Коронавирустан қайтыс болғандарды 30 минутта жерлеп үлгеру керек – бас санитар

1 Сәуір 2020, 16:21
4600
Бөлісу:
Коронавирустан қайтыс болғандарды 30 минутта жерлеп үлгеру керек – бас санитар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар қалай жерленетінін айтты.

Жаңа қаулы бекіттім. Алгоритмге сәйкес, мәйітті туыстарына беруге болмайды. Онда коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамдарды жерлеу тәртібі де көрсетілді. Осы вирустан көз жұмғандардың ағзасын ашып қарамайды. Жақын туыстарға ғана 3 метр қашықтықта қоштасуға 30 минут уақыт беріледі. Жерлеу рәсіміне бір ғана діни қызметкер қатысады, - деді бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның айтуынша, жерлеу рәсімі санитарлық-эпидемиялық қызмет қызметкерінің бақылауымен және жергілікті атқарушы органның қатысуымен өтеді және эпидемияға қарсы барлық шара қатаң сақталады.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 369-ға жетті. Бұл дерттен 26 адам жазылып шықты, 3 адам қайтыс болды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Қазақстандағы коронавирус бойынша 1 сәуірдің 11:15 уақытындағы эпидемиологиялық жағдайға сәйкес Қарағанды облысында коронавирус індетінен 62 жастағы ер адамның көз жұмғаны белгілі болды. 

Қарағанды облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, марқұмның індет жұқтырғаны қайтыс болғаннан кейін белгілі болған.

Өзгелердің жаңалығы