«Қазақстанда бәрі сатылады»: Сафронованың әрекеті қаншалықты дұрыс?

25 Қараша 2020, 13:26
3824
Бөлісу:
«Қазақстанда бәрі сатылады»: Сафронованың әрекеті қаншалықты дұрыс?
PHOTO

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.«Қазақстанда бәрі сатылады» деп шулатқан волейболшы Алеся Сафронова деген кім? Мұның бұл әрекеті қаншалықты дұрыс деген сауалға жауап іздеп көрмекпіз. 

Қараша айының 10 мен 19 аралығында Талдықорғанда волейболдан әйелдер арасында ұлттық лиганың бірінші туры өткен болатын. 12 қараша күні Өскеменнің «Алтайы» мен Талдықорғанның «Жетісу» командасы кездесті. Бұл екеуі футболдағы «Қайрат» пен «Астана» секілді қазіргі кезде бір-бірімен деңгейлес, бітіспес қарсыластар. Биылғы маусымда екі ұжым екі рет кездесіп үлгерген. Оның екеуінде Өскеменнің қыздары жеңіске жетті. Алғашқысында «Алтай» Қазақстан кубогына иелік етсе, екіншісінде суперкубокқа қол жеткізді. 

Үшінші кездесу чемпионат аясында өтті. Кездесу 3:1 (27:25, 25:22, 23:25, 25:23) есебімен тағы да «Алтайдың» падайсына шешілді. Алайда бұл жолы қорытынды емес, ойын кезіндегі тайм-аутта «Жетісу» клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Алеся Сафронованың «В Казахстане всё продается. В федерации» деп орысшалап айтқан сөзі қоғамды үлкен резонанс туғызды.

Капитанның бұл әрекеті Қазақстан волейбол федерациясына ұнаған жоқ. Сафронованы бірінші турдың қалған ойындарынан шеттетті. Алеся өзі эмоциямен айттым деп кешірім сұрады. Енді әрі қарай тағдыры федерацияның атқару кеңесінің отырысында шешіледі. 

Әрине, қызуқандылықпен айтқаным үшін кешірім сұраймын. Бұл өте тартысты матч болды, ал камералардың артында көп нәрсе байқалмады. Біздің қарсыластарымыз бізді арандатты. Өкінішке қарай, төрешілер мұны көрмейді. Мен Қазақстанды жақсы көремін, құрметтеймін. Бұл жерде Қазақстан емес, федерация туралы айттым. Қазақстанда жастық шағым өтті. Волейбол алаңында Қазақстан құрамасы үшін жанымды салдым. Әлі күнге дейін Қазақстанның намысы үшін қолымнан келгенді аянып қалмаймын, - дейді Сафронова. 

Спортшыны қандай жаза күтіп тұр?

Қазақстан волейбол федерациясын бұрынғы Ұлттық қауіпсіздігінің комитетінің басшысы Нұртай Әбіқаев басқарғанымен, негізі «қара жұмыс» бас хатшы Ермек Сырлыбаевтың мойнында. Көп жағдайда шешімді қабылдайтын да Сырлыбаев мырза. Оның айтуынша, төрешілер тарапынан ойын кезінде ешқандай өрескел қателік болмаған, волейболшының айтқан сөзі негізсіз.

Мен осы жағдайға байланысты бірнеше рет пікір білдірдім. Біз бірден матч кезінде шешім қабылдай алмадық. Сол кездесуде жұмыс істеп жатқандықтан тікелей эфирде не айтқанын ести алмадық. Төрешілер алқасы да оның мәлімдемесін ойыннан кейін бір-ақ білдік. Осыдан соң ойыншыны турдың соңына дейін дисквалификацияға жіберу туралы шешім қабылдадық. Сафроновадан оның айтқысы келген ойына қатысты нақты деректер сұрадық. Өкінішке қарай, оның айтқаны құр сөз ғана болып шықты. Нақты ешқандай дәлелі жоқ. Тәуелсіз сараптама жүргізуді қолға алдық. Әзірге бейресми нәтижесі бар. Халықаралық федерацияға мүше өте беделді адамдардан осы матчты көріп, пікірін айтуды сұрадық. Олардың пікірі бойынша, матчтың арбитрі өз міндетін дұрыс атқарған. Халықаралық дәрежедегі бірінші арбитр Ирина Қабылбекова мен екінші арбитр Юлия Акулова тарапынан ешқандай ағаттық кетпеген, - дейді Ермек Сырлыбаев. 

