Бас жаңалықтар
Қостанай, Маңғыстау және Павлодар жеткілікті қаражат бөлмеген - Мамин
03 Қараша 2020, 10:17 558

Қостанай, Маңғыстау және Павлодар жеткілікті қаражат бөлмеген - Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин өрт сөндіру қызметінің жарақтандырылу деңгейін жақсартуға тиісті қаржы бөлмеген өңірлерді атады. 

Премьер-министр Мемлекет басшысының жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің алдына азаматтық қорғау мәселелерін дамыту және жетілдіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша міндеттер қойғанын айта кетті.

Азаматтар мен олардың мүлкін авариялар мен апаттардан қорғауды қамтамасыз ету керек. Статистикаға қарағанда, кейбір өңірлерде өрт саны, адамдардың жарақаттануы мен қаза болуы көбейген. Әсіресе, Шымкент, Алматы қалаларында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында жер үйлерде өрт санының көбейгеніне назарларыңызды аударғым келеді. Өрт негізінен электр жабдықтары мен пеш жүйесін дұрыс пайдаланбау салдарынан шығады. Өңірлердің әкімдері осы мәселені ерекше бақылауға алып, тиісті шаралар қабылдасын,- деді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, материалдық-техникалық жарақтандыру туралы қолданыстағы жол картасын 2018-2020 жылдары іске асыру 404 өрт сөндіру автомобилі мен 19 мың жабдық пен керек-жарақ алуға мүмкіндік берген. 

Мұның өзі өрт сөндіру қызметінің жарақтандырылу деңгейін жоғарылатты. Бұл жұмыс елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау және Қарағанды облыстарында жақсы жолға қойылған. Ал Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарының әкімдіктері осы мақсатқа жеткілікті қаражат бөлмеген. Сондықтан оларға тиімді әрекет ету жүйесін құруға бағытталған шаралар қабылдау қажет, - деді Үкімет басшысы.


Фото: дереккөз
Загрузка...