Әкімдердің кейбірі "Рухани жаңғырудың" мән-маңызын да жете түсінбейді – Зарина Қуатова

5 Тамыз 2020, 14:08
3123
Бөлісу:
Әкімдердің кейбірі "Рухани жаңғырудың" мән-маңызын да жете түсінбейді – Зарина Қуатова

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Рухани жаңғыру" бағдарламасының белгісін қойып кез келген, тіпті, спорттық немесе басқа да бағыттағы іс-шараларды бағдарлама аясында деп көрсеткен жағдайлар көп анықталды. Бұл бағдарламаның халық арасындағы қадірін қашырғаны жасырын емес.

Жамбыл облысындағы "Рухани жаңғыру" жобалық офисінің жетекшісі Зарина Қуатова осылай дейді. Сондықтан жауапты мекеме тарапынан олқылықтардың орнын толтырып, саннан сапаға көшу мәселесі қолға алынуда.

Бағдарламаның іске асуына тікелей жауапты ішкі саясат бөлімінің басшылары екендігін ескерсек, өңірде тек Тараз қаласы мен Талас, Байзақ, Шу аудандарының ішкі саясат бөлімі басшылары бағдарламаға белсенді атсалысады. Кейбірі, тіпті, бағдарламаның мән-мағынасын жете түсінбейді. Бағдарламаны түсінбейтін басшылар офис жетекшісінің жұмысын қалай қадағалап, талап етеді? Бағдарламаның ең маңызды арнайы жобаларының бірі – "Туған жер". Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев азаматтарды туған жерінің гүлденуіне үлес қосуға шақырды. Осы орайда, әрбір ауыл әкімінің сол ауылдан түлеп ұшқан бақуатты, атақты азаматтарды меценаттыққа шақыруы, келіссөз жүргізе білуі маңызды. Аудан әкімдері жыл сайын 5-6 кәсіпкерді айналдыра бермей, осы ұсынысты қолдап, ауыл әкімдеріне тапсырса, біраз азамат үлес қосар еді. Бұл ретте Талас ауданындағы жұмыстарды үлгі етуге болады, - деді Зарина Бердібекқызы.
Ол өткен жылы "Туған жер" арнайы жобасы аясында 5,40 млрд теңгеге 208 жоба жүзеге асырылып, орта көрсеткішті құрағанын да мәлімдеді. Ал жыл басынан бері аймақта меценаттар мен демеушілердің көмегімен 39 млн 34 мың теңгеге 9 жоба іске асқан. Жыл соңына дейін тағы да 728 млн теңгеге 22 жобаны аяқтау жоспарланып отыр екен. Оның пайымынша, бағдарламаның қай жобасы, бағыты болсын жүзеге асуына жергілікті биліктің тікелей қолдауы мен жіті бақылауы болмай, жоғары көрсеткішке жету мүмкін емес.
Аудан әкімдері мен орынбасарлары бағдарлама атауын білгенімен, оның арнайы жобаларынан бейхабар. Бағдарламаны жүйелі түрде іске асырып, оң нәтиже көрсетуге құлықсыз. Аудан әкімдері тарапынан бақылау жоқ. Тіпті, тоқсанына 1 рет отырыс өткізіп, жауапты салалардан есеп алынбайды. Ал, "Рухани жаңғыру" бойынша кез-келген бастаманы қолдауға дайын әкімдер де бар. Олардың қатарында Тараз қаласы мен Талас, Қордай аудандарының әкімдерін атап өтуге болады, - деді жобалық офистің жетекшісі.
Жауапты маман биыл "Рухани жаңғыру" бағдарламасы 3 бағыт, 7 арнайы жоба, ал "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы 6 арнайы жоба бойынша іске асырылып жатқанын еске салды. Сонымен қатар жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның қатарында "100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы, чемпион Зульфия Габидуллинаның облыс жастарымен кездесуі бар. "Ұлы Абайдың әлемі – халықтың мәңгілік өшпес мұрасы" атты қойылым-концерт те көпшіліктің есінен шыға қойған жоқ.
"Қазақстан балалары шексіз әлемде!" балалар киносының облыстық фестивалі, "Жылқы-төрт түліктің төресі" атты атбегілермен кездесу, "Асық ату", "Бестас" ұлттық ойындары, Ш.Мұртазаның "Бір кем дүние" философиялық шығармасынан үзінді оқу (көркемсөз) республикалық онлайн байқауы руханиятымыз бен мәдениетіміздің ілгерілеуіне біршама үлес қосқаны анық. Сондай-ақ "Интернет психологиясы" бойынша букчеллендж, "Абайды білмек парыз ойлы жасқа" атты республикалық онлайн семинар, "Экономикалық дағдарыс жағдайындағы Қазақстанның қазіргі ғылымы" халықаралық онлайн конференциясы, "Жас ақындар - жаршысы адалдықтың" атты студенттер арасындағы онлайн айтыс жамбылдық кейінгі буынның карантин кезіндегі күндеріне пайдасы тиді деген ойдамын, - деп атап өтті Зарина Қуатова.         
Республикалық деңгейдегі "The Best Мobile App - 2020" мобильді қосымша жасау сайысы, "Мен әлемді танимын" - "Эрмитаж" музейіне онлайн саяхат, "Білім анимация" байқауы, Жуалы ауданы әжелерінің жас келіндерге киіз басуды онлайн режимде үйретуі сияқты іс-шаралар да өзіндік ерекшеліктерімен есте қалғаны анық. З.Бердібекқызының сөзінше, елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері 650-ден астам онлайн іс-шара өтіпті. Бұларды ұйымдастыруда Тараз қаласы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті үздіктер қатарынан көрінсе, туризм басқармасында жыл басынан бері ешқандай іс-шара өтпеген.
Сонымен қатар, Тараз қаласында бірқатар нысандардың ашылу салтанаты болды. "Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Туған жер" арнайы жобасы аясында "Дара" қайырымдылық қорының қолдауымен құрылысы жүргізілген Инклюзивті балалар ойын алаңшасы және ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға және олардың отбасыларына тиімді көмек көрсету мақсатында №2 психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды. Алғашқысының құны 6,5 млн теңгені құраса, кейінгі жоба 7 млн теңге шамасында болды. Сондай-ақ, демеушілерден жиналған 57,5 млн теңге қаржыға "Қаратау" шағын ауданындағы балалар ойын алаңы мен спорттық кешені ашылды, - деді жауапты маман.
Оның сөзінен білгеніміздей, "Ұстаз" университетінің түлектері білім беру мекемелерінің оқыту процесіне арнайы "7 QYR" атты мобильді қосымша ойлап тауыпты. Студенттердің ұсынып отырған мобильді қосымшасы "Ұлы даланың жеті қырын" жіті оқытуды көздейді. Заманауи талаптарға сай құрастырылған. Елбасы Н.Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында ұсынылған мәліметтер мобильді қосымшада топтастырылып, мәтін, аудио, бейнекөрсетілім арқылы беріледі.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруда еріктілер де өз үлестерін қосты. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданының "Парыз" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әлі Бекқұлұлының бастамасымен, ерікті жастардың көмегімен Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл облысынан Отан қорғауға аттанып, елге оралмаған азаматтардың туыстарын тауып, деректерін айқындап, құжаттарды жинақтап, жыл соңына дейін тарихи-өлкетану музейіне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ерікті жастар Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай аудан орталығында орналасқан Абай ескерткішін әрлеп тазарту жұмыстарын жүргізді, - деді Зарина Қуатова.
Жобалық офистің жетекшісі Шу ауданында "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" арнайы жобасы аясында Ақсу ауылының жастары Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Баласағұн қалашығында волонтерлармен "Жастар рухани жаңғыру жолында" атты тарихи-танымдық экскурсия өткенін жеткізді. Сонымен бірге "Еріктілер" жылына орай Жамбыл облысының "Рухани жаңғыру" офисі аймақта бұрын-соңды қолға алынбаған жобаны іске асырыпты. "Саулық" бағыты бойынша Тараз қаласында жаяу жүргіншілерге арналған 25 жолға "Балаңызды қолынан ұстаңыз! Держите ребенка за руку!", "Құлаққапты шешіңіз, снимите наушники!" деген жазулар жызылған.

Зарина Қуатова биыл облыста іс-шараларға көбірек мән берілгенімен, жобалар назардан тыс қалғанын мәлімдеді. Биыл облыстық жоспарда жақсы жобалар болмағандықтан, әр ауданға кемінде бір жоба жыл соңына дейін қолға алу ұсынылыпты. Ол аймақта "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жүзеге асуына ақпараттық және әдістемелік қолдау білдіру мақсатында құрылған облыстық "Рухани жаңғыру" жобалық офисінде өз шешімін таппай, жұмыстың одан әрі жандануына қолбайлау болып отырған мәселелерді де атап айтты.

Мекемеде "Қоғаммен байланыс" және "Жобаларды ілгерілету" бөлімдерімен қатар, басшы, басшының орынбасары, бухгалтер, барлығы 10 қызметкер жұмыс істейді. Бірақ, АҚДМ талап еткендей, өңірлік кеңсенің "Идеологиялық ұстаханаға" айнала алмай отырғаны, осы штат санының және жалақының аздығынан. Себебі, министрліктен келген тапсырмаларды уақытылы орындау, өңірде атқарылған жұмыстар туралы ақпараттарды өңдеп, тоқсандық есеп жолдау сияқты қағазбастылық шаруалар мекеме қызметкерлеріне идеологиялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермей отыр. Осыған орай, штат саны 20-ға толықтырылса деген ұсыныс туындады. Сол кезде, жоғарыда аталған екі бөлімнен бөлек, идеологиялық бағытта жұмыс істейтін тағы бөлім пайда болады. Ол бөлім тың, ауқымды, сапалы жобалар мен іс-шараларды жүзеге асырумен айналысар еді. Ал, жалақының төмендігі – кадр тұрақсыздығы мен тапшылығын туындатады. Себебі, идеясы бар, тәжірибелі мамандар аз жалақыға жұмыс істегісі келмей жиі ауысып кетіп жатады, - деді Зарина Қуатова.
Сонымен қатар, бүгінде мекемеде штат саны аз болғандықтан, есепші, заңгер мамандарының міндеттерін бөлім қызметкерлері өз функционалды міндеттерімен қоса алып жүргізеді екен. Ал бұндай жұмыс стилі әрдайым жемісті болмайды. Мекемеде жеке көлік те жоқ екен. Шалғай аудандарды зерделеп, етене жұмыс атқаруға көліктің жоқтығы үлкен кедергі болып отырған көрінеді. "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыруда шалғай аудандар мен ауылдар мақсатты топтардың бірден-бірі екенін ескерген жөн.
Жеке ғимаратымыз да жоқ. "Жамбыл облысы "Рухани жаңғыру" жобалық офисі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2019 жылдың сәуір айынан бері жалдамалы кеңседе отыр. Бұндай жұмыс орны ең алдымен кеңсе бюджетіне тиімсіз, екіншіден қарапайым халықты қабылдауға, я болмаса басқа да іс-шара жүргізуге қолайсыз. 2017 жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында керемет алаңшалар ашылған еді. Бірақ, олар қазір облыстық Ассамблеяның балансында. Бағдарлама кураторлары бола тұра, сол арнайы бұрыштарда іс-шара өткізуге қызметтік хат жолдап жатамыз, - деп қынжылысын білдірді Зарина Бердібекқызы.
Ол келесі жылға жобалық офис тарапынан 3 жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінімге тапсырыс бергенін мәлімдеді. Оның алғашқысы – "PROGRESS" интеллектуалды клубы жобасы. Бұның мақсаты – мектеп оқушыларын ересек өмірге дайындау. Білікті треньерлердің қатысуымен 2 топта логика, риторика, сыни ойлауды дамыту, қаржы сауаттылығы, салт-дәстүрлер тақырыптарында дәрістер оқытылып, практикалық сабақпен бекітіледі. Оқушылар ұлдар және қыздар болып екі топқа бөлінеді. Әр топта 25 оқушыдан болады. Бұл жоба бір мектепте немесе колледжде пилотты режимде енгізуге бағытталған.
Екінші – "Рухани керуен" жобасы аясында облыстың 10 ауданынан өнерпаздар, қолөнершілер, ұлттық спорт өкілдері әр апта сайын "Көне Тараз" этно-мәдени кешеніне келіп, аудан күнін өткізеді. Амфитеатр алаңында "Ұлттық спорт", "Қолөнер және ұлттық бұйымдар", "Көне заттар", "Ұлттық тағам" алаңшалары жұмыс істейтін болады. Өнерпаздар өнер көрсетіп жатқанда, қазақтың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрінен көрермен болып келген қала тұрғындары арасында жарыстар өтеді. Мәселен осы аптада асық ату мен диірмен тартудан жарыс болса, келесі аптада қой көтеру мен күбі пісуден жарыс болуы мүмкін. Бұл байқау түрлерін апта бұрын ролик ретінде әлеуметтік желілерге таратып, көрермен шақырамыз. Жарыс жеңімпаздарына домбыра, торсық сияқты ұлттық нақыштағы сый-сияпат беріледі, - деді ол.
Ал үшінші – "Абсент" атқа міну өнерін дамыту жобасы. Елбасының "Ұлы даланың Жеті қыры" мақаласында жабайы жылқыны адамзат тарихында ең бірінші Орта Азияда қолға үйреткен көшпенділер екені жазылған. Сондықтан жас ұрпақты атқа міну мәдениетіне баулу – ұлттық бірегейлікті сақтаудың бір жолы. Осы орайда ауыл балаларының ерте жастан төрт түлікті баптап, мініп өсетіні анық. Қала балалары үшін бұл жат дүние немесе қолжетімсіз. Сондықтан Тараз қаласы маңындағы жалпы көлемі 109 гектар жерді алып жатқан "Абсент" шаруа қожалығында балаларға арналған шағын иппадром, балық аулауға арналған тоған, ересектерге арналған диаметрі 2 шақырым болатын атқа шабу шеңбері сияқты кешендер ашуға мүмкіндік мол. Бұл жобада әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар келген қонақтар қазақтың ұлттық дәстүрімен танысуға, ұлттық тағамдардан дәм татып, табанша нан көміп, жүн түтіп, ұршық иіріп, тоқыма тоқып, күбі пісіп, жамбы атып, құрақ көрпе тігуге мүмкіндік алады.


Өзгелердің жаңалығы