Қазақстанда туберкулезге шалдығу көрсеткіші 21%-ға төмендеді

23 Ақпан 2021, 12:39
1671
Бөлісу:
Қазақстанда туберкулезге шалдығу көрсеткіші 21%-ға төмендеді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК директоры Мәлік Әденов онлайн брифингте айтты. 

Оның айтуынша, елімізде соңғы жылдары туберкулез жағдайы тұрақты. Өйткені Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан көп көңіл бөлініп, кешенді жұмыс жасалып жатыр. 

Ауруға шалдығу 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіші бір жылда 21%-ға төмендеп, 35,7 құрады. Өлім-жітім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 5%-ға төмендеп, 1,9 көрсеткішінде,-дейді ол. 

Әденов туберкулезді емдеуге арналған әлемдік ең озық технологияның барлығы Қазақстанда бар екенін айтады. 

Соңғы екі жылда өңірлерде, тіптен аудандық ауруханаларда туберкулезді екі сағатта анықтайтын зертхана ашылды. Ол науқаста туберкулез бар-жоғын және туберкулездің қай түрі екенін сол тәтте анықтап береді. Соған қарай тиімді емдеу жолы тағайындалады. Оған қоса осы зерттеу арқылы туберкулезді алғашқы кезеңінде анықтай аламыз. Қазақстан қазір туберкулезді емдеуде әлем бойынша өз тиімділігін көрсеткен барлық дәрі-дәрмекті алып отыр. Соның арқасында біз туберкулездің ауыр түрлерін де емдеп жатырмыз. Туберкулезді анықтау бойынша диагностикалық тексерістер халық үшін тегін. Оның барлығы кепілдендірілген медициналық көмектің арқасында мемлекет есебінен жасалды,-дейді директор. 

Сонымен қатар ол науқас өзін жақсы сезініп, айналасына қауіп төндірмейтін болса ол өзінің тұрғылықты жерінде емделе алатынын жеткізді.

Қазір науқастардың, жалпы жұртшылықтың ыңғайына қарай жұмыс істеп жатырмыз. Егер науқас түрлі себептермен медицина ұйымына келе алмаса мобильді топ оның үйіне барып, тексеріп, қажетті ем-домын тағайындайды. Соңғы кездері науқасқа қашықтан видео бақылау жүргізу тәсілі қолға алынып жатыр. Науқас өз смартфонымен медбикеге тікелей эфирге шығып, соның көзінше дәріні қабылдайды. Бұл әсіресе пандемия кезінде өзінің тиімділігін көрсетті, соның арқасында науқастар ем қабылдауды жалғастыра білді,-дейді ол.

Сонымен қатар ол туберкулезге шалдыққандарды анықтауда Үкіметтік емес ұйымдар да өз үлесін өқосып жатқанын айтты.

Әр елде осал топтар бар, ол жұмыссыз жүргендер, тұрғылықты мекені жоқ адамдар деген сияқты. Оларды жіті бақылап отыру үшін ҮЕҰ-ды тартып жатырмыз. Олар жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тексеріліп тұруға кеңес береді. Өткен жылы туберкулез анықталғандардың 5 пайызы ҮЕҰ-дың үлесінде,- дейді Мәлік Әденов.

Сондай-ақ ол Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай 24 ақпанна бастап туберкулез айлығы басталатынын жеткізді.


Өзгелердің жаңалығы