Бас жаңалықтар
Коронавирус: Көшеде маска киіп жүріп, індеттен сақтана алмайды
13 Наурыз 2020, 12:31 268

Коронавирус: Көшеде маска киіп жүріп, індеттен сақтана алмайды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Дәл қазіргі таңда өзекті мәселеге айналып, қоғамды алаңдатып отырған коронавирус дерті еліміздің айматарындағы жұртты да біршама дүрліктіруде.

Осы орайда Жамбыл облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нәдуевпен аз-кем тілдесіп, мәселенің мән-жайына қаныққан едік.

- Ғазиз Дүйсенбекұлы, кеше ғана еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин осы аптаның ішінде Қазақстанда коронавирус дертіне шалдыққан жан тіркелуі мүмкін екенін айтты. Осы болжамға алып-қосарыңыз бар ма?

- Бәріміз білетіндей, коронавирус дерті бүгінде жүзден астам елге тарап үлгерді. Десе де, әлемнің көптеген мемлекетімен әуе және теміржол қатынастарымыз бар. Сондықтан оны Қазақстанға да келуі мүмкін емес деген болжам айта алмаймыз. Десе де мемлекет тарапынан індетті ел шекарасынан өткізбеу бағытында қыруар шаруа атқарылуда. Дәл қазіргі таңда Жамбыл облысында шетелден келіп, карантинде жатқан азаматтар жоқ. Алайда, өзге мемлекеттерге өз шаруаларымен барып-келген өңір тұрғындары бар. Оның ішінде Оңтүстік Кореядан оралған азаматтарымыз бүгінде он төрт күнге оқшауланған. Бірақ ешқандай медициналық манипуляция өткізілмейді, жай ғана бақылауда. Тіпті, олардың біразы үйлеріне қайтарылған. Ал Қытай сияқты індет ошағына айналған елдерге барып келген жамбылдықтар әзірге тіркелмеді.

- Сіз айтқан оқшауланған жандар қайда орналастырылған немесе коронавирустан емдеу үшін нақты қай ғимараттар әзірленді?

- Жамбыл облысында карантинге алынғандарды бақылауға алу мақсатында оқшауланған арнайы ғимараттар бекітілген. Олардың қатарында Байзақ ауданындағы физиотерапиялық санаторийді атап өтуге болады. Өзге де медициналық орталықтардың ғимараттары арнайы тексерулерден өткізіліп, дайын тұр. Ондағы мамандардың барлығы төтенше індет бола қалған жағдайда, бастапқы жәрдемін көрсетуге сақадай сай.

- Ғазиз Дүйсенбекұлы, осы саланың маманы ретінде індеттен сақтанудың қандай жолдарын ұсынасыз?

- Коронавирустан сақтанудың бірден-бір жолы – тазалық. Яғни, беті-қолымызды жиі сабындап жуып жүргеніміз абзал. Мүмкіндігінше, адамдар көп шоғырланған орындарға бармағанымыз жөн. Қазіргі кезде тұрғындар жиі жиналатын қоғамдық орындарға қолды дезинфекциялайтын құрылғылар орнатып жатырмыз. Сонымен қатар, жамбылдықтарға өздері отырған бөлменің терезесін күніне кем дегенде екі мәрте ашып, желдетіп алуға кеңес беремін. Кәдімгі гигиеналық талаптарға да мұқият болып, барынша сақтанғанымыз өзімізге жақсы.

- Жалпы, коронавирус дертінің шипасы табылды ма?

- Жер бетіндегі мемлекеттердің жартысына жуығына тарап үлгерген бұл дерт екі метрден алыс жағдайда жұқпайды деген болжам-пікірлер айтылуда дәрігерлер тарапынан. Десе де, әлемнің денсаулық сақтау саласына қатысты ғалымдары мен білгірлері бұл дерттің жұғу жолдарын, емдеу тәсілдерін, өзге де мәселелерін жабыла зерттеу, зерделеу үстінде. Ол жайында БАҚ беттерінен күн сайын оқып жатырмыз. Ал әзірге аталған індеттің емі бір-бір жарым жылдың ішінде пайда болады деген болжам бар. Ғаламтор көздерінен байқағанымыздай, Қытайда коронавирус дертінің өршуі біршама басылды. Жылдың басындағыдай күніне жүздеген науқастың тіркелуі 40-50-ге дейін кеміген. Ауырғандардың 60 %-ға жуығы үйлеріне қайтып, күнделікті жұмыстарына барып, қалыпты тіршіліктеріне оралып жатыр. Тіпті кейбір емханалары да жабылу үстінде. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратып жатқан ақпараты.

- Ғазиз Дүйсенбекұлы, коронавирус індетінің нақты вакцинасы жоқтығына қарамастан, өзге елдердегі науқастар қалай емделіп жатыр?

- Науқастарды емдеу барысы әртүрлі жүзеге асып отыр. Мәселен, біреудің дене қызуы көтеріледі, біреудің жүрегі айниды. Дертке
шалдыққандарға сондай синптоматикалық тұрғыдан ем-дом жасалады. Негізі, коронавирус бұрыннан бар аурулардың бірі болатын. Тек соңғы кезде ғана ол асқынып, өзге түріне ауысып кеткен.

- Түсінікті, бұл біз үшін де позитивті болжам тәрізді. Алайда, осы дертке қатысты тағы да бір шу дүркін-дүркін көтеріліп қояды. Ол – қорғаныш маскаларының мәселесі. Қандай дүрбелең туса да, жұрт дәріханаға жүгіреді. Жалпы, сол қорғаныш маскаларының пайдасы бар ма?

- Негізі, күзгі, қысқы маусымдарда денсаулық сақтау мекемелеріне бара қалсаңыз, оны дәрігерлер мен емделушілердің ғана тағатынын байқайсыз. Медицина мамандары масканы сонша көп науқасты қабылдайтындықтан, түрлі аурулардың алдын алу үшін тағады, ал емделушілер ауруды таратпас үшін тағып алады. Жалпы халық көшеде маска киіп жүріп, індеттен сақтана алмайды. Оны науқастар ауруын таратпас үшін киеді. Індеттің дені ауамен таралатын болғандықтан, оны көшеде киіп жүріп, өзіңізді сақтандыру мүмкін емес.

- Жақсы делік, ал қорғаныш маскасын қанша уақыт сайын ауыстырып тұру керек?

- Үш сағат сайын.

- Тұрғындар өз беттерінше бойларында вирустың бар-жоғын анықтау үшін дәрігерге барып, сынама тапсыра ала ма?

- Дені сау адамға коронавирус дертімен емделудің қажеті жоқ. Ал клиникалық көрсеткіші бар науқастар арнайы бақылауда болып, тиісті ем-шараларын қабылдайды. Бұл тұрғыда біздің мамандарымыз ай сайын, апта сайын, күн сайын мониторинг жасайды. Соның нәтижесінде анықталған клиникалық көрсеткіші бар жандарды өзіміз де қажетті тексерістерден өткізіп, сынама аламыз. Ал сап-сау немесе эпидемиялық тізімге ілінген мемлекеттерге барып-келмеген адамға тексерілудің керегі жоқ.

- Әңгімеңізге рахмет!


Фото: дереккөз
Загрузка...