Қазақстан мен Канада аграрийлері ауыл шаруашылығындағы бірлескен жобаларды талқылады

24 Қараша 2020, 21:52
1564
Бөлісу:
Қазақстан мен Канада аграрийлері ауыл шаруашылығындағы бірлескен жобаларды талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы және агротехнология саласындағы жұмыс тобының онлайн отырысымен «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесі шеңберіндегі жұмыс топтарының салалық кездесулері аяқталды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Екі елдің мемлекеттік органдары, ауылшаруашылық қауымдастықтары, іскерлік және ғылыми топтардың 60-тан астам өкілдері қатысқан іс-шарада аталған салада Қазақстан мен Канада арасында ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков екі елдегі климаттың, топырақтың және азаматтарының еңбекқорлығының ұқсастығын назарға ала отырып, аграрлық секторда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға үлкен әлеует бар екенін атап өтті. Қытай, Ресей, Орталық Азия елдерінің нарықтарына қолжетімдігін қоса алғанда Қазақстанның қолайлы географиялық орны заманауи технологиялармен қосылғанда ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің артуына жол ашады.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының өкілдері агроөнеркәсіптік кешендегі шетелдік инвесторларды қолдау бойынша қолданыстағы шаралар туралы кешенді баяндап берді.

Канада Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрінің орынбасары Фред Горелл Қазақстанмен аграрлық генетика, фермерлік шаруашылықты басқару, агротехнологиялардан басталған ынтымақтастық кеңейіп келе жатқанын және бүгінде қызмет көрсету салалары, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, технологиялар трансфері және т.б. салаларды да қамтитытын ризашылықпен атап өтті.

Канаданың «Feedlot Health Management Systems», «Growsafe Systems», «Bourgault Industries» және «Valmetal» компаниялары Қазақстанда жүзеге асырылып келе жатқан табысты жобалары мен қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары жайында ақпаратпен бөлісті.

Іс-шара нәтижесінде ауылшаруашылық кәсіпорындарының іскерлік бастамаларын қолдау және екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер пайда болғаны атап өтілді.

Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің іс-шаралары аяғында Қазақстан мен Канаданың мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдерінің қатысуымен 25-26 қарашада Іскерлік кеңестің жалпы отырысы өтеді.

Өзгелердің жаңалығы