Қуандық Қыстықбаев: Бұл - ағаларымыз армандаған театр

27 Қараша 2020, 21:13
4769
Бөлісу:
Қуандық Қыстықбаев: Бұл - ағаларымыз армандаған театр
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі театр және кино актер, Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Қуандық Қыстықбаев театрдың жаңадан ашылған ғимаратына қатысты қуанышымен бөлісті.

Құрметті, театр сүйер көпшілік! Қазақ драма театрының ғимаратының салынуы - айтулы оқиға, асқақ арман, тарихи сәт. Себебі, бұл ғимаратты театрдың негізін қалаған Жақып Омаров, қалыптасу жылдарын жасаған Қадыр Жетпісбаев, мұхиттай шексіз талантын метафораға сидырып, кішкентай сахнадан үлкен өнер жасап, артистерді тұлғалық жолға салған Әзірбайжан Мәмбетовтер арман етті. Бұл ғимарат сәулетімен ғана емес, тарихымен, шығармашылық әлеуетімен де құнды. Күзетшісінен корейфейіне дейін адал қызмет етіп, "Қаллеки" деген ұғымды қалыптастырды. Бұл көптен күткен қуаныш - деді ол.

Қуандық Қыстықбаев: Бұл - ағаларымыз армандаған театр

Ол қасиетті шаңырақтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен салынғанын атап өтті.

Театр - Тәуелсіздіктің құрдасы, Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласымен бірге жасасқан құт мекен. 1991 жылдың қарашасында шымылдығы «Ақан Сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылғалы бері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры тарих қойнауына көркемдік биігімен жол тартқан қаншама қойылымды сахналады. Театр ұжымы классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, репертуарын ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырып келді - дейді актер.

Қуандық Қыстықбаев: Бұл - ағаларымыз армандаған театр

Сонымен қатар ол театр ұжымының алыс-жақын шетелдердегі және Қазақстандық фестивальдерде топ жарып, сан мәрте жүлделі оралғанын айтты.

2011 жылы «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесін алды. Кеше, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа театр ғимаратын ашық деп жариялады. Театрдың үлкен сахнасында М.Әуезовтің "Абай" қойылымының үзіндісін тамашалап, театр артистеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Әрине, қатаң карантиндік шаралар сақталған пандемия кезеңінде бүкіл шығармашылық құрамның бірдей өнер көрсетуі, үлкен қуанышта бас қосуы мүмкін болмады. Десек те, Әлем бойынша өнер ошақтары жабылып жатқанда, Қазақстандағы теңдессіз театр ғимаратын ашу - Мемлекетіміздің өнерге құрметі, қолдауы деп білеміз - дейді Қуандық Қыстықбаев.

Қуандық Қыстықбаев: Бұл - ағаларымыз армандаған театр

Актер ұжым атынан Елбасыға алғыс айтты.

Театрдың кіші сахнасында артистермен қосылып ән шырқап, қуанышты бөліскен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына бүкіл ұжым атынан алғыс айтамыз. Бұл ән - шаттықтың әні, сағыныштың үні, тұлпарлар салған жолдың жалғасы. Ұлы буынын ұлықтап, орта буынын қадірлеп, жас буынын тәрбиелеп, репертуарын байытып, шығармашылықтың иісін аңқытуды мақсат тұтқан, жұмылған жұдырықтай "Қаллеки" театрының ұжымы барша Қазақстандықтардан сүйінші сұрайды. Көрерменің көп болсын Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, ғұмырың ұзақ болсын "Қаллеки" ұжымы!!! - деп жазды актер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Өзгелердің жаңалығы