Ол федерацияға бас хатшы болған 13 жылдың ішінде мұндай жағдайға кездеспегенін айтып отыр. 

Тіпті, не айтарымды білмеймін. Алғаш осы қызметке кіріскенімде тек бір ғана халықаралық дәрежедегі арбитр болатын. Ол павлодарлық Гапонов еді. Ал қазір ондайлардың саны сегізге жетті. Көбісі, жаңа буынның өкілдері. Мысалы, осы матчта төрелік еткен Ирина Қабылбекова былтырғы жылы Мексикадағы жастар арасында әлем чемпионатына қазылық еткен. Сөйтіп FIBV номинациясына ие болды. Ал Юлия Акулова Мысырдағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жұмыс істеді. Финалда АҚШ пен Италия құрамалары арасындағы ойында бірінші төреші болып қызмет атқарып, өз жұмысына 98 балл алды. Бұл өте қиын болды. Мен инспектор ретінде былтыр екі ірі турнирде болдым. Біз спорттық бабымыздамыз деп айта аламын. Бұл матчта төрелік еткен қазылар өз міндеттерін жақсы біледі. Волейболдың ережесін кейбір ойыншы мен бапкерден артық біледі, - дейді бас хатшы.  

Оның айтуынша, төрешілерге арналған ережелер кітабы да бар екен. Оны ашып оқып жатқан ешкім жоқ дейді. Бұл кітапты тек төрешілер оқып, зерттейді. Халықаралық турнирлерге барып төрелік етер алдында осы ережелер бойынша олар тест тапсырады. Инспекторлар да сол ереже бойынша емтиханнан өтеді. 

Түннің кез келген уақытында оятып, сол кітаптағы кез келген ережені сұрасаңыз айтып беремін. Ал Сафроноваға үш сұрақ қойсам, соның үшеуіне де жауап бере алмайтына сенімдімін. Жалғыз ол емес, ойыншылар, бапкерлер де ережені толық білмейді. Спортшы ережені білмей, біреуді айыптауға моральдік құқы жоқ. Толық білмей, пікір білдіру дұрыс емес, - дейді Сырлыбаев.  

Алеся Сафронова волейболдан Қазақстан Республикасының 29-чемпионатының ережесіне сәйкес жарыстан шеттетілген. Бұл бапта федерацияның қызметіне нұқсан келтіретін фактілер: әлеуметтік желілердегі, тікелей эфирдегі мәлімдемелерге байланысты шешімді төрешілердің негізгі құрамы қабылдайды делінген. Осы тармақтың негізінде федерация спортшыны бірінші турдың соңына дейін жарысқа қатыстырмау туралы шешім қабылдаған. Бұл ережеге волейбол федерациясы, Ұлттық Олимпиада комитеті және ҚР дене шынықтыру және спорт комитеті мөрін қойған.

Ойыншы турдың соңына дейін дисквалификация алды. Бас төреші ретінде шешімді бірінші турдың соңына дейін қабылдай аламын. Ол менен FIBV ережесіне сәйкес неге бір матч емес? деп сұрады. FIBV халықаралық турнирлерде мұндай жағдайда бір матчқа дисквалификация береді. Бірақ онда матчтық жүйе бойынша өткізіледі. Ал біздікі толық бір тур жеке өткізіледі, - дейді ол.  

Енді Алеся Сафроноваға қатысты волейбол федерациясының атқару комитетінң отырысында қабылданады. Оған Сырлыбаевтан бөлек, президент, вице-президент және комитет мүшелері мен заңгер қатысады. 

Әлеуметтік желідегі қолдау

 

Қазіргі кезде әлеуметтік желіде өнер иелері, танымал спортшылар Алесяға қолдау білдіріп, пост жазып жатыр. Олардың арасында Илья Ильин, Нұртас Адамбайлар бар. 

Мысалы, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин спортшы кешірім сұрағанын, федерациядан енді жағдайды драмаға айналдырмауды сұрады.

