Коронавирус: Қарағандыда сақтық шаралары күшейтілді

14 Наурыз 2020, 09:24
1933
Бөлісу:
Коронавирус: Қарағандыда сақтық шаралары күшейтілді
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының қоғамдық орындарында санитарлық тәртіп күшейтілді. Инфекцияның жаппай таралуын болдырмау мақсатында адам көп жүретін жерлерде дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде.

Елімізде короновирус жұқтырудың бірнеше жағдайы анықталуына байланысты облыстың қоғамдық орындарының санитарлық тазалығын бақылау күшейтілді. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек адамдар көп жиналатын жерлерге ерекше көңіл бөлінетіндігін айтты.

«Автобустарды дизенфекциялау құралдарымен мұқият өңдеу қолға алынды. Бұл жұмыстарды қоғамдық көлік пен сауда орталықтарын бақылайтын СЭС мамандары іске асырады. Облыстың ауруханалары мен емханалары жоғары әзірлік тәртібіне ауыстырылды», - деп жазды Ж.Қасымбек Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Облыс әкімі супермаркеттер мен сауда орталықтарының иелерімен кеңес өткізгендігін, кәсіпкерлер бағаны бұрынғы деңгейде ұстап тұруға уәде еткенін айтты. Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек бұған дейін аймақта азық-түлік тапшылығы жоқтығын айтып, халықты сабырға шақырған болатын. 

COVID-19 вирусының елімізде таралуы мен алдын алу жөніндегі шараларды күшейту мақсатында Қарағандының қоғамдық көліктерінің тазалығы қадағаланып, күн сайын міндетті түрде бірнеше рет дезинфекциялау жүргізіледі.

Қарағандыда жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарктердің барлығында санитарлы шаралар жүргізілетін болады. Күн сайынғы транспортты жуу, тазалау жұмыстарынан бөлек енді дезинфекциялау жұмыстары міндетті саналады. Автобустарда күніне үш рет тұтқалар, есіктер, орындықтар, терезелер мен төбе дезинфекция құралдарымен өңделеді. Сонымен қатар, автобус салондарына хлорлы ерітінді себіледі және де әр рейстен кейін жолаушылар көлігінің терезелері ашылып, желдетіліп отырады, - дейді жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы Ескендір Қабидолла.

Оның айтуынша, жүргізушілер мен кондукторлардың барлығы дезинфекциялау құралдарымен қамтылған. Сонымен қатар, тұмау белгілері бар автобус жүргізушілер мен кондукторлар рейске шығарылмайтын болады. Күн сайын таңертең автобус экипажы медициналық тексерістен өткізіледі. Бүгінде Қарағандыда 9 автопарк жолаушыларға қызмет көрсетеді. Күн сайын жолға шамамен 400-450 автобус шығады.

Күніне шамамен 1500-2000 адамға қызмет көрсететін Қарағанды автовокзалында да арнайы санитарлық режим енгізілді.

Бұған дейін арнайы дезинфекциялау құралдары сатып алынған болатын. Автовокзалдың қызметкерлері ғимараттың ішін санитарлық тазалауды үздіксіз жүргізуде. Еден ғана емес, есіктердің тұтқалары, орындықтар да дезинфекцияланады. Кассирлер тек маскамен және қолғаппен қызмет көрсетеді. Барлық касса қызметкерлеріне, күзет бөлімдеріне және көлік тұрағының қызметкерлеріне антисептиктер тараттық, - дейді Қарағанды автовокзалы директорының орынбасары Гүлнара Мұқатова.

Аймақтың білім беру мекемелерінде де сақтық шаралары күшейтілген. Мектеп оқушылары мен колледж, жоғарғы оқу орындарының студенттері демалысқа жіберілді. Ал мектепке дейінгі білім мекемелерінде санитарлы-дезинфекциялау тәртібі қатаңдатылды. Балабақша ғимараттарында ынғалды тазалау күніне үш рет жүргізіліп, терезелер ашылып, желдетіледі. Сонымен қатар, бөлмелерді кварцтау да жүрзілілетін болады. Тұмау, жөтел белгілері бар балалар бақшаға қабылданбайтын болады.

Балалар таңертең балабақша келгенде оларда жөтел, тұмау, дене қызуының көтерілуі белгілеріне байқау бұрыннан жүргізілетін. Енді тәрбиешілер бұл шараға тіпті мұқият болады. Егер балада жоғарыда аталған белгілер байқалатын болса, бала топқа қабылданбайды, - дейді Қарағанды қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Наталья Головина.

Қаладағы көрме залдары мен мұражайлар да сақтық шараларын барынша күшейтуге мүдделі. Енді көрмелерде топтық экскурсиялар өткізілмейді.

Біздің облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Наурыз-көктем мерекесі» көрмесі ашылғанымен, топтық экскурсиялар, музей-сабақтары сияқты адам көп жиналатын шаралар өткізілмейді. Тек бірді-екілі көрермендер үшін ғана көрме ашық, - деді мұражай қызметкері Назерке Жартын.

Еске салайық, Қарағандының медицина мекемелерінде індеттің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз

Өзгелердің жаңалығы