Қазақстандық танкішілер кезекті сайысқа дайындалып жатыр

8 Мамыр 2021, 08:45
1279
Бөлісу:
Қазақстандық танкішілер кезекті сайысқа дайындалып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аягөздегі танк бригадасы 1942 жылы құрылып, Еуропадағы бірнеше қаланы фашистерден азат етуге қатысқан, деп хабарлайды «Хабар 24». 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты бригадаға 20 жыл бұрын Қаракерей Қабанбай есімі берілді. Еламан Әбішев басқаратын экипаж Мәскеу түбіндегі Алабино полигонында өтетін халықаралық байқаудан жүлдесіз қайтқан емес. 

Мен өзім осы Қабанбай батыр атындағы 1810 әскери бөлімінде қызмет атқарамын. Бұрынғы батырлар Қубас атпен жаудың бетін қайтарған болса, қазіргі таңда біз өзіміздің Т-72 танкісімен Отанымызды қорғап, қызметімізді атқарып жүрміз, – дейді №10810 әскери бөлімінің рота командирі Еламан Әбішев.

Салмағы 40 тоннадан асатын мына алып техниканы басқару үшін де терең білім, табанды талап керек. Еламан бала кезінен әскери болуды армандапты. Алматыдағы құрлық әскерлері институтын тәмамдаған ол 7 жылдан бері Аягөзде қызмет етеді. Оның экипажы жыл сайын Ресейде өтетін халықаралық танк биатлоны жарысынан жүлдемен оралып жүр. 

35 мемлекеттің ішінен суырылып алдыға шығу оңай дүние емес, ол тыңғылықты дайындықтардың нәтижесі, - дейді жас қыран. 
Көздеушінің өзінің нысанға дәл тигізуінің арқасында танк командирінің экипажымен дұрыс бағдар беруінің нәтижесінде біз жоғарғы жетістіктерге жеттік және мен өзімнің тәуелсіз мемлекетіммен құрдас болуымды өте мақтан етемін. Тәуелсіз еліміз мәңгілік болсын! Әскери техникаларымыздан оқтарымыз соғыс кезінде емес, тек жаттығулар кезінде атыла берсін! – дейді №10810 әскери бөлімінің рота командирі Еламан Әбішев.

Еламанды қызмет келгенде сағына күтіп алатын сүйікті жары, қос құлыншағы бар. Әскери қызметтегі зор жетістіктер отбасындағы берекеге байланысты. Ал Ақерке мұның бәрін жақсы түсінеді.
Әскери адамның жары болу қиын деп айтып жатады. Алайда менің тарапымнан ешқандай қиындықты байқамадым. Ең бастысы бұл жерде сыйластық, сүйіспеншілік, махаббат қой. Махаббат болған жерде бәріне шыдайсың, төзесің. Әскерилерге негізінен барлық жағдайлар жасалған, өз баспанамыз бар, Аллаға шүкір. Алла қаласа болашақта көп балалы отбасы болуға ниетіміз бар, қазақтың елін-жерін қорғайтын батыр ұл мен қыздарды өсіріп, тәрбиелеуге деген құлшынысымыз үлкен, – дейді Еламанның жары Ақерке Сәрсембина.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Аягөз гарнизонында биыл тағы бірнеше тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосу жоспарланған. Яғни әскерилердің әлеуметтік жағдайларын жақсартып, тұрмыс сапасын арттыру басты назарда.
Өзгелердің жаңалығы