Бұл жазбада мен әйелдер волейболында болып жатқан жағдай туралы айтқым келеді. Спортшы камераға ойындар әділ өтпейтінін және төрешілер қарсылас команданың жеңуіне көмектесті деп айтты. Ол кешірім сұрады. Сафронова ешкімді кінәлағысы келмейтінін және эмоциямен болғанын жеткізді. Бір ойынға уақытша шеттетіңіздер, болды, ұмытылсын! Енді спортшыға қысым жасаудың не керегі бар? Спорт дегеніміз – эмоция. Федерация өкілдері, осындай жағдайларда адамның ішінде не болатынын түсінуі керек қой? Сіздерден бұл мәселені қалыпты түрде шешуді сұраймын. Бір ойынға, екі ойынға шеттетіңіздер. Сонымен тоқтаңыздар. Барлық спортшыға камераға сөйлеу кезінде мұқият болу керегі түсінікті болады!, - деп жазды Ильин. 

Спортшы өз сөзіне жауап беруі тиіс

Осы жағдайға байланысты кезінде ҚР волейбол федерациясында баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған спорт сарапшысы Всеволод Хванның пікірін сұраған едік. Ол камера алдында шығып, ойланбай мұндай мәлімдеме жасай беруге болмайды деп санайды. 

Бұл жағдайда Алесяның әрекеті дұрыс емес. Егер мәлімдеме жасайтын болсаң, тіпті эмоциямен айтсаң да сол үшін жауап бере алатындай болуың қажет. Қазір өзі кешірім сұрады, енді әлеуметтік желіде бәрі оны кешіруді өтініп жатыр. Қызық жағдай. Мысалы кез келген спорт түрінде осылай спортшылар шығып, камераның алдында «Қазақстанда бәрі сатылады» деп айта берсе не болады? Ол эмоциямен айтты, бірақ ойлануы тиіс еді. «Жетісу» бір айдың ішінде «Алтайдан» төрт рет жеңілді. Барлық матч әділетсіз өтті дейтін болса, ол мүмкін емес. Сондықтан ол сөзіне жауап беруі тиіс. Толық жағдайды білмеймін. Бірақ дискваликациядан бөлек, айыппұл да салынуы мүмкін, - дейді Всеволод Хван. 

Күйеуі – бас бапкер, әйелі – капитан

Алеся Сафронова жайлы қысқаша ақпарат беріп өтсек. 

Ол 1986 жылы 10 ақпанда Украинадағы Запорожье қаласында туған. Бұл қалада волейболға ерекше көңіл бөлінеді. Әзербайжан құрамасында өнер көрсеткен Елена Шабовта мен Украина құрамасының экс-ойыншысы Ирина Пухальская да осы қаланың тумасы. Алесяның жақын туысы Инна Колесник КСРО-ға танымал волейболшы болған. Өзі волейболмен 7 жасынан айналысыпты. Алғашында Владимир Бузаевтан тәлім алған. Кәсіби спортшы ретінде Запорожье қаласының командасында, одан кейін 15 жасында Черкассаның «Круг» клубына ауысқан. Бұл команда сапында Украина чемпионы атанды. Кейін Қазақстанға қоныс аударып, азаматтық алады. 2007 жылы Алматының «Рахат» клубында ойнап, кейін Түркия чемпионатында бақ сынаған. Соңғы жылдары тек жұбайы Бурхан Жанболат жаттықтыратын командаларда ойнап жүр. Түркияда, одан кейін «Алтай» мен «Жетісуда» да бас бапкер Бурхан болған.

Өскеменнің «Алтайынан» екеуі үлкен дау-дамаймен кетті. «Алтай» клубының директорының орынбасары Досжан Уәлиханов арада болған келіспеушілік бір кездері БАҚ беттерінде жиі жазылып жатты. Всеволод Хванның айтуынша, отбасылық жұптың бір клубта болуы дұрыс емес.

Ол жағдайдан толық хабардар емеспін. Бірақ түсінікті деп ойлаймын. Клубта бас бапкер жұбайың болғаны дұрыс емес. Бұл команданың атмосферасына әсер етеді. Әр түрлі әңгімелер тарай бастады. Мүмкіндік болса, екеуі екі клубта болуы тиіс, - дейді ол. 

P.S. Спортшыны мен федерацияны айыптаудан немесе қолдаудан аулақпыз. Біз бұл жағдайда бейтараппыз. Бастысы, әділ шешілуі тиіс. Спортшы өз сөзіне жауап беріп, федерация да чемпионаттың ашық, әділ өтуін қамтамасыз етуі керек. Сол кезде ғана мұндай жағдайлар орын алмайды. Әйтпесе, ел спортында күмәнді жағдайлар өте көп.

 

Өзгелердің жаңалығы