Бас жаңалықтар
Қостанай зауытында небары 48 бас жылқы қалған
PHOTO
19 Сәуiр 2021, 21:40 545

Қостанай зауытында небары 48 бас жылқы қалған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұндай мәліметті Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен Қостанай жылқы тұқымын дамыту бойынша жиналыста «Қазақ тұлпары» ЖШС директоры Аппаз Кемелов айтты.

Қостанай жылқы зауытының жағдайы мәз емес. Зауытта бар-жоғы елуге жетер-жетпес қана жылқы қалған. Оның 14-і ғана бие. Биыл аманшылық болса 60 басқа жете ме деп отырмыз. Жылқылардың алды 2003 жылдың құлыны болса, соңы 2017 жылдың құлыны. Демек алдағы уақытта қолда бар жылқымен бұл тұқымды сақтап қаламыз деу қиын. Әрине, жекелеген шаруашылықтарда, жеке адамдардың қолында біраз Қостанай жылқысы бар – дейді Аппаз Кемелов.

Зауыт басшысының сөзін ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бауыржан Қасенов те қуаттай түсті.

Осы мәселемен бір жыл айналыстым. Қостанай жылқысының мәселесі 2007 жылдан келе жатқан сұрақ. 2014 жылы субсидия біткеннен кейін жұмыс тоқтады. 2019 жылдан бері жылқыларға беретін азық-түлік болмады. «Қазақ тұлпарындағы» 48 жылқының тек саны ғана бар, жағдайы жоқ. Зоотехнологиялық қолдау соңғы 5 жылда болған жоқ. Инфраструктура жоқ. 1200 басқа дейін болған, қазір соның бәрі жоқ – дейді ол.

Жиын барысында қазіргі таңда зауытта қалған 48 бас жылқыдан басқа, ел ішінде 200-ге жуық Қостанай жылқысы бары айтылды. Соның барлығын жинақтап, тұқымды сақтап қалу мәселесі талқылады. Бұл тұрғыда атқарылуға тиіс нақты мәселелер талқыға салынды. 

Жиын соңында арнайы хаттама толтырылып, Қостанай жылқысын дамытудың нақты шаралары қолға алынатыны айтылды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жиын барысында тұқым деңгейін көтеру мақсатында тек Қостанай жылқысы ғана қатысқан аламан өткізу мәселесі көтерілген болатын.



Фото: автордан
Загрузка...