Қазақстанда жаңа кен орны ашылды

25 Ақпан 2021, 16:13
4474
Бөлісу:
Қазақстанда жаңа кен орны ашылды
PHOTO
Фото: автордан

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қойнауында орасан зор көлемде мұнай мен газдың қоры жинақталған кеніш Маңғыстау облысында табылып отыр.

Геологтар мен геофизиктер Маңғыстау және Бейнеу аудандарында орналасқан Тепке учаскесін 2018 жылдан бері зерттеп келген еді. Бұл аумақта бұрғылау жұмыстары өткен жылдың 4 қарашасында басталған. 3 ақпан күні жердің төменгі юра қабаттарын сынау уақытында ТЗ-бірінші барлау ұңғымасынан мұнай атқылады.

Алғашқы сараптамалар бойынша аталған жер учаскесінде құрамында күкірті жоқ, сапасы өте жоғары мұнай мен газдың қоры бар. Мамандардың айтуынша, қазақ елі тәуелсіздік алған тұстан бері бүгінде Маңғыстау өңірінде ашылған ең ірі кеніш деп атауға толық негіз бар.

Қазақстан мұнайшы-геологтар қауымдастығының президенті Балтабек Қуандықовтың айтуынша, жаңа кен орны даңқты маңғыстаулық геолог-барлаушы Халел Өзбекқалиевтің есімімен аталады.

кен1.jpg


Өз басым бұл ұңғымадан қазіргі уақытта шығып тұрған мұнайдың өлшемін, мысалы, 6 милиметрлік штуцерден шамамен 130-140, ал 8 милиметрлік штуцер бойынша 230-240 текше метр деп айта аламын. Еліміз егемендік алғалы бері мына Жаңаөзендегі не болмаса Қаламқас, Жетібай, тағы басқа да кен орындарымен салыстырып қарайтын болса, дәл осындай мөлшерде өнім беріп тұрған скважина жоқ. Алдағы уақытта бұл маңда үлкен көлемді жұмыстар атқарылатынына сенемін. Түрлі құрылыс кешендері бой көтеріп, жол салынады. Инвестициялар құйылады. Ең бастысы, аймақ тұрғындарына жаңадан жұмыс орындары ашылады. Осы себепті мұндай қуанышты жаңалықпен барлық қазақстандықты құттықтаймын, - дейді геология және минералогия ғылымдарының докторы.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңындағы қуанышты хабарды Б.Қуандықов бүгін аймақ әкімі Серікбай Трұмовқа жеткізді.

Келешекте бұл жерден алынатын мұнайдың қысымы, дебиті, газдық факторы және басқа да өлшемдері бойынша анықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Жаңа кеніш әуелден қолданыста бар «Қарақұдық», «Арыстан», «Комсомольское» секілді кен орындарына жақын орналасқан, - деді ол облыс басшысымен кездесуінде.

Өз кезегінде Серікбай Өтелгенұлы Қазақстан картасында пайда болған жаңа кеніштің қолданысқа енуімен мұнайлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс көздерін құруға мүмкіндік болатынын тілге тиек етті. Мұнайшылардың халық игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі.


Өзгелердің жаңалығы