Бас жаңалықтар
Кешегі және бүгінгі Арыс
PHOTO
24 Маусым 2020, 09:25 956

Кешегі және бүгінгі Арыс

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Арыс қаласы. Таңғы мезгіл. Күн төбеден шақырайып тұр. Ауа температурасы +35 °C! Қалада көліктер әрлі-берлі дамылсыз ағылуда. Тұрғындар алаңсыз тіршіліктерін кешіп жатыр. Бұл – бүгінгі Арыс.

0F6A0111.JPG

Ал осыдан бір жыл бұрын, 24 маусым күні Арыс халқы дүрбелеңге түсіп еді. Таңғы сағат 09:20 шамасында №44859 әскери бөлімінде оқ-дәрі салдарынан жарылыс болып, қала халқы қорыққаннан үйлерін тастап, жан-жаққа тым-тырақай қашқан болатын. Зуылдап ұшып жатқан оқ-дәрілер үйлердің, басқа да маңызды ғимараттардың шатырын, есік-терезесін қиратып жатты. Әп-сәтте қала көк түтінге оранып, бейнебір соғыс болғандай аласапыран күй кешті.

WhatsApp Image 2019-09-24 at 21.55.45.jpeg

Дәл сол күні Арыс қаласымен шектесетін Ордабасы ауданы Ақжол елді мекеніндегі Жамбыл орта мектебінің ғимаратында оперативті штаб құрылып, шұғыл түрде облыста төтенше жағдай жарияланды. Қала тұрғындары қауіпсіз аймақтарға оқшауланды. Түркістан облысының барлық ауданы мен Шымкент қаласының эвакуациялық пункттерінде Арыс қаласының 30 мыңнан астам азаматы тіркеліп, оларға толығымен жағдай жасалды. Штаб төрағасы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен Арыс қаласы 17 секторға бөлініп, тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, қаланы қоқыстан тазарту мақсатында 17 штаб құрды. Әр облыстан және Түркістан облысының барлық аудан әкімдері, Арыс қаласы әкімдігінің қызметкерлері тиісті аумаққа жауапты болып бекітілді. Ал соңғы жарылыс 25.06.2019 жылы сағат 12:50-де тіркелді.

0F6A6438.JPG

Арыс қаласы қаңырап бос қалды. Ертесіне қалаға кіретін барлық жолдар жабылды. Себебі қауіптің беті әлі қайтпаған еді. Сол себепті тұрғындардың және мемлекеттің мүлкін сақтау, қауіпті аймаққа кіруге тосқауыл қою мақсатында полиция, Ұлттық ұлан жасақтары тартылып, 9 блок-бекет, 75 жаяу жасақ, 15 автопатруль, 3 сауытты автокөлікпен қамтылған жедел әрекет ету топтары құрылды. ІІМ жеке құрамы мен Қорғаныс министрлігі бірлесіп қалаға кіреберіс күре жолдарға 90 қосымша тосқауыл қойды.

cbb69085-1a62-4c41-b0c9-35cf87941fe9.jpg

Қорғаныс министрлігінің өртке қарсы қорғаныс және ТЖК 12 дана өрт сөндіру автоцистернасы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймаларында сөндіру жұмыстарымен айналысты.

6043d27d-c4f9-4e40-8869-8bd3a620a876.jpg

Төтенше жағдай комитеті мен "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның өрт сөндіру пойыздары Арыс өзенінің арнасы арқылы үздіксіз сумен қамтамасыз етіп отырды. Жарылыс болған 4 оқ-дәрі қоймасын сөндіру үшін ТЖК 2479 текше метр су жеткізіп, оның 1580 текше метрін жұмсады. Нәтижесінде 2 қойма сөндірілді. Қаладағы шашылып жатқан оқ-дәрілерді жинауға 80 саперлік жасақ, яғни 1487 адам жұмылдырылды. Қаланың іші-сыртын, әскери бөлім, теміржол стансасы мен жолдарын тазалау нәтижесінде 31 806 дана оқ-дәрі мен қалдықтары табылды.

