Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен ауғандықтар ұсталды

12 Мамыр 2021, 05:22
908
Бөлісу:
Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен ауғандықтар ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавл тұрғыны полицияға шекараны заңсыз кесіп өтіп, облыс орталығында еш құжатсыз тұрып жатқан Ауғанстанның 4 азаматын анықтауға көмектескен.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны пәтер бюросы арқылы өз пәтерін жалға беріп келген. Ол баспанасының жай-күйін тексермек болып пәтеріне келгенде есікті тіл білмейтін басқа ұлттың жігіті ашқан. Сондай-ақ онда тағы үш жігіттің тұрып жатқанын анықтаған. Күдіктенген ер адам бірден полицияға жүгінген.

Көші-қон полицейлері тексеру барысында жігіттердің Ауғанстан Ислам Республикасынан екенін анықтады. Олардың Қазақстанда жүруге еш рұқсат құжаттары болмай шыққан. Полицейлер тексеріс кезінде шетелдіктердің ҚР мемлекеттік шекарасын Өзбекстан жақтан белгіленбеген жерден заңсыз кесіп өткенін анықтады. 

Көші-қон қызметінің қызметкерлері жиналған материалдарды Петропавл қалалық полиция басқармасының анықтау бөліміне тапсырды. 

Аталған факті «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. 

Жігіттер не қазақ, не орыс тілін білмейді, біз аудармашы арқылы тілдестік. Айтуларынша, олар мектепті жуырда аяқтаған. Өз елдерінде болашақтарының жоқтығын ойлаған жастар Батыс Еуропаға жетіп, босқындар мәртебесін алуды көздеген. Қазіргі уақытта шетелдіктердің ҚР аумағында заңсыз болуларының мән-жайы анықталып жатыр, – дейді Петропавл қаласы ПБ АБ бастығы Дәурен Нығметов.


Өзгелердің жаңалығы