Коронавирус: Жамбылда қауіпті індетті жұқтырған азамат Қырғыз елінен келген

25 Наурыз 2020, 13:34
1300
Бөлісу:
Коронавирус: Жамбылда қауіпті індетті жұқтырған азамат Қырғыз елінен келген

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы науқас тіркелді. Бұл туралы жергілікті әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасы басшысы Марат Жұманқұлов мәлімдеді.

Жамбыл өңірінде короновирус инфекциясымен ауырған науқас 29 жастағы азамат. Шу ауданында туған ол жүргізуші болып жұмыс істейді. Екі күн бұрын, яғни 23 наурыз күні іргеміздегі Қырғыз Республикасынан жол жүріп келген, - деген Марат Сейітбекұлы оның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің арнайы қаулысына сәйкес, 24 наурыз күні таңертең карантинді стационарға жатқызылғандығын жеткізді. 

Онда науқасқа зертханалық тексерулер жасалып, талдау алынған.

Алғашқы карантиндік стационарға жатқызылған кезде науқастың денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда болды, ешқандай шағым жасаған жоқ. Алайда, зертханалық талдау нәтижелері оның инфекция жұқтырғанын растады. Сондықтан стационарлық емдеуге жіберілді. Қазіргі таңда жағдайы бір қалыпты деуге болады. Барлық қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілу үстінде. Онымен байланыста болған азаматтар түгелге дерлік анықталды. Олардың тұратын жері, мекен-жайлары бойынша оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді облыстың бас дәрігері.

Жамбыл облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсізідігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің сөзінше, бүгін таңғы сағат 07.00-дегі жағдай бойынша өңірде 1 A санатындағы мемлекеттерден келген 4 азамат карантиндік стационарға жатқызылған. Ал 1 Б санатындағы елдерден келген 67 азамат үй карантиніне оқшауланыпты.

Бүгінде Жамбыл облысында өзге аймақтардан келген 68 адам карантиндік стационарда жатыр. Олармен байланыста болған тағы 27 азамат та оқшауландырылды. Барлығы 95 адамның денсаулықтары жіті бақылануда. Қауіпті індетпен ауырған науқастармен қатынаста болған 24 азамат дәрігерлердің назарында. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, - деп атап өтті департамент басшысы.


Өзгелердің жаңалығы