WhatsApp Image 2019-09-24 at 21.54.08.jpeg

Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шараларын Жамбыл және Қызылорда облысының мамандары жүргізіпті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арыстағы атмосфералық ауаның таза, судың және топырақтың ластанбағандығы және радиация жоқтығын айтып, халықты тыныштандырды.

b6574640-d79d-4ce6-af2e-4aa51a210779.jpg

Жарылыстан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің 155 маманы, 22 техника Арыс қаласындағы 41 нысанда тексеру, дезинфекциялау және ветеринарлық қызмет өлген жануарлардың өлексесін жою және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді.

WhatsApp Image 2019-09-24 at 21.53.50.jpeg

Арыс қаласы бойынша 17 секторда жалпы 8626 үй бар. Оның ішінде жеке үй саны 8522, көпқабатты үй саны – 104. Үйлерге келген зардаптарды зерделеу барысында 7635 үй, оның 7532-сі – жеке үй, көпқабатты 103 үйдің зақымдалғаны анықталды. 480 үй, оның 477-сі – жеке үй, 3 – көпқабатты үй жарамсыз деп танылды. Жөндеуді қажет ететін 7155 үй, жеке үй – 7055, көпқабатты 100 үйде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.

WhatsApp Image 2019-09-24 at 21.55.59.jpeg

Жарамсыз деп танылған 480 үйдің құрылысы аяқталып, қазіргі таңда тұрғындар өз баспаналарында тұрып жатыр.

2020-06-04 14.51.34.jpg

Арыс қаласы Көктем шағын ауданы, Т.Лепсіұлы көшесі, №13 үйдің тұрғыны Әкімбек Анарбеков жарылыс кезінде үйі мен жапсарлас салынған дүкені қирап қалғанын, ол күндердің қайтадан болмай-ақ қоюын еске алып өтті.

2020-06-04 14.39.46.jpg

Сол күні сағат таңғы 9-да әскери бөлімде үлкен жарылыс болды. Жарылыс кезінде үйден шығып кетуге мәжбүр болдық. Үйде 7 адам едік, көлігімізбен шықтық. Біз кетіп бара жатқан кезде есіктер ашылып, терезелер сынып жатқан. Шымкент бағытына қарай жол тарттық. Ленгір қаласындағы құдаларымыздың үйіне бардық. Қалаға 30 маусым күні бір аптадан кейін келдік. Кетерде үйден ешқандай зат алып үлгере алмай қалдық. Балаларым балабақшада еді, біреуін жолдан тауып алдық, біреуін Шымкенттен таптық. Балабақшаға іздеп барсақ, ешкім жоқ, дабылмен әкетіпті. Телефонға хабарлассақ, байланыс жоқ. Барлығы қалаға қарай кетіп бара жатқан соң сонда шығар деп ойладық. Баламның біреуі 4-те, біреуі 2 жаста болатын. "Бекжан базары жақтағы мешітке 15 шақты баланы апарып тастады, сол жерден көрсеңіздер болады" деп айтты. Барсақ, балам ойнап жүр екен. Қазір айтсақ, адам сенбеуі мүмкін. Біразға дейін бойымыздан үрей кетпей жүрді. Екі аптадан соң үйді жөндеу жұмыстары басталды. Бір айдың ішінде бітіріп берді. Мүгедек балам бар, қайырымдылық қорынан бізге тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш машина берілді. 100 мың теңгеден көмек алдық. Жөндеу жұмыстарына ризамын. Қазір күнделікті тіршілігіміз бен саудамызды жүргізіп жатырмыз, - деді қала тұрғыны Әкімбек Анарбеков.
0F6A6713.JPG

Жалпы, құрылыс жұмыстары шілде айында басталды. Қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің 16 облысынан және Нұр-Сұлтан қаласынан 190 құрылыс компаниясы, 6 мыңға жуық құрылысшы мен 207 арнайы техника қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.

