Көлік ұрлығы 40 пайызға азайған

22 Сәуір 2021, 20:39
1613
Бөлісу:
Көлік ұрлығы 40 пайызға азайған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов ағымдағы жылдың 3 айында өңірде автокөлік ұрлығы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40%-ға азайғанын хабарлады.

Жүргізілген кешенді жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде бұл қылмыс түрінің төмендеуіне қарамастан, тұрғындар сақтық шараларын ұмытпау қажет. Көбінесе автокөліктер түнгі уақытта тұрғын үйлердің маңайындағы тұрақтарда ұрланады. Қылмыскерлер көлікке есігін бұзу немесе терезесін сындыру арқылы кіреді – дейді Жанат Сүлейменов.

Мәселен, жуырда Тараз қаласының тұрғыны үйінің жанында тұрған көлігінің ұрланғаны туралы хабарлады. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы қылмыскерлердің көлік салонына есікті бұзу арқылы кіргенін анықтады.

Полицейлер ізін суытпай тараздық екі тұрғынды қолға түсірді. Олар өз кінәсін толық мойындады. Күдіктілер автокөлікті бөлшектеп сатуды жоспарлаған. Осы орайда, автокөліктерді ұрлауға жол бермеу шаралары туралы еске салғым келеді – дейді ол.

Көлікті ұрлықтан қорғаудың бірнеше әдісі бар: айдап әкетуге қарсы жүйе мен дабыл құрылғысын орнатыңыз, кешке және түнде автокөліктерді жақсы жарықтандырылған орындарға және көрінетін жерлерге қою керек.

Ақылы күзетілетін тұрақтарды қолданыңыз, көлікте қылмыскерлердің назарын аударатын заттарды қалдырмаңыз. Қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, автокөлік ұрлықтарына жол бермеуге болатынын естен шығармайық! – деп ескертеді құқық қорғаушы.
Өзгелердің жаңалығы