Коронавирус: көпшілік әлі де бейқам жүр

1 Сәуір 2020, 22:44
1755
Бөлісу:
Коронавирус: көпшілік әлі де бейқам жүр

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Әлемді жайлаған коронавирус індетінің қатері жайлы қанша айтылып жатса да көпшілік әлі де бейқам жүр. Ақмола облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Айнагүл Мусина өңірдегі ахуалды алға тартты.

Оның хабарлауынша, 1 сәуірдегі жағдай бойынша Ақмола облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 19-ға жетті.

Осыдан бірнеше сағат бұрын қауіпті вирус расталған үш пациент ошауландырылды. Аталған үш науқастың осыдан бұрын инфекция жұқтырған Қосшы, Қоянды ауылының тұрғындарымен жақын байланыста болғаны анықталып отыр. Бастапқыда науқастар тері аурулары бөлімшесі базасындағы провизорлық госпитальге жатқызылса, қазіргі күні облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің инфекциялық госпиталіне ауыстырылды. Күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты өңірде шектеу шаралары қолға алынды. 3 сәуірде сағат 19.00-ден бастап қауіпті індет ошағына айналып отырған Целиноград, Целиноград, Аршалы аудандарының аумағына сақтық үшін блок-посттар қойылады. Тек транзитті жүк көліктері мен арнайы автокөліктерге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, Көкшетау қаласының шекарасына да блок-посттар қойылады. Облыс орталығы аумағынан кіріп-шығу шектеледі. Сауда нүктелері, супермаркеттер, гипермаркеттер жұмысы тоқтатылады. Қалада тек азық-түлік дүкендер мен дәріханалар ғана жұмыс істейтін болады, - деді ол.

Департамент жетекшісі өз сөзінде тұрғындарды барынша сақ болуға шақырды.

Қойылған талап – тазалық пен сақтық! Барыңша, шамаң жеткенше үйден шықпау. Санитарлық гигиена талаптарын сақтап, сыртқа шыққанда медициналық бетперде киіп, антисептикалық құралдарды пайдаланып, барыңызша сақ болу. Бүгін облыс орталығындағы балалар ойын алаңдарына рейд жүргіздік. Ата-аналарға кәмелеттік жасқа толмаған балаларды көшеге шығармау туралы ескертілгенімен, орын алып отырған жағдай көп адамдарды әлі де ойландырмай отырған сияқты. Көпшілік әлі де бейқам жүр, - дейді Айнагүл Мусина.

Оның хабарлауынша, Астрахан ауданының инфекциялық бөлімінде коронавирус инфекциясын жұқтыруы мүмкін деген күдікпен Егіндікөл ауданының тұрғыны тексерілуде.

Өңірде пневмония, жедел респираторлы вирустық инфекция белгілері бар науқастар айрықша бақылауға алынған.

Өзгелердің жаңалығы