0F6A0075.JPG

Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың 28 маусымы күні басталып, жыл соңында аяқталды. Ал қыркүйек айында негізгі құрылыс нысандары бітіп, пайдалануға берілді. Бірінші болып Атырау облысы құрылыс жұмыстарын аяқтады.

0F6A0071.JPG

28 маусым күні таңғы сағат 6:00-ден бастап Арыс халқын Шымкент қаласынан тасымалдауға 3 блок-бекеттен 302 автобус және 7225 жеңіл автокөлік бөлінді.

fc5138cbea3bce2005bd4d505d0a36cb.jpg

Сол күннен бастап қалада және қалааралық көлік қатынастары мен теміржол бекетінен Қазақстанның барлық бағыттарына пойыздар кестеге сәйкес қатынай бастады.

2020-06-04 15.54.57.jpg

Арыс қаласы, Астана көшесі, №7 үйдің тұрғыны Зейне Байырбекова үйдің құрылыс жұмыстарын Жамбыл облысының жүргізгенін айтып берді.

Оқиға болған күні келінім жұмыста еді. Жарылыс болып жатыр, қашыңдар деп хабарласты. Үйге кіріп, жарықты өшіріп, құжаттарды алып шықтым. Қасымда бес немерем бар. Біз шығып жатқанда есік-терезелер мен қорамыз қирап қалды. Көшеге шықсақ, адам көп, абыр-сабыр. Адам ағынымен ауруханаға қарай жүгірдік. Жеңіл көлікке мініп, одан бортовой көлікке мініп, Бадамға жеттік. Келсек, жол жабық. Күндізгі сағат 11:00 болды. Күн деген ыстық, немерелерім шөлдеп, су іздеп кеттік. Бір жеңіл көлік алдымызға келіп тұра қалды да, Шымкентке қызымның үйіне дейін жеткізіп тастады. 28-і маусым күні үйге қайтадан оралдық. Оқтың бәрі жоқ, теріп алған. Келсек, қалада әлі иіс бар, су ішейік десек, қорқамыз. Суды залалсыздандырамыз деген соң дүкендегі жабық суды іштік. Тоңазытқыштағы азық-түліктің бәрін тастадық. Люстралар қирап, әйнектің бәрі сынған. Құрылысшылар біздің үйде жатты. Үйге сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов келіп, жағдайымызды сұрады. Құрылыстың жағдайын бақылап кетті. Жөндеу жұмыстарын қора жақтан бастады. Шатырымыздың қаңылтырлары майысып кеткен екен. Құрылысты он күннен кейін бітірді. Енді ондай оқиға болмасын, тыныштық болсын, - деді Зейне апа.
07dce502-3a4d-4af1-801d-da4088388e72.jpg

Апаттан зардап шеккен тұрғындарға алғашқы күннен бастап 180 ерікті психолог көмек көрсетіпті. Олар, әсіресе, кішкентай балалардың психологиялық көңіл-күйіне баса назар аударды. Төтенше жағдай салдарынан 77 науқас ауруханаға жатқызылып, айығып, отбасыларына оралды. Жарылыстан 4 адам қайтыс болды. Қала бойынша 4576 адамға амбулаториялық көмек көрсетілді.

77b7743a-189c-46bb-ad64-4a7aced980f3.jpg

Баспанасыз қалған тұрғындарға Е.Молдабаев атындағы орта мектептен 800 орын дайындалып, жатын орынмен, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласы, Ақдала, Қожатоғай, Дермене ауыл округтеріндегі 8 елді мекенде ресми тіркелген әрбір тұрғынға 100 мың теңгеден өтемақы берілді. 2019 жылдың 20 қазанына дейін төтенше жағдайдан зардап шеккен 64 197 тұрғыннан өтініш түсіп, 62 572 тұрғынға 6 млрд 257,2 млн теңге қаржы төленді. Оның 3 миллиарды республикалық бюджеттен, 1 млрд теңге облыстық бюджеттен, "Түркістан" корпоративтік әлеуметтік даму қорынан 2 млрд 610 млн теңге бөлінді.

