Әкелер форумы: Ұрпақ тәрбиесінде неге мән беру керек

13 Қыркүйек 2019, 21:06
5732
Бөлісу:
Әкелер форумы: Ұрпақ тәрбиесінде неге мән беру керек
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бурабай қаласында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы Ақмола әкімдігімен және «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, ІV Республикалық әкелер форумын өткізді.

Форумда отбасы институтын және әкелердің отбасылық тәрбие берудегі рөлін нығайту мәселесі талқыланды.

20190913110015_IMG_9392-01 (2).jpeg

«Бала жақсы атқа іліксе де, жаман атқа іліксе де ел алдымен «кімнің баласы екен?» деп сұрайды. Сонда, ол баланың бірінші әкесінің аты аталады. Қазіргі уақытта отбасының тәрбиесін аналардың мойынына іліп қойған секілдіміз. «Арыстаннан алтау туғанмен абадан болар біреуі, жылқыдан жетеу туғанмен тұлпар болар біруі, атадан алтау туғанмен заманы оның келгенде, елінің қамын ойлайтын заңғар болар біреуі» деген. Әкесіз ұл – шатырсыз үй секілді. Бүгінгі форумға әкелермен бірге аналарды да шақыру керек еді. Себебі, әкенің отбасындағы беделін асырып, қоғамдағы орнын әйелдері арттырады», - деді Мемлекет басшысының кеңесшісі Мақсат Сқақов.

Сонымен қатар, форум барысында ұрпақ тәрбиелеуде қандай қателіктерге мән бермей жүргендігіміз туралы да айтылды.

«Қазір барлығымыз бала тәрбиелеп отырған әкеміз. Күнсайын өзгеріп, қарыштап дамып жатқан заманда сол ұрпағымыз енді жиырма жылдан кейін кім болады? Жиырма жылдан кейінгі қоғамға керекті, өз орнын табатын тұлға бола алады ма? Біз бүгінде баланың болашағына қарағанда бүгінгі жағдайына көбірек мән береміз. Балаға бүгіл жағдай жасағанмен мәселе шешілмейді. Керісінше мәселе басталады. Себебі, баланың бойында «өндірушілік» емес, «тұтынушылық» қабілет қалыптасады», - деді Аскер Пириев.

20190913122941_IMG_9457.JPG

Сондай-ақ, ол өзінің отбасындағы бала тәрбиесі туралы тәжірибесімен бөлісті.

«Мен кейде жұмыстан келгеннен кейін үйдін жарығын өшіріп тастаймын. Үйде жарық сөнсе телефон да, теледидар да, интернетте болмайды. Сосын барлығымыз қонақ бөлмеге жиналып май шамның жарығымен кітап оқимыз. Осылай екі үш мәрте қайталадым. Қазір ұлдарым: «Әке, кешке тағы да жиналып отырайықшы» дейтін болды», - дейді Аскер Пириев.

Форумның жұмысына Парламент депутаттары, Ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ үлгі боларлық өнегелі әкелер - барлық өңірлерден келген делегаттар қатысады.

Өзгелердің жаңалығы