиталға салынған инвестиция - ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдерінің өндірісінде 50% астам артты. Тау-кен өндірісін есепке алмағанда, экономикада негізгі капиталға салынған инвестиция 32,3 пайызға өсті.

Министр экономика өсімінің аса маңызды факторларының бірі - қызмет көрсету секторындағы оң динамика болғандығын атап өтті.

Сауда, байланыс, жылжымайтын мүлікпен операциялар, қаржы және сақтандыру қызметі сияқты көрсетілетін қызметтер салаларында оң өсу қарқыны байқалады.

Ұлттық экономика министрлігі басшысы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың 2021 жылға арналған Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспарды тиімді іске асыруға, экономиканың басым секторларында ірі компаниялармен инвестициялық келісімдерді іс жүзінде іске асыруға назар аударуы қажеттігін атап көрсетті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы және құрылыс-монтаж жұмыстарының маусымын белсенді өткізу, «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде таргеттелген тұрақты жұмыс орындарын құру, жаңа «өсу факторларын» дамыту және өңірлердің экономикалық байланысын күшейту басымдыққа ие.

 

Өңірлерде өсім бар

Ел экономикасының өзегін өңірлер құрайды. Аймақтардың дамуы ел Үкіметінің басты назарында. Экономиканы қалпына келтіру шаралары облыстарда да қарқынды жүргізіліп, жыл басынан бері оң көрсеткіштерге қол жеткізілді.

Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында өсім көрсеткін өңірлерге жекелей тоқталды. Мәлім болғандай, қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша барлық жеті негізгі макрокөрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы мен Шымкентте өсу байқалады.

Асқар Маминнің айтуынша, алты көрсеткіш бойынша бес өңірде өсу байқалады. Олар – Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстары.

Бес өңірде 5 көрсеткіш бойынша оң серпін байқалады. Олар – Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары. Батыс Қазақстан облысында көрсеткіштер төмен.

Экономиканың оң өсімі - пандемияны тежеу, сондай-ақ елдің жеке секторы мен өндірістік әлеуетін қолдау жөніндегі шараларды іске асыру тиімділігінің маңызды индикаторы болып табылады. Экономиканың осы қарқынын алдағы айларда сақтап, оны ұлғайту маңызды. Іскерлік белсенділікті қалпына келтіріп, экономиканы сапалы дамыту үшін ішкі және сыртқы инвестицияны, әсіресе шикізаттық емес салаларға тарту үшін бірлесіп жұмыс жүргізу қажет. Бұл - қазіргі жағдайда, Үкімет үшін басым міндеттердің бірі болып отыр, -деп Асқар Мамин аймақ басшылары және ведомстов басшыларының алдына үлкен міндет қойды.

Сонымен қатар, премьер экономиканың өсуінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі - шағын және орта бизнесті әрі қарай дамыту екендігіне баса назар аударды.

Бұл жұмыстың негізгі басымдығы жұмыспен қамту мен халықтың нақты табысын арттыру болуы тиіс. Сондықтан, өңірлердің басшыларына Мемлекет басшысы қойған міндеттерді тиімді іске асыруды және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырамын, - деген болатын Асқар Мамин.

Экономиканы қалпына келтіру және ынталандыру шаралары жалғасын табады.

 

Өзгелердің жаңалығы