Кембридж университетінің өкілі «Достық» орденімен марапатталды

30 Қыркүйек 2020, 21:55
1194
Бөлісу:
Кембридж университетінің өкілі «Достық» орденімен марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кембридж білім беру бойынша серіктестігінің басқарушы директоры Джейн Манн II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі. 

Марапат Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, философ және ағартушысы Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттауға сіңірген еңбегі үшін берілді.

Дж.Манн басшылығымен Кембридж университетінің баспасында Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі алғашқы толық жинағын басып шығару жөніндегі бірегей жобасы жүзеге асырылуда. «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ-мен (ҰАБ) бірлесе отырып, жүзеге асырылатын жоба шеңберінде атақты британиялық ақын Шон О’Брайен Абай поэзиясын аударумен айналысады, ал қара сөздерді тәржімалау міндеті белгілі шотланд жазушысы және ақыны Джон Бернсайдқа жүктелген. Ағылшын тіліндегі басылым – аты аңызға айналған қазақ ақынының шығармаларын әлемнің он тілінде жариялау жөніндегі ҰАБ-ның ауқымды жобасының бір бөлігі.

Марапатты табыстай отырып, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов Дж.Манның және Кембридж университеті баспасының ұлы Абайдың мұрасын ағылшын тілді аудиторияға танымал етуде ғана емес, сонымен бірге екі ел мәдениеттерін өзара жақындастыру ісінде де зор үлесі бар екендігін атап өтті. Кембридж университеті көптеген жылдар бойы Назарбаев Университетімен және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен қазақстандық білім беруді дамыту саласында табысты қызмет етіп келеді. Ал 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Кембридж университетінің баспасы ҰАБ-мен бірлесіп, ағылшын тілінде заманауи қазақ әдебиетінің алғашқы екі томдық антологиясын (поэзия мен проза) жариялап, әлемнің жетекші университеттері мен кітапханаларына жеткізді.

Өз кезегінде Дж.Манн бүгін Кембридждің қосар үлесі Абай миссиясын жалғастыру және қазақ әдеби дәстүрін өте кең халықаралық ауқымда ілгерілету арқылы дамытуға ықпал ету екендігін мәлімдеді.

«Достық» орденімен марапатталу тек жеке өзім үшін ғана емес, Кембридж университетінің бүкілұжымы үшін үлкен мәртебе және зор құрмет. Бұл – Қазақстан мен Кембридж арасындағы достықтың, бірге атқарған жұмысымыздың және бірге қолға алған бастамаларымыздың тамаша белгісі. Жұмысымыз осылай танылғанын біз аса бағалаймыз, – деп атап өтті ол.

Өзгелердің жаңалығы