ШҚО-да коронавирус жұқтырған ерлі-зайыптылар Мысырда демалған

28 Наурыз 2020, 13:29
1932
Бөлісу:
ШҚО-да коронавирус жұқтырған ерлі-зайыптылар Мысырда демалған

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан хабарлады.

Бүгін облысымызда, атап айтқанда, Семей қаласында коронавирус дертінің алғашқы 2 жағдайы тіркелді. 1959 және 1960  жылы дүниеге келген ер адам мен әйел азаматша отбасы мүшелері. Олар 2020 жылдың 21 наурызында Нұр-Сұлтан қаласына  Мысырдың Шарм-Эль-Шейх қаласынан ұшып келген. Олар 2020 жылдың 14-21 наурызы аралығында Мысырда демалыста болған. Семей қаласына өз көліктерімен жеткен, - деді Ілияс Мұхамеджан.

Олармен бірге тағы бес адам, яғни отбасы мүшелері болған. 2020 жылғы 28 наурызда жүргізілген COVID-19 талдауы төрт адамда теріс нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, олармен байланыста болған тағы екі адамның да талдаулары қазіргі уақытта жүргізіліп жатыр.  26 наурыз күні олардың барлығы провизорлық стационарға оқшауланған.

Өкінішке қарай ерлі-зайыптылардың талдаулары вирусқа оң нәтиже көрсеткен. 1959 жылы дүниеге келген ер адамнан екіжақты ошақтық пневмония анықталса, онымен қатынаста болған 1960 жылғы әйел азаматшадан солжақтық төменгі бронхиальды пневмония дерті диагнозы қойылған. Барлығы дәрігерлердің бақылауына қойылып, қажетті ем шаралар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар олардың тұрғылықты жерлерінде қосымша санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жүргізілді. Құрметті Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жағдай барлық жауапты қызметтердің бақылауында, - деп қосты басқарма басшысы.

Баспасөз мәслихаты барысында қосымша мәлімдеме жасаған ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілі аталған азаматтардың 14-21 наурыз аралығында Мысыр елінің Шарм-Эль-Шейх қаласында демалғандарын атап өтті. Олар 21 наурыз күні сағат 19.24-те Нұр-Сұлтан қаласына Шарм-Эль-Шейх – Нұр-Сұлтан әуе рейсімен ұшып келген.

Семейдегі жағдайға байланысты облыс басшысы да пікір білдірген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі жағдайда, еліміз бойынша вирус жұқтырғандар саны 204, жазылып шыққандар 14, қайтыс болған 1 адам тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы