Бас жаңалықтар
Клара апа тек бір әулеттің емес, тұтас елдің басын қосып жүретін – Қарин
05 Шілде 2020, 22:24 260

Клара апа тек бір әулеттің емес, тұтас елдің басын қосып жүретін – Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР  Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин әлеуметтік желіге Әбіш Кекілбаев пен жары Клара Жұмабайқызының суретін жүктеп, суретті біраз жыл бұрын өзі түсіргенін және Клара апа туралы естелік жазды. 

Бұл суретті тура он жыл бұрын, Маңғыстауға Әбіш ағамен бірге барғанымда түсіргенмін. Тамыз айы. Күн ыстық. Күні бойы аудандары аралап жүрміз. Бір қарасам, Әбіш аға мен Клара апам көлеңкеде отыр екен. Әбіш ағам, шаршап отырса да, жүзі мейірімге толы, әдеттегідей жымиып қояды. Клара апам маған қарап "балам, кел, ағаңның қасына отыр, әңгімесін тыңда, мен тұрайын" дейді. Міне, Клара апамыз осындай болатын. Аға буын мен кіші буынның арасын жалғап, бәрінің басын қосып жүретін.

Ол жақында ғана Клара апа өзін үйіне шақырып, сөйлескенін айтты.
Қайбір күні телефон шалып, "хал-жағдайың қалай, білемін, жұмысың көп, ауыр, бірақ уақыт тауып, кел. Шаруа жоқ, дастарқанымыздан шай ішіп кет" деді. Қысылып, айтар шаруасын тіке айта алмай тұрған шығар деп ойладым да, жұмыстан кейін соғып кеттім. Алдымен Әбекеңнің кабинетінде ұзақ отырып сөйлестік, Әбіш ағамды еске алдық. Кітап сөресінде тұрған осы суретті көріп, "сенің түсіргенің емес пе" деді. Мен "иә, керемет бір уақыт болған екен ғой, қайдан білейін, уақыттың осылай зымырап өтетінін" дедім. Сосын Клара апа дастарқанға шақырды. Ет асып қойыпты. "Ауылдан кеше жіберді, сосын ғой шақырып отырғаным" дейді. Бүгін сол күн еске түсіп отыр. Менің әжем де осындай кісі еді. Үнемі алыс-жақын туыстардың басын қосып жүретін. Клара апа тек бір әулеттің емес, тұтас бір жұрттың, елдің басын қосып жүрген бір ерекше тұлға болды. Өткен жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы оны мемлекеттік наградамен марапаттаған еді. Марапаттау рәсімінен кейін көп кісінің ішінен Клара апамды іздеп тауып, құттықтап тұрсам, ол "балам, жүр қазір үйге, шай ішіп кет" дейді. Қош болыңыз, апа! Біз Сізді сағынамыз! – деп жазды Ерлан Қарин.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...