Шымкент əуежайы мен теміржол вокзалы: коронавирусқа қарсы сценарий

31 Қаңтар 2020, 21:15
3683
Бөлісу:
Шымкент əуежайы мен теміржол вокзалы: коронавирусқа қарсы сценарий
PHOTO
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. "Шымкент" халықаралық əуежайы мен Шымкент теміржол вокзалында коронавирусты инфекцияға қарсы алдын алу, таратпау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі нысанда да коронавирусты инфекция жұқтырған болуы мүмкін жолаушыны оқшаулау бойынша оқу-жаттығу өтті.

Қос нысандағы командалық оқу-жаттығу ең алдмен "Шымкент" халықаралық əуежайында болды. Оқу-жаттығуды Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы, Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жəне Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен əуежай əкімшілігі бірігіп ұйымдастырды.

әуежай 0.jpeg

Мұнда коронавирусты инфекция жұқтырған жолаушыны қалай оқшаулайтынын көрсетті.

Алдын ала əзірленген сценарий бойынша ұшақтағы науқасты ең алдымен Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлері күтіп алып, жедел медициналық жəрдем қызметкерлерімен бірігіп, науқасты арнайы карантиндік боксқа жатқызды.

әуежай 2.jpeg

Ұшақтағы басқа жолаушылардың бəріне бір реттік медициналық бетперде таратты. Ұшақтағы жолаушылардың бəрі де сыртқа шыққан соң, ұшақ салонына дезинфекция жасады.

әуежай 4.jpeg

Оқу-жаттығу кезінде əуежай штатты режимде жұмыс істеді.

Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшы орынбасары Ғалымжан Мотайұлы Əбішевтің айтуынша, қазір Шымкенттегі барыс-келіс орындарында, адам көп жиналатын жерлерде, білім мекемелерінде коронавирусты инфекцияға қарсы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- Дəл қазіргі таңда Шымкентте коронавирусты инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуал қалыпты. Коронавирусты инфекция жұқтыру оқиғасы тіркелмеді. Қаламызда қызмет ететін Қытай Халық Республикасының да азаматтары бар. Солардың арасында таяу уақытта Қытайдағы отбасына барып, қайтқандары болса, оларды да бақылауға аламыз,-дейді Ғалымжан Əбішев Шымкент халықаралық əуежайы арқылы күніне 2 мыңға жуық жолаушы қатынайды.

Ғалымжан Абишев.JPG

Əуежайда коронавирусты инфекцияға қарсы түсіндіру жұмыстары, сақтық шаралары туралы мəлімет жазылған плакаттар ілінген.

Шымкент теміржол вокзалында коронавирусты инфекция жұқтырған болуы мүмкін науқасты оқшаулайтын оқу-жаттығу жиынына жоғарыда аталған мекемелер жəне вокзал əкімшілігі қатысты.

вокзал (4).JPG

Мұндағы оқу-жаттығу сценарийіне сəйкес, 2020 жылдың 31 қаңтары күні таңғы сағат 08:39 минутта Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне хабар келіп түсті. Шұғыл хабарда Шымкент станциясы арқылы өтетін "Нұр-Сұлтан-Сарыағаш" бағытындағы No85/86 жолаушылар пойызына Шу стансасынан отырған жолаушының жолда температурасы көтеріліп, жағдайы нашарлағаны айтылады.

1986 жылы туған жолаушы əйел "Нұр-Сұлтан-Сарыағаш" бағытындағы No85/86 жолаушылар пойызының 8 вагонда, 19 орнына жатыр екен. Жағдайы ауыр, дене температурасы жоғары, жиі жөтеледі.

вокзал (1).JPG

Жолаушы коронавирусты инфекция жұқтырған деген күдікке алынған соң, қалалық медицина, санитария жəне төтенше жағдай мекемелері Шымкент теміржол вокзалына келді.

"Нұр-Сұлтан-Сарыағаш" бағытындағы No85/86 жолаушылар пойызы Шымкент станциясына сағат 10:40-та жетті. 

Қорғаныш киімін киген санитарлық қызмет мамандары мен дəрігерлер пойыз келіп жеткенде вагонға кіріп, жолаушыны вагон аузына əкеліп, жедел медициналық жəрдем қызметінің арнайы карантиндік боксына жатқызды. Содан кейін жедел медициналық жəрдем қызметі науқас жолаушыны тексеріп, емдеу үшін қалалық ауруханаға алып кетті.

вокзал (3).JPG

Содан кейін санитария мамандары вагон ішіне дезинфекция жасап, науқас жолаушы жатқан төсек орнын вагоннан сыртқа алып шықты.

Коронавирусты инфекция жұқтырған жолаушыны оқшаулау бойынша оқу-жаттығу шарасы осылай өтті.

- Шымкент теміржол станциясына тоқтайтын жолаушылар пойызында коронавирус инфекциясына күдікті науқас бар болуына байланысты оқу-жаттығу жиынына санитария, медицина жəне төтенше жағдай қызметкерлері қатысты. Қазір Шымкенттегі Қытай Халық Республикасына барып келген азаматтардың бəріне аумақтық медициналық мекемелердің қызметкерлері күнде хабарласып, жағдайын біліп отырады. Коронавирусты инфекция дегеніміз - жоғары респираторлы вирусты инфекцияға жатады. Мұнда адам көп шоғырланған орында жүрмеу, бөлмені желдету, ең бастысы – əр азаматтың жеке бас гигиенасын сақтауы, яғни қолын жиі-жиі жуып, таза ауада серуендеп, иммунитетін көтеру үшін дұрыс тамақтанып, дұрыс ұйықтауы маңызды. Шымкентте коронавирусты инфекция жұқтыру оқиғасы тіркелмеді,-дейді Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшы орынбасары Ғалымжан Мотайұлы Əбішев. 
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы Арман Алпысбаевтың айтуынша, екі нысандағы оқу-жаттығу жиынына да барлығы 25 адам қатысқан. 4 техника болған.

Арман Алпысбаев.JPG


- Оқу-жаттығу жиыны барысында жауапты мамандар жақсы жұмыс істеді. Полиция департаменті қызметкерлері аумақты қоршауға алса, санитария қызметі, медициналық қызметкерлер науқасты оқшаулап, орынды дезинфекииялады. Оқу-жаттығу бас-аяғы 10-15 минутқа созылды, - деді Арман Алпысбаев.
вокзал іші сырты (2).JPG
Сондай-ақ, мамандар дайындықтарын пысықтаумен қатар, əуежайдағы жəне теміржол вокзалындағы адамдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Айта кетсек, Шымкент теміржол вокзалы арқылы тəулігіне 20 мыңнан астам жолаушы қатынайды. Вокзал штатты режимде жұмыс істеп жатыр.

вокзал іші сырты (1).JPG

Нысан ғимаратының іші-сыртына коронавирусты инфекцияның алдын алу, сақтану шаралары жазылған плакаттар ілінген.

Өзгелердің жаңалығы