Бас жаңалықтар
Құрақ құрайтын қыз-келіншектер айына 500-700 мың теңге табады – Ырза Тұрсынзада
07 Наурыз 2020, 11:04 1597

Құрақ құрайтын қыз-келіншектер айына 500-700 мың теңге табады – Ырза Тұрсынзада

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Құрақ құрау – қолда бар мата қиындыларын бір-біріне жалғап, жапсырып тігу емес, құрақ құрау – тігін өнерінің биігі, үйлесім мен үнемнің әдемі қиюласып, бірін-бірі тапқан тұсы. Қазақ құрақ өнерін жаңғыртып, жаңартып, көптің қолы жетер өнер түріне айналдырып, бұқаралық мәнге ие болуына қызмет етіп жүргенің аздың бірі – Ырза Тұрсынзада. 

Күні кеше Шымкентке келген қолөнерші осында өткен KORPE FEST мегафестиваліне қатысты. Дәлірегі осы мегафестивалге келген көпбалалы аналар мен тігін кәсібінің қыр-сырын үйренуге ұмтылған 200-ден астам қыз-келіншекке шеберлік сабағын өтті. Құрақтың мән-мағынасын танытудан бастап, оны құрап, тігудің сырын ашып, дайын көрпе-жастықты қалай сатуға болатынына дейін үйретті. Осы KORPE FEST аясында "Алтын сапа" премиясының жеңімпазы, "Құрмет" орденінің иегері, республикалық ақпараттық ағарту үгіт-насихат штабының төрайымы Ырза Тұрсынзадамен аз-кем әңгімелестік. Төл өнерді жаңғыртып, көпке жеткізіп жүрген құрақшының әңгімесі де әйелдер турасында көбірек өрбіді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында сәті түскен сұхбат болса керек-ті, Ырза Тұрсынзада айтарының көп бөлігін құрақ құрау әйел өмірінде қандай табысты кәсіпке айналатыны туралы өрбіді.

 - Шымкентке қош келдіңіз! Шымқала жұрты, соның ішінде сіз кездесіп, бел ортасында жүрген қыз-келіншектер қауымы қалай қарсы алып жатыр?

 - Шымкент еліміздің ең ерекше мекендерінің бірі ғой. Келіп түскен сәттен бастап тек жылуды сезінесіз. Жылылық ұялаған өңір. Ауа райы қандай жылы болса, адамдары да сондай мейірімді. Кісінің не бақуат, не кедей тұрмыс кешіп жатқанын еш айыра алмайсың. Бәрі бірдей жылы жандар. Осы "Көрпе фест" фестиваліне арнайы шақырды. Фестиваль аясында "Аналар аманаты" атты шеберлік сабағымды өтемін.

 - Бұл KORPE FEST-тің мақсаты қандай?

 - Айналдырған 30 жылдың ішінде қу нарық бәрімізді қамшылап-ақ жатыр. Бәрімізді қара малдың табанына салды. Бәріміз күні-түні мал табудың соңында кеттік. Сөйтіп жүріп, ғасырлар бойы ұлтымыздың бойында қалыптасқан рухани құндылық пен рухани тәжірибені жоғалтқан сияқтымыз. Ері де, әйелі де, бәрі-бәрі мал табудың соңында кетті. Баяғы кие қайда? Кие қонған аналар қайда? Заман өзгерсе де рух бар ғой. Рухты жоғалтпай ұстайтын аналарымыз ала дорба арқалап дүниені кезіп жүр. Базардан шықпайды. Неге сол аналарымыз үйінде отырып-ақ осы ұлттық қолөнерімізбен айналыспасқа? Неге олар табыс табумен қатар, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртпасқа? Бұл – ерекше кәсіп. Мәселен, менен дәріс алып, құрақ құраудың қыр-сырын үйренген шәкірттерім осы қолөнермен айналысып, айына 500-700 мың теңге табыс тауып отыр. Осы Шымкенттен де бір шәкіртім бар. Сол "апа, мен айына 2 миллион табамын" деп айтады. Ал астанадағы 9,10 жасар қыздарым айына 150 мың теңге табады. Қазір "Қыз жасауына" сұраныс өте жоғары. Күннен күнге артып келеді. Шымкентте "абысын қоржын" деген өте кең тараған. Алдын-ала тапсырыс қабылдайды. Айына пәленбай сом табыс түседі. Қазақтың көзі тірісінде бұл кәсіп өлмейді. Қазақ қазақтығын сақтаса, бұл – мәңгілік кәсіп. Шүкір, бізде той көп. Қонағымызды ешқашан да ренжіткіміз келмейді. Қонақты өте керемет, жоғары дәрежеде күтіп алу қанымызда бар. Қазір барлық тойда қолөнер бұйымдары сұранысқа ие. Сондықтан да бұл – болашағы жанып тұрған кәсіп.

