Кембридж мектебінің тәжірибесімен әзірленген оқулықтар бойынша білім алады – Бүркітбай Аяған

15 Тамыз 2019, 17:08
2320
Бөлісу:
Кембридж мектебінің тәжірибесімен әзірленген оқулықтар бойынша білім алады – Бүркітбай Аяған

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Таяу арада еліміздегі мектеп мұғалімдерінің тамыз кеңесі өтеді. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен үлкен форум ұйымдастырылмақ. Соған байланысты бүгін Білім және ғылым министрлігі кең ауқымды семинар өткізді. 

Іс-шараға қатысқан Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған онда ғылымның дамуы, білім беру саласын жаңғырту, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының іске асуы сынды мәселелер қаралғанын айтты. 

«Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Мемлекеттік тарих институты аталған тақырыптар негізінде арнайы конференциялар, басқосулар өткізген болатын. Оңтүстік аймақтарға, Шығыс Қазақстанға экспедициялар да жасадық», - дейді ғалым. 

Бүркітбай Ғелманұлының сөзінше, соңғы жылдары аталған институт халықаралық байланыстарды да жүйелі іске асыруда. Мәселен, жақында Тұңғыш Президент қорымен бірлесіп жастарға арналған форум өткізген. Ресей, Өзбекстан, Қырғыз, Франция, Голландия мемлекеттерінің ғалымдарымен ынтымақтасып, іргелі істерді атқарып жатыр. Ресей Федерациясының тарих иститутымен бірге салалық кеңес құрған. Бұл кеңестің құрамында тарихшылар ғана емес, археологтар да, мұрағатшылар да бар екен. 

«Мұның көптеген артықшылықтарға ие екенін айтуға тиіспіз. Мәселен, Ұлы Отан соғысыына қатысты құжаттарды, майдангерлердің тағдыры жайлы нақты мәліметтер мен тың деректерді жинастырудамыз. 

Мен мұны неге айтып отырмын? Ертең Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін форумда Қазақстанның орта мектептеріндегі оқулық мәселесі көтерілетіні анық. Онда оқулықтардың заман талабына жауап беретіндігі немесе мәселелері қаузалады. Осы орайда біз аталған бағытта атқарылған шаруаларға, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысында туған кедергілерге, сындарға жауап беруге тиіспіз. Ғылым мен мектеп, ғылым мен өндіріс арасындағы қарым-қатынасты жақсарту және жаңа жолдарын көрсетуді мақсат тұтамыз», - дейді Б.Аяған. 

Осыдан он-шақты жыл бұрын мектеп оқулықтары, ҰБТ сұрақтары бойынша көптеген сын айтылғаны есімізден шыға қойған жоқ. Профессордың мәліметінше, осы уақыт аралығында көптеген кемшіліктер жойылыпты, олқылықтарға назар аударылған. 

«Қазіргі кезде оқулықтар сапалы деп айта аламын. Бірақ бұл білім саласында проблема жоқ деген сөз емес. Атқарылуға тиіс жұмыс шаш-етектен. Алайда, «Көштің жүре түзелетінін» де түсінгеніміз абзал. Биыл «Атамұра» баспасынан Қазақстан тарихы пәнінен жаңа типтік оқулықтар дайындалып, басылды. Келе жатқан жаңа оқу жылында 8-9-10 сынып оқушылары сол Кембридж мектебінің тәжірибесімен, батыстық технологиямен әзірленген оқулықтарымен білім алатын болады. Бұл қазіргі заманға, уақытқа сай, барлық заманауи талаптарға сәйкес», - деп толықтырды сөзін ғалым. 

Өзгелердің жаңалығы