Ақтөбе хром зауытындағы оқыс оқиғадан тағы бір жұмысшы қаза болды

3 Маусым 2020, 23:08
2476
Бөлісу:
Ақтөбе хром зауытындағы оқыс оқиғадан тағы бір жұмысшы қаза болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе хром қосындылары зауытында жарақат алған 32 жастағы жұмысшы 3 маусымға қараған түні қайтыс болды. Осылайша 28 мамыр күнгі зауыттағы жазатайым оқиғадан қаза болғандар саны бесеуге жетті. 

Тағы бір жұмысшы ауруханада жатыр.

Бір аптаға жуық Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының реанимация бөлімінде болған жұмысшы ауыр жарақаттан айыға алмады. Оның денесінің 60 пайызы күйген, - деп хабарлайды Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Өндірісте жарақат алып, ауруханаға түскен тағы бір жұмысшы 3 маусым күні реанимациядан травматология бөліміне ауысқан. Науқас 36 жаста. Дәрігерлер оның жағдайы жақсара бастағанын айтады.

28 мамыр күні Ақтөбе хром қосындылары зауытында төрт жұмысшы қаза тауып, екеуі ауруханаға түскен болатын. Өткен түні ауруханаға түскен екі жұмысшының бірі қайтыс болды. Марқұмның артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды.

Естеріңізге сала кетейік, оқыс оқиға 28 мамыр күні түс ауа хром қосындылары зауытының №4 цехында болған. Оқиғаға байланысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталған болатын.

Өзгелердің жаңалығы