Бас жаңалықтар
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыға құжат тапсыру басталды
03 Желтоқсан 2019, 15:00 2337

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыға құжат тапсыру басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 2020 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыға құжат тапсыру басталды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап берілетін мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді. 

Елордалық ХҚКО бөлімдерінде, "Жанұя" отбасын қолдау орталығында және қаланың басқа да пункттерінде құжаттарды қабылдау басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Оның мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге төленеді. 

Биылғы жылдың 27 қарашасынан бастап "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" ҰАК" АҚ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) филиалдарында азаматтарды қабылдайды (жеке куәлігі, туу туралы куәлігі және банктік шоты бар). Құжаттарды қабылдау желтоқсан бойы жүргізіліп, 2020 жылдың қаңтарында қайта жалғасатын болады. Қазіргі таңда аудан әкімдері арқылы осы жылдың желтоқсан айында көпбалалы отбасылардан өтініштер қабылдау қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. 

Құжаттарды қабылдау 3 желтоқсаннан бастап Бейбітшілік көшесі, 14 мекен-жайы бойынша орналасқан "Жанұя" отбасын қолдау орталығында және елорда тұрғындарының ыңғайлылығы үшін: Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданы, Тәуелсіздік даңғылы, 7 мекен-жайы, Байқоңыр ауданы Брусиловский көшесі 17/3 мекен-жайы: Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 33 мекен-жайы, Сарыарқа ауданы, Сарыарқа даңғылы 13 мекен-жайы бойынша әкімдерінің аппараттарында азаматтарды қабылдау үшін балама қабылдау орталықтары арқылы жүргізіліп жатыр. 

Мемлекеттік жәрдемақы алудың міндетті шарты - барлық отбасы мүшелерінің бірлесіп тұруы және бір мекен-жай бойынша тіркелуі болып табылады. Олай болмаған жағдайда, отбасылардың жаңа жәрдемақыны алу құқығы шектеледі. Сондықтан көпбалалы отбасылар ХҚКО-ға келіп, әлеуетті алушы бар балаларды сол мекен-жай бойынша тіркеп, көпбалалы отбасына жаңа жәрдемақы тағайындау туралы тиісті өтініш беруі керек.





Фото: ашық дереккөз
Загрузка...