- Ұзақ уақыт шетелде тұрғаныңызды білеміз. Қайда болдыңыз?

 - Мәскеуде ұзақ уақыт тұрдық. Елдің сыртында тұрып, ұлттық болмысымызды сағынып келеміз. Бірақ елге оралған соң "сағынысып қауышам" деген жағдайлар мен ойлағандай болмады. Қарным ашты. Ұлттық құндылықтарымызды өзіміз менсінбейді екенбіз. Біз – жөргегімізден жиіркенетін халықпыз. Өз тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеуге, мәдениетімізді танытуға, ұлттық киімімізді киюге ұяламыз. Камзол, бүрмелі етек, оюлы шапан киюге ыңғайсызданамыз. Өйткені, өте еліктегіш халықпыз. Шетелден келген соң, ақырындап қыз-келіншектермен араласа бастадым. Өңірлерді араладым. Тегін шеберлік сабақтарын тіп, тігін машиналарын тегін тараттым. Небір қолөнерге бейім қыздар мөлдіреп тұрады, бірақ қолында тігін машинасы жоқ. Оларға ең алдымен сахналық емес, қалыпты жағдайда, күнделікті қолданатын киім үлгілерін дәріптеу үшін араларында байқау ұйымдастырдым. Сол жерге қымбат маталарымды алып келдім. Соларды беріп, қазақша киім тігуді үйреттім. Мұндағы басты мақсат – осы қазақтың аналары қара шаңырағына қайтару еді. "Ала дорбаны тастаса, бала-шағасының жанында болса екен" деген тілек болды. Осылайша "олар да айына 500-700 мың болмаса да 200-300 мың теңге табыс тапса екен" деп ойладым.

Бұл қаржыны қыз-келіншектер шаңырағында отырып-ақ табады. Бастыққа тәуелді болмайды, уақытқа тәуелді болмайды. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін отыру міндет емес. Өзі би, өзі қожа. Тек шабытыңа ғана тәуелдісің. Керемет емес пе? Ешкімге алақан жаймай, қолөнермен айналысып, арманына жетеді. Енді бір жағынан ұлттық құндылықтарымыз осындай аналардың арқасында тарихтан тарихқа жалғасады. Тағы бір айтарым – осылайша ер азаматына қолдау көрсетеді. Мұндай әйелдер мықты ұрпақ тәрбиелейді.

Мәселен, Райымбек батырымыз 12 жасында жоңғарға қарсы шығам деп анасынан келіп бата сұраған екен. 15 жасар Абылайхан жоңғардың батырына жекпе-жекке шығады. Міне мұның бәрі анасынан алған, әкесінен көрген тәрбие. Қазақтың да санасын оятатын әйелдер қауымы. Әзірге шеберлік сабақтарымның нәтижесі жаман емес. Шүкір, өз кәсібін ашып, өз алдына шәкірт тәрбиелеп жүрген шәкірттерім де көп.

- Шеберлік сабақтарыңызды әлеуметтік желі арқылы үйренуге бола ма?

- Әрине, болады. Бірде Америкадан келген қазақ балалар мені тауып алып: "Апа, сіздің осы сабақтарыңызды ютубқа салайық" деді. Сөйтіп олар қазақ даласында алғаш рет құрақ құраудан кәсіби шеберлік сабақтары жарияланатын ютуб канал ашты. Қазір сол каналды бүкіл дүниежүзі көріп отыр. Сосын мен инстаграмға кеш келсем де оқырмандарым бар. Мені іздейтіндер сол жақтан тауып алады. Қыздарға каналымды нұсқап жіберемін. Қыз-келіншектердің көбі сол жақтан үйренді. Мен көбінесе қазақи ұлттық интерьерді жасаймын. Шаңырақ интерьерін, шаңырақ мұражайын жасаймын. Бүкіл тарихын іздеп, шежіресіне дейін зерттеп, сол тарихты қазаққа таныстырамын. Жай сөзбен емес, қазақтың ұлттық қолөнері арқылы таныстырамын. Менің бағытым осындай. Ал киімді көп тіге бермеймін. Шетелге көрмемен барған кездерде ғана өзіміздің қыздарға киім тігемін. Бірақ, ұлттық киім тігетін шәкірттерім көп. Әзірге осы бағытты түбіне дейін жеткізгім келеді.

- Сіздің шеберлік сабақтарыңызға көбіне көпбалалы аналар келеді екен. Мұның себебі неде?

- Мен де бұны кейін келе байқадым. Рас айтасыз, шеберлік сабағыма қатысуға келетін қыз-келіншектердің – 80 пайызы көпбалалы аналар. Оларға сұрақ қойып жатпаймын. Тек үш күндік семинарды барынша ұтымды қолдану үшін шеберлік сабақ төңірегінде сөйлесеміз, үйретеміз. Көп балалы аналар балаларынан-ақ босай алмайды. Олар жұмыс істемейді. Сондықтан шаңырағында отырып, өз кәсібін бастап, табыс тапқысы немесе уақытын тиімді пайдаланғысы келеді. Себебі бұл, құрақ кұрап, көрпе-жастық тігіп, жасау дайындау - көпбалалы аналар үшін де, үйде отырған келіндер үшін де өте ұтымды кәсіп. Бұл бір жағы. Екінші жағынан, қыздарға үнемі айтатыным: Бұл өнерге жай қыз келмейді. Бұл өнердің басына ұлттық дүниенің құдіретін, қасиетін, құндылығын білетін, сезетін, сезінетін киелі адам келеді. Мен үшін осы әйелдер – ең мықты, рухты әйелдер.

- Әйелдер сізден нені үйренеді?

- Әйелдер "сіздің дүниеңіз бәрібір ерекше" деп айтады. Енді менің тәжірибем бар ғой. Бала күнімнен құрақ құрадым. Мені осы өнерге баулыған анама, апама, нағашы апама рахмет. Кішкентай кезімнен үйренім себепті  менің әрине өзіндік құпияларым бар. Мен сол құпияларыммен бөлісе отырып, қалай мінсіз сапа жасауға болатынын үйретемін. Ұлттық дүниені мына заманда қалайша брендке айналдыруға болады. Бұған кез келген қазақ әйелінің толық мүмкіндігі бар. Мен қыздарды тек қана тігінге үйретпеймін. Олар ең бастысы – технологиясын үйренеді. Содан кейін оны қалай бренд қылуға және қазақ әйелінің болмысын қалай жаңғыртуға болады, деген сауалға жауап іздейді. Соның бәрі үйлесіп келіп, көнеден келе жатқан қазақ салты-дәстүрін, әдет-ғұрпын, санасын, болмысын, мәдени тәжірибесін қыздар жаңғыртады. Қазақта кез келген кәде бір дәстүрге арналады.

Әлемнің көптеген қаласына бардым. Дүниежүзінің ең алдыңғы қатарлы этникалық брендті жасап жүрген француз, жапон дизайнерлерімен бірге жұмыс істедім. Олардың жасаған дүниесін көрдім. Кез келген ұлттың бүкіл түп тамырын, салтын, ғұрпын сақтайтын осы ұлттық қолөнер. Ал қазақ қолөнері – өнердің ең күрделісі. Технологиясы өте күрделі. Мен бұны қазақ болғандықтан мақтанып айтып отырған жоқпын. Кәсіби маман ретінде ұлтымыздың қолөнері ең күрделі екенін айтқым келеді. Өкінішке қарай, осы өнердің бағасы әлі берілмей жатыр.

- Әйткенмен, біздің қолөнеріміз қошқармүйіз оюының айналасынан шыға алмай қалмады ма?

- Ол бекер емес. Біздің халқымыздың төл кәсібі мал бағу ғой. Қошқармүйіз – сол қошқардың мүйізі. Ол бүкіл ою-өрнектің негізін қалаған. Қошқармүйіз тоқшылықтың, берекенің, байлықтың нышаны. Қошқармүйізге қарап отырсаң, сондай әдемі көрпеше шығады. Бұл оюдың интерьерге қосатын символы ерекше. Біз ырымшыл халық болғандықтан еріксіз қошқар мүйізді қолданамыз. Сондықтан да қошқармүйіздің орны бөлек. Дегенмен М. Әуезовтың: "Заманға қарай салт-дәстүр бейімделу керек" деп айтқаны бар. Міне, сол себепті де жасап отырған адам өзінің қиялына сай ою-өрнекті де кең көлемде қолдануына болады. Көптеген тігіншінің қиял ұшқырлығы осы ою-өрнекті қолданғанынан-ақ байқалады.

Сосын мен көрпе деген атауды қаламаймын. Қыздарға 4 көрпе, 4 жастық тіге салмай, соны «менің туындым, менің шығармам» деп жасауын үнемі айтып отырамын. Тіккен затыңызға ат беріңі. Мәселен, инстаграм парақшамда көрпені көрпе деп ешқашан айтпаймын. Бағасын да айтпаймын. Менде оюлы әуендер немесе әуенді оюлар деген көрпелер бар. Ол көрпелерде қошқар мүйіздің алуан түрін бір-біріне араластырып қолданамыз.

- Әңгімеңізге рахмет! 

Фото: автордан
Загрузка...