WhatsApp Image 2019-09-24 at 21.53.36 (1).jpeg

Қалада 34 денсаулық сақтау мекемесі тұрғындарға қызмет көрсетеді. 1 аурухана, 1 емхана, 7 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық пункт, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт бар.

2020-06-04 16.28.49.jpg

Қала бойынша 38 мектеп, оның ішінде 27 жалпы орта білім беретін және 11 бастауыш мектеп бар. Сонымен қатар, №17 колледж және Арыс гуманитарлық-техникалық колледжі білім береді.

0F6A0057.JPG

Жарылыс кезінде ең қатты зардап шеккен И.Журба атындағы мектеп болды. Оның негізі 1965 жылы қаланған. Мектеп ең алдымен әскери гарнизонның ішінде ыңғайластырып салынған екен. 2013 жылы Көктем мөлтекауданынан жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Мектеп директоры Әбдісаттар Жүніс алғашқыда оқушылар саны 265 бала болса, қазіргі таңда 787 балаға жеткенін айтып өтті.

2020-06-04 14.57.00.jpg

Өткен жылы 24 маусым күні техногендік сипаттағы жағдай болды. Сол апаттан қатты зардап шеккен мектептердің бірі біз болдық. Өйткені мектептің қашықтығы әскери бөлімнен 200 метрдей ғана жерде орналасқан. Мектептің бүкіл ғимаратымен бірге есік-терезелер, материалдық базаларымыздың бәрі жарамсыз болып қалды. Территорияда өрт шығып, шатырдың бір шеті жұлынып кетті. Дәл сол күні еңбек демалысына шыққан едім. Апатты жағдайдан кейін жайына қалды. Жұмысқа кірісіп кеттік. Жарылыс кезінде қаланы тастап шықтық. Ертеңіне қайтып келсек, соғыстан бомбылаған қала құсап тұр. Тек мектеп емес, бүкіл Арыс қираған. Адам шошитындай жағдай. Бізде "қыркүйек айына дейін қалай болады, оқушылармен сабақты бастай аламыз ба?" деген ой тұрды. Бірақ облыс әкімі оқу жылына дейін қалайда дайындау керек деп тапсырма қойды. Шынында "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры, облыс әкімшілігі мен Арыс қала әкімшілігі тез арада мектепті қайта қалпына келтірді. Мектеп бұрынғысынан да сәулеттене түсті. Материалдық техника жаңартылды. Жаңа типті мектепке қайтадан кіргендей болдық. Өзі алдында да кіргенімізге 6-ақ жыл болған жаңа мектеп еді. 1 қыркүйекте сабақты әдеттегідей алғашқы қоңыраумен бастадық, - деді Әбдісаттар Сағатұлы.
WhatsApp Image 2019-09-24 at 21.55.31.jpeg

Айта кетейік, қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарына өңіріміздің 16 облысынан және Нұр-Сұлтан қаласынан 190 құрылыс компаниясы, 6 мыңға жуық құрылысшы мен 207 арнайы техника қатысты.

0F6A0104.JPG

66 әлеуметтік нысанды "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры қалпына келтірді. Оның 54-і білім нысаны, 8-і денсаулық сақтау, 4-еуі спорт нысаны.

Айта кетейік, жарылыстан кейін басты назар тек құрылыс жұмыстарына ғана аударылмастан, балалардың көңіл-күйі де ұмыт қалмады. Жазғы демалыс лагерьлерінде 5767 оқушы демалды. 4467 бала өзге өңірлердегі лагерьге барып келсе, 1300 оқушы қалаға қарасты Шөгірлі ауылында жаз қызықтарын өткізіп келді. Сондай-ақ, төтенше жағдайдан кейін 246 зейнеткер Шымкент қаласындағы "Ардагерлер үйі" мен Сайрам ауданындағы "Мейір" санаториясында демалыстарын өткізді.

2020-06-04 16.18.12.jpg

ТЖ кезінде Арыс қаласындағы 330 орындық көрермен залы бар Мәдениет үйі де қатты зардап шекті. "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры толығымен күрделі жөндеуден өткізген ғимарат қазіргі таңда толыққанды жұмыс істеуде. Қалада мәдени іс-шаралар кестеге сай өтіп жатыр. Мекемеде 53 адам жұмыс істейді. Қайта жаңарған Мәдениет үйінде де әрлеу жұмыстары сапалы жүргізілген.

0F6A0132.JPG

Арыс қаласының жалпы ұзындығы 272,3 шақырымды құрайтын көшелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, төтенше жағдайдың салдарынан қала ішіндегі көшелердің – 33,2 шақырым немесе 278,6 мың шаршы метр көше жамылғысында ақаулар орын алғандығы анықталды. Осыған орай, қала көшелеріндегі ақауларды жою бойынша атқарылатын іс-шаралар аясында, жалпы ұзындығы 59,7 шақырымды құрайтын 69 көшені заманауи талаптарға сәйкестендіру қажет болды. Осы мақсатта 70,1 мың шаршы метр аяқ жол 2 234 дана (52 дана трансформатор) жарық шамын орнату, 10,6 мың шаршы метр велосипед жолын, 41 текше метр суағар, 9,5 мың шаршы метр жол жиегіне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды атқару үшін ақау актілері негізінде жалпы сомасы 2,5 млрд теңгенің техникалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылды.

0F6A0135.JPG

Жалпы жөндеу жұмыстары 13 аймақ бойынша төтенше жағдай кезінде зақымданған немесе бұзылған көшелерді қалпына келтіру қарастырылған. 63 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Орталық қазандық, канализация жүйесі де жөндеуден өтті.

2e731531-6c07-4333-ac49-1b7f72a04d04.jpg

Арыс – теміржолшылар қаласы. Төтенше жағдайға сәйкес, арнайы комиссия құрылып, комиссия мүшелерінің шешімімен Арыс-1 вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарын "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры" шілде айынан бастап, төрт ай ішінде аяқтады.

2020-06-04 16.10.48.jpg

Бүгінде пайдалануға берілген Арыс-1, Арыс-2 вокзалдары өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ғимараттар бұрынғысынан да көркейе түскен.

0F6A0086.JPG

Бұл Арыс қаласындағы Көктем мөлтекауданы. Жарылыс кезінде ең қатты қирап қалған қаланың бөлігі. Себебі әскери бөлімге өте жақын орналасқан. Ал қазіргі таңда мөлтекауданның ажары ашыла түскен.

0F6A0109.JPG

Сонымен, бүгінгі Арыс қаласы түрлене, түлей түскен. Қалаға кіреберісте орнатылған қақпа, жаңарған вокзалдар, жаңартылған мөлтекаудандар, Даңқ аллеясы, Орталық алаң бәрі-бәрі жаңа кейіпке енген. Жөндеуден өткен үйлердің төбе шатыры бірдей қызыл түспен боялған. Сондықтан бірыңғай көрінетін мөлтекауданның көрінісі алыстан қараған кезде көз сүйсіндіреді. 

Не нәрсенің болмасын қайыры бар дейді ғой. Көпке дейін бойымыздан үрей кетпей жүрді. Алайда енді мұндай жарылыс пен апат болмай-ақ қойсын, тыныш, алаңсыз күндерімізге ештеңе жетпейді, - деді біз сөйлесіп көрген әрбір Арыс тұрғыны.


Фото: дереккөз
Загрузка...