Бас жаңалықтар
Қазақстандықтардың аты-жөндерін латын қарпімен жазу ережелері әзірленеді
18 Ақпан 2021, 16:39 469

Қазақстандықтардың аты-жөндерін латын қарпімен жазу ережелері әзірленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қазақстан Республикасы азаматтарының аты-жөндерін латын негізді әліпбимен жазылу ережелері әзірленбек. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде вице-министр Нұрғиса Дәуешов мәлім етті.

Президент Тоқаевтың қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарына қатысты берген тапсырмаларына сәйкес әліпбиді жетілдіру бағытында мақсатты жұмыстар атқарылды. Орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және техникалық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының отырыстары өтті. Республика аумағында әліпби жобасын ашық талқылау, апробациядан өткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Жаңа әліпбидің емле ережелері, конвертер, пернетақта және таңбалардың ІТ технологияға сәйкестігі мәселелері жан-жақты талқыланды, - дейді Нұрғиса Дәуешов.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізіледі. 

Атап айтқанда, «Абай институты» атты Қазақстанда және шетелдерде қазақ тілін үйрету және ілгерілету бағдарламасын жетілдіріп, қолданыс аясын кеңейту жоспарланған. Одан бөлек қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусын әзірлеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ ел  азаматтарының аты-жөндерін латын негізді әліпбимен жазылу ережелері әзірленбек. Республика аумағындағы географиялық объектілердің және олардың құрамдас бөліктерінің атауын латын графикасы негізінде стандартталады. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға бағытталған ғылыми-лингвистикалық базасын құру көзделген, - деді вице-министр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...