Қостанай облысында 15 мың адам вакцина салдырды

10 Сәуір 2021, 12:22
1704
Бөлісу:
Қостанай облысында 15 мың адам вакцина салдырды

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирусқа қарсы тұрғындарды жаппай иммундау сәуір айының екінші жартысында басталады. Бұл туралы Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Айтбаев мәлімдеді.

Тобыл-Торғай өңіріне алдағы аптаның соңына қарай жеткізілуі тиіс дозалар Қарағанды фармакологиялық зауытында шығарылған «Спутник V» және QazVac (қазақстандық өнім) вакциналары. 

Қазір облыста вакциналауға күніне 800-ден 1200 адамға дейін шақырылып жатыр. Еккпенің 45 мың 400 дозасы жеткізілгенде бұл көрсеткіш екі-үш есеге артуы мүмкін. 

Сәуір айының басына дейін 20 мың доза алдырғанбыз. Әзірге 15 мыңдай тұрғын егіліп үлгерді. Оның ішінде бірінші компонент салдырғаны 11 мыңнан асады, қалғаны толық иммундаудан өткен, - деді Рүстем Айтбаев. 

Екінші компонент салдырған тұрғындар вакцинация паспортын алу үшін egov.kz порталына өтініш беруге болады. 

Бүгінгі таңда Қостанай аймағында 31 медицина мекемесінде 62 егу кабинетінде вакцинация жұмысы жүріп жатыр.

Басқарма мамандарының айтуынша, қажет болған жағдайда екпе салу орындары 150-ге дейін көбейтіледі. Бірақ кейбір емханаларда вакцина көлемі шектеулі. 

Мәселен, Қостанайдағы №1 емханада әзірге тек дәрігерлер мен мұғалімдерді, құқық қорғау саласының мамандарын иммундау жүргізіліп жатыр. Аталған мекемеде жаппай вакцина салу жұмысы сәуірдің екінші жартысында басталуы мүмкін. Екпе алуға өтініш білдірген басқа санаттағы тұрғындар №2 және №5 емханаларға жіберілуде.

Өзгелердің жаңалығы