ХҚКО: Дайын құжаттарды қайдан алуға болады?

28 Наурыз 2020, 04:24
1887
Бөлісу:
ХҚКО: Дайын құжаттарды қайдан алуға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтатылды.

Азаматтар қызметтерді тек электронды форматта алады.

30 наурыздан бастап Алматы қаласында дайын құжаттарды беру үшін Жандосов көшесі, 51 мекенжайындағы Әуезов аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы бірыңғай терезе ретінде жұмыс істейді. Мұнда алматылықтар онлайн түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің дайын нәтижесін ала алады. eGov порталында қызмет нәтижесі қағаз түрінде берілетін 23 түрлі мемлекеттік қызмет бар.

Сонымен қатар, Алматы қаласындағы алты Мамандандырылған ХҚО-лардағы дайын құжаттарды беру үшін Майлин көшесі, 85  мекенжайындағы №2 Мамандандырылған ХҚО терезесі ғана жұмыс істейді. Онда автокөлігін қайта тіркеуге қойған немесе жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырғандар дайын құжаттары мен мемлекеттік тіркеу нөмірін ала алады.

Қызмет алушылардың дайын құжаттарын беру жұмысына "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының 30-ға жуық қызметкері тартылған. Олардың барлығы қорғаныс және дезинфекция құралдарымен жабдықталған.

Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма 9:00-ден 17:00-ге дейін. Сенбі, сағат 9:00-14:00 аралығы.

Айта кетейік, 21 наурызға дейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына өтініш тапсырған азаматтар дайын нәтижелерін 29 наурызға дейін алғаш жүгінген ХҚО-дан ала алады. Миграциялық ХҚО-дан алуға тиіс дайын құжаттарды да Әуезов аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығынан (Жандосов к-сі, 51) алатынын еске саламыз.

Өзгелердің жаңалығы