Коронавирус. ШҚО-да қауіпті вирустың төртінші жағдайы тіркелді

3 Сәуір 2020, 20:58
1650
Бөлісу:
Коронавирус. ШҚО-да қауіпті вирустың төртінші жағдайы тіркелді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскеменде коронавирустық инфекцияның екінші жағдайы тіркелді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, 1938 жылы дүниеге келген ер адамның талдаулары оң нәтиже көрсеткен. Стационарда ем алып жатқан оған пневмония дертінің алгоритмі бойынша талдау жасалып, коронавирустық инфекция диагнозы нақтыланды.

Пациент бірден жұқпалы аурулар бөлімшесіндегі арнайы боксқа ауыстырылып, ем-шаралары белгіленді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы орташа ауыр деңгейде деп бағалануда. Оның бойында қосымша онкогематологиялық дерті бар. Онымен 55 адам қарым-қатынаста болған. Бір бөлімшеде ем алған 12 науқастың талдаулары коронавирус белгілерінің жоқ екендігін көрсеткен. Қалған 43 адамның талдауы қазіргі уақытта анықталу үстінде, - деді басқарма басшысы.

Бұл Өскемен қаласындағы COVID -19 инфекциясының екінші жағдайы. Бүгін таңертең қауіпті инфекция Өскемен қаласының тұрғыны болып келетін 1938 жылғы әйел адамнан нақтыланған болатын.

Қазіргі уақытта аталған азаматшамен қарым-қатынаста болған 198 адам анықталып, барлығына тест тексерулері жасалды. Науқаспен бір палатада жатқан төрт адамның үшеуінің сынамасы теріс нәтиже көрсеткен, төртіншісінікі өңделу үстінде. Науқаспен тікелей қатынаста болған азаматтар карантиндік стационарға жатқызылды, ал болжамды қатынаста болғандар өз үйлерінде оқшауланды. Аурухана карантинге жабылды, - деп қосты Ілияс Тұңғышқанұлы.

Жұқпалы індеттің Шығыс Қазақстан облысының аумағында анықталуына байланысты қазір барлық жерерде эпидемиологиялық-санитарлық шаралар күшейтілген. Ілияс Мұхамеджан ем шаралар жүргізуге қажетті барлық препараттар мен құралдардың, оның ішінде  өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттарының облыста жеткілікті екенін  атап айтты.

Өткен жылы біздің екі пульмонолог маманымыз шетелде білімдерін жетілдіріп келген. Ауруханада он дана  өкпенің жасанды желдеткіш  (ИВЛ) аппараты бар. Барлық сақтандыру шараларын қарастырдық, әр қабатта залалсыздандыруға арналған санитайзерлер орнатылған. Бетперделер мен қолғаптар, медицина қызметкерлерінің қорғаныш киімдері, препараттар жеткілікті. Емдік шаралар халықаралық протоколға сәйкес жүргізіледі, - деді №4 қалалық аурухананың бас дәрігері Сергей Попов.

Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан коронавирус инфекциясы жұққан әйел адамда жай ғана пневмония болғандығы жайлы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты теріске шығарды. Қауесет таңғы уақыттан бастап таратыла бастаған. Кейбір адамдар түрлі пікірлер айтып, медицина қызметкерлерінің халықты жай ғана қорқытып жатқанын жарыса жазды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы 1938 жылы дүниеге келген өскемендік әйел азаматшадағы COVID – 19 диагнозының зертханалық сараптамамен дәлелденгенін нақтылады. Сынаманы білікті мамандар алғандықтан ешқандай қателіктің кетуі мүмкін еместігін, және де пациенттің ұлы мен қызынан алынған талдаулар коронавирус инфекциясының теріс нәтижесін көрсеткендігін атап өтті.
Өзгелердің жаңалығы