«Күй-аманат» мәресіне жетті

21 Қазан 2020, 20:10
3058
Бөлісу:
«Күй-аманат» мәресіне жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен 2019 жылы Жиделібайсын күй мектебінің көрнекті өкілі – Оразбек Сәрсенұлының күйлеріне әлеуметтік желі арқылы «Күй-аманат» атты онлайн-күй байқауын жарияланған болатын. Жақында байқау өз мәресіне жетті.

Құймақұлақ әдісін қолданған бұл байқауды ұйымдастыруда көп іздендім. Осы салада еңбек етіп жүрген білікті мамандармен ақылдастым. Бұрын естімеген, халықтың құлағына әлі жете қоймаған жаңа күйлер болған соң, «ешкім қатыспай қоя ма?» деген үрей де болмай қалған жоқ. Өйткені, байқау жариялағаннан кейінгі алғашқы алты ай көлемінде ешкім хабарласпады – дейді байқауды ұйымдастырушы Оразбек Сәрсенұлының қызы Күлайна.

Күй байқауында ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы қазылар алқасының төрағасы болды.

Оңтүстік өңірдің күйшілік өнері – әлі де болса толық зерттеліп, түбегейлі жинақтауды қажет ететін орындаушылық мектеп қой. Күйші-орындаушылар үшін де толық ашыла қоймаған тың арна. Сан ғасырлардан бері қалыптасқан күйшілік мектепті игерудің өзі үлкен ізденісті, қажырлы еңбекті талап ететіні анық. Сонымен қатар, орындаушылық мектептің қыр-сырын, шеберлік құпиясын меңгеруге де біршама уақыттың керек екені белгілі жағдай. Оның үстіне, бұл – әлеуметтік желі арқылы ұйымдастырылып отырған тұңғыш байқау. Күй өнерін насихаттау бағытындағы жаңа жоба. Осындай жағдайларды ескере отырып «Күй аманат» байқауының мерзімін 15 наурызға дейін ұзартып, қатысушыларға толық мүмкіндік бердік – дейді ол.

Еліміздің өнерге қатысты алдыңғы қатарлы оқу орындарынан күйшілер хабарласа бастады. Жай күйшілер емес, бірінен бірі оза шауып тұрған он күйші еді. Қатысушылар бәйгеге қосқан жеті күйден бес күйді тартып, жіберіп жатты. Ал жетінші күйді, яғни Оразбектің ағасы – Жүсіптің «Жүсіп» күйін тартқан ешкім болмады.

Байқаудың қорытындысын 2020 жылдың 18 наурызында Ықылас атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайында өткіземіз деп жоспарлағанбыз. 7 наурыз күні фейсбук әлеуметтік желісінде «Екінші күй ретінде «Жүсіп» күйін тартқан күйшінің бас жүлде алу мүмкіндігі бар!» деген жазба жарияладым. Сол сол екен, төрт күн өткенде жетісайлық Құрманғазы Әбдіхалықов аталған күйді тартып, жазбасын жіберіпті – дейді Күлайна.

Ол әкесінің «Сырласу» күйі де тартылмағанын айтады.

Байқау аяқталуға үш күн қалғанда күйші Нұрлан Түменбаевпен байқау туралы сөйлескенбіз. Нұрлан отбасымен сапарлап, Таразда жүргенін айтқан. Сөз арасында: «Көкемнің жеті күйінен «Сырласу» күйі тартылмады», – деген болатынмын. Көп күттірмей, үш күннің ішінде, өзі жол жүріп жүрсе де, «Сырласу» күйін нақышына келтіріп орындап, салып жіберіпті. Күй әлеміндегі рекорд деген осы болар! – дейді ол.

«Күй-аманат» байқауының ерекшелігі – Оразбектің күйлерін құлақпен алу, яғни, есту арқылы орындау. Байқауға еліміздің өнерге оқытатын білім ордаларының үздіктері қатысып, бақ сынағаны қуантты.

Байқауға күй саңлақтары қазылық етті:

1. Мұрат Әбуғазы – қазылар алқасының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, күйші.

2. Саян Ақмолда – ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші.

3. Мәди Көшікбаев – Қарасай аудандық сотының төрағасы, Жиделібайсын өнер мектебінің өкілі, күйші Жүсіп Сәрсенұлының ұрпағы.

Байқау нәтижесі әу баста жоспарланған 18 наурыздан аттай алты ай өткенде, 3 қазан күні шығарылды. Бүкіл әлемді әбігерге түсіріп, қаншама адамның жанын қиған пандемияның кесірінен көптеген іс-шаралардың кейінге ысырылғаны мәлім. Біздің байқауымыздың нәтижесі де соның салдарынан біраз уақыт кешікті. Соған қарамастан бірде-бір қатысушының: «Қорытынды қашан шығады?», «Жеңімпаздар қашан белгілі болады?» деп ұйымдастырушыларға қайта-қайта хабарласып, мазаламағаны сүйсінтті. Демек, олар жүлде үшін, марапат үшін емес, күй өнеріндегі бір белес саналатын өнер байқауында бақ сынап көру үшін қатысты деген сөз – дейді ұйымдастырушы.

Қорытынды кеш «Домбыра» ұлттық арнасының студиясында өтіп, арнайы хабар дайындалды.

Кешке, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Жанғали Жүзбай, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижері Жанас Бекентұров, Атырау облыстық филармониясының дирижері, күйші, профессор Орақ Жауыров, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, күйші-композитор Төлепберген Тоғжанов, Заман Төлеуов, Ақберен Елгезек, Дәурен Қуат, Марат Жанғазы, Рүстем Қайратұлы қатарлы өнер мен әдебиет өкілдері қатысты.

Жүлдегерлер қатарында:

Нұрлан Түменбаев – бас жүлде (200 000 теңге)

Лунара Мәуетбек – бірінші орын (120 000 теңге)

Нұрханым Саятқызы – екінші орын (80 000 теңге)

Ермек Қазмұхамбетов – екінші орын (80 000 теңге)

Әнел Бекенқызы – үшінші орын (50 000 теңге)

Шыңғыс Иса – үшінші орын (50 000 теңге)

Тимур Үмбетжан – үшінші орын (50 000 теңге)

Құрманғазы Әбдіхалықов – ынталандыру жүлдесі (30 000 теңге)

Асанәлі Оспанғали – көрермен көзайымы

Нұрболат Қылышбаев – арнайы дипломмен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы