Коронавирус & иммунитет. Қайсысы жеңеді?

22 Қазан 2020, 13:52
1915
Бөлісу:
Коронавирус & иммунитет. Қайсысы жеңеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір каратин деп жұрттың көбі диваннан тұрмайды. Ермегі – тоңазытқыш. Олар иммунитетті осылай көтеріп жатырмыз деп ойласа, қатты қателеседі. Астың нәрін ағзаға қанмен тарататын – қозғалыс. Онсыз ешбір дәрумен бойға дұрыс сіңбейді. Инфекционист Динагүл Баешева осылай дейді.

Астана медициналық университеті Балалардың инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы сайт оқырмандарына дене шынықтырудың маңызы, әр адамның вируспен күресудегі рөлі және коронавирусты өзге ұқсас аурулардан қалай ажыратуға болатыны жайлы айтып берді.

Бұл – соғыс, ал дәрігер жалғыз дәрменсіз

Соңғы жарты жылда күн тәртібінен түспей келе жатқан коронавирус тақырыбы жайлы естігісі келмейтін де жұрт бар. Алайда бұл «ауруын жасырған өледімен» тең. Біз мойндамасақ та, айналамыз құжынаған вирус пен науқастар. Тау тағысы болып кетпесек, онымен бірге өмір сүруге бейімделуіміз керек. «Үйренген жау атыспаққа жақсы». Ал адамзаттың бұл дұшпанының ашылмаған сыры, шешілмеген бетпердесі бар. Корнавирус беймәлімдігімен қауіпті. Қай тұстан келіп жағаңа жармасатыны белгісіз, қандай тактика қолданатыны түсініксіз.

Бұл – соғыс. Адам тек өз ағзасының әлеуетіне сенуі керек. Дайындық тек билік тарапынан болмауы керек. Бұған әр адам өзінше қамдануы тиіс. Азғасын шынықтырып, жаман әдеттерден арылып, зиянды заттарды рационынан алып тастап. Ертең дәрігерге, билікке кінә арта салу оңай. Бірақ дәрігер бұл соғыста жалғыз өзі дәрменсіз, - дейді Данагүл Баешева.

Әлем медицинасын аяқтан тік тұрғызған вирус емдеу ісінің алдына жаңа талап қойды. Ол – дәрігердің біліктілігі емес, әмбебаптығы. Қазіргі жағдайда ол – гемотолог та, кардиолог та, пульманолог та, ангиолог және инфекционист та болуы керек.

Бір салаға маманданған толыққанды дәрігерді даярлау үшін 10 жыл уақыт қажет болса, бір тұлғаны осы біліммен жан-жақты қаруландыру үшін қанша уақыт қажет? Ол уақыт дәл қазір жоқ та. Дәрігерлер майданда жүріп тәжірибе жинауға мәжбүр.

Коронавирус жай ғана өкпенің ісінуі емес. Оның қанды қоюландырып, тамырларға әсер ететіні анықталды. Ал қан деген барлық ағзаны қоректендіруші. Ол шаш пен тырнаққа дейін әсер етеді. Сондықтан бұл аурудың мына бір жері ғана қауіпті деу артық. Оның әлі анықталмаған қаншама салдары бар. Бұл дертті бір ғана дәрігердің көмегімен жеңу үшін оның өзін жылдар бойы жан-жақты даярлау қажет. Ал инфекция енді ғана белгілі болды. Сондықтан тұрғындар да дәрігерлерге көмектесулері керек, бәрін медицинаға артып қоюға болмайды, - дейді ол.
Инфекционистің айтуынша, халықтың қолдауы деген қарапайым санитарлық талаптардан басталады.
Айта-айта жауыр болған той тақырыбы тағы бар. Ол туралы сөз қозғасам-ақ жүрегім ауырады. Адамдардың осыншама салғырттығы ашуыңды да келтіреді. Жаздағы жағдайдан сабақ алмаппыз. Өте өкінішті. Бір адам қаншама адамның өмірі мен денсаулығына жауапты екенін түсінетін күн туа ма екен. Егер дәрігер жетіспесе, бізді тау болып үйілген дәрі де, вагон-вагон оттегі концентраты да сақтап қала алмайды. Ал бір дәрігер 10 адамның өмірін арашалап қалар, ал бір дәрігерге 60-70 адамнан келсе, ол біліксіздігінен емес, күші мен уақытының жетіспеуінен бәрін аяққа тұрғызуға қауқарсыз болады. Алайда біз оны түсініп жатқан жоқпыз. Өзімізге өзіміз ор қазып жатқандаймыз, - деп налиды ол.

Имбирьді тонналап жесең де иммунитет көтерілмейді

Иммунитет те, көзге көрінбейтін вирус та – энергия. Екеуі айқасқанда қайсысы мықты – сол жеңеді. Инфекционистің пікірінше, иммуниетті мықты энергияға айналдыру үшін қозғалыс керек. Жай қозғалыс емес – дене шынықтыру. Тек шыныққан адам азғасын оттегіге бай қанмен, онымен қоса мықты энергиямен қуаттандыра алады.

Қазір каратин деп жұрттың көбі диваннан тұрмайды. Ермегі – тоңазытқыш. Тек ішіп-жеу иммунитетті көтермейді. Иммунитет деген ол адамның жұмысы. Адамға денсаулық Алладан тегін берілген. Оны сақтап қалу үшін кәдімгідей еңбек ету керек. Иммунитетті көтеру үшін құрамында макро және микро элементтерге бай тағамдарды тұтыну қажет деп айтып жатамыз. Алайда асқазанға түскен сол дәрумендерді азғаның әр тініне жеткізетін – қан. Оттегімен байытылған қан айналымына тек денені шынықтыру арқылы қол жеткіземіз, - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, иммунитет деген сол. Денесін шынықтырмаған адам тонналап имбирь мен қорап-қорап дәрумен жесе де, оның денсаулығы мықты болмайды.

Коронавирусты салқын тиюден қалай ажыратамыз?

Грипп, жедел респираторлық вирустық ауру, коронавирус... Олардың клиникалық белгілері ұқсас болғанымен, сырқаттану мен сауығу процестері әр түрлі өтеді.

Грипп кезінде бірден температура көтеріліп, бас ауырады, көздің іші қызарып, буындар сырқырайды. Мұның барлығы бірден болады. Ал төрт-бес күннен кейін науқастың жағдайы жақсара бастайды, егер бактериалық ауру қосылмаса. Гриппті әдетте балалар ауыр көтереді. Ал коронавирус керісінше жеңіл басталып, күрделене береді. Мысалы, бірінші күні жай тамақ ауырса, екі-үш күннен кейін температура, одан кейін кеуде тұсының ауырсынуы қосылады. Жедел респираторлық вирустық аурудың да клиникалық белгілері осындай. Сондықтан оны бастапқыда ажырату қиын. Мұндайда коронавирусқа шалдығу ықтималдығыңызды сараптау қажет болады. Соңғы кезде кіммен кездестіңіз, қайда бардыңыз, айналаңызда сырқаттанғандар болды ма, осы сауалдарға жауап іздеу қажет. Әрине, бұл науқастың дәрігер көмегіне жүгіну жауапкершілігінен босатпайды. Медициналық көмекке жүгіну дертті асқындырмау үшін ғана емес, оқшауланып, өзгелерді қауіптен сақтау үшін де қажет, - дейді Динагүл Баешева.

Дәрігердің айтуынша, кейбір науқастарда ауру температурасыз өткенімен адам өзін шаршаңқы сезініп, дел-сал күй кешуі мүмкін. Мұндайда оның жата бергісі келеді. Ең қауіптісі – осы.

Микро және макро тромбоз деген болады. Өзге симптом болмағандықтан 3-4 күн бойы жата беру осы микротромбозға әкеледі. Мұндайда оны инфекционист емес, онымен қоса гемотолог та емдеуі керек. Одан әрі жағдай ми, өкпе, жүрек сияқты органдардың оттегімен дұрыс қоректенбеуінен макро тромбозға әкелсе, кардиолог және өзге де мамандар тартылады, - деді ол.

Науқастың жасы емес, қосымша ауруларының бар болуы қауіпті. Ағзаның жалпы жағдайы өте үлкен рөл атқарады.

Кейде 70 жастағы қариядан 40 жастағы адамның денсаулығы төмен болады. Мысалы, 40 жастағы науқастың аяғында тамырлары көрініп, варикоз болса, ол қауіп тобына енеді. Өйткені тромбоздың веноздық және артериялық түрі бар. Аспиринді әдетте артериялық тромбозға бейім адамдар профилактика үшін ішеді. Олар инфаркт алғандар, қан қысымы барлар. Ал веноздық тромбоз кезінде қанды сұйылту үшін антикоагулянттар қажет. Ал енді екі тромбозды уақытылы анықтап, дұрыс диагноз бен ем қолдану, оның ньюанстарын білетін дәрігерлерді табу қиын. Мәселе осында. Айтқанымдай, ол үшін дәрігер инфекционист те, гемотолог та, кардиолог та болу қажет, - дейді ол.

Алайда паникаға берілу, өзіңе-өзің диагноз қойып, үкім шығарудың қажеті жоқ дегенді алға тартады маман. Оның айтуынша, психологиялық күй дерттің асқынуына да, бетінің жылдам бері қарауына қатты әсер етеді. Өйткені ағза – біртұтас жүйе. Ой материалданатын дүние.


Өзгелердің жаңалығы