Бас жаңалықтар
Коронавирус: Жамбылда инфекция жұқтырған үш науқастың бір-бірімен байланысы жоқ
27 Наурыз 2020, 12:07 334

Коронавирус: Жамбылда инфекция жұқтырған үш науқастың бір-бірімен байланысы жоқ

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағынан бүгінгі жағдай бойынша анықталған коронавирус инфекциясын жұқтырған үш азаматтың бір-бірімен мүлде байланысы жоқ. Алайда, үшеуі де жақын арада Қырғыз Республикасынан келген.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жергілікті әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов мәлімдеді.

Жамбыл өңірінен қауіпті індетті жұқтырған тағы екі науқас тіркелді. Баса мән беріп айтарым, аталған үш оқиғаның бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ. Алғашқы науқас Шу ауданының тұрғыны болса, қалған екеуі де Қордай ауданының тұрғындары. Алғашқысы 29 жаста болса, екіншісі 46 жаста, соңғысы 24 жастағы азамат. Алайда, үшеуі де жақын арада бері қарай Қырғыз елінің шекарасынан өткен, - деді Марат Сейітбекұлы.

Жауапты маманның сөзіне қарағанда коронавирус инфекциясы анықталған үш науқас та қазіргі таңда карантиндік стационарға алынып, қажетті ем-дом шаралары жүргізіліп жатыр. Денсаулықтарына ешқандай шағым жоқ, жағдайлары бірқалыпты.

Ал Жамбыл облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсізідігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков олармен байланыста болған адамдардың барлығы анықталып, оқшауландырылғанын жеткізді.

Өңірдегі инфекцияның таралуына жол бермеу, алдын алу шараларының барлығы тиісті мамандардың жіті бақылауында. Осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз, - деді ол.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...