Күрделі жағдайды бастан кешуде. Сенатор ауыл шаруашылығындағы проблеманың бірін айтты

4 Наурыз 2021, 12:41
1924
Бөлісу:
Күрделі жағдайды бастан кешуде. Сенатор ауыл шаруашылығындағы проблеманың бірін айтты

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің ара және марал шаруашылықтары күрделі жағдайды бастан кешуде. Бүгін сенатор Дүйсенғазы Мусин Премьер-министрдің атына осындай депутаттақ сауал жолдады. 

Депутат бұл салалар шұғыл мемлекеттік қолдауды қажет ететініне назар аударды.

Асыл тұқымды ара ұялары мен олардың өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының болмауы, асыл тұқымды омарталар санының аздығы, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі және ветеринарлық қызмет жұмысындағы кемшіліктер шешімін табуға тиісті мәселелердің қатарында тұр,- деді Мусин.

Сенатордың айтуынша, 2019 жылы 2 932 тонна бал өндіріліп, олардың тек 5%-ы ғана экспортталды. 

Саланы дамытуды жүйелі жоспарлау, кешенді зерттеулер, селекциялық жұмысты жүйелеу, сондай-ақ аудандастырылған және асыл тұқымды омарталар желісін құру жағдайды жақсартуы тиіс. Марал өсіру шаруашылықтарына келетін болсақ, өткен 30 жыл ішінде шаруашылықтардағы жануарлардың саны екі есе қысқарды,- деді ол.

Депутат әзірленіп жатқан Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетуді ұсынды.

Бұл салаларды қамтитын мемлекеттік бағдарламалар және «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде үйлестірілген шаралар, шалғайдағы, әсіресе шекара бойындағы халықтың әл-ауқатын арттыруға серпін берері сөзсіз,- деді Дүйсенғазы Мусин.


Өзгелердің